El іshі
Ауданда «Pfizer» вакцинасын егу басталды
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ұсынған «Pfizer» вакцинасының ерекшелігі – оның құрамында вирус болмайды. Бүгінде барлық емханаларда дайындық жұмыстары пысықталған. Ол ата-аналардың келісімімен 12-18 жастағы жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанғанына 42 күн болған емізулі әйелдерге салынады.
Осы ретте, өткен жұма күні аудандық орталық ауруханада 12-18 жас аралығындағы балалар және жүкті әйелдер мен емізулі әйелдерге арналған «Pfizer» вакцинасын егу басталды.
Аудандық орталық аурухананың жауапты мамандарының мәліметінше, ауданға «Pfizer» вакцинасының 30 дозасы әкелінген. Бұл күні 11 оқушы мен бір емізулі анаға екпе салынды. Оқушылар аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназия, №14 Б.Майлин, №6 А.Пушкин және №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептерден келген. Сондай-ақ оқушылардың басым көпшілігі мектеп медбикелерінің, аудандық орталық аурухананың дәрігерлерінің балалары.
Екпе салдырудан бұрын оқушылар толық тексерістен өтті. Одан әрі профилактикалық екпе жүргізуге қарсы емес деген анкета толтырылды. Екпе егілген оқушылар жарты сағат бойы дәрігердің бақылауында болды. Одан кейін медбикелердің тарапынан екпеден кейінгі күтіну шаралары түсіндірілді.
Алғашқылардың бірі болып аудандағы №1 мектеп-гимназияның 8 «б» сынып оқушысы Ажар Мұқан екпе алуды бастады. Оның анасы осы аурухананың профилактика бөлімінің аға емшібикесі Жанар Әлімбекова. Жанар Саттыбайқызының айтуынша, баланың денсаулығын ойлайтын болсақ, вакцинаны міндетті түрде салдырған дұрыс.
– Біз пандемияны түбегейлі жойғымыз келсе, коронавирусқа қарсы екпе ектіру жұмыстарына атүсті қарамауымыз керек. Қазіргі таңда «Pfizer» вакцинасы балалар мен жүкті әйелдерге салынуда. Осы орайда бүгін мен қызым Ажарға вакцинаны еш үрейленбестен салғызу керектігін жан-жақты түсіндіріп, ауруханаға алып келдім. Алдымен толық тексерістен өттік. Денсаулығынан ешқандай кінәрат байқалған жоқ. Сондықтан босқа үрейленудің қажеті жоқ. Басқа да ата-аналарға айтарым, балаларыңыздың болашағын ойласаңыздар, екпені міндетті түрде қабылдауларыңыз керек, – дейді Жанар Саттыбайқызы.
Одан бөлек, емізулі әйел, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің басшысы Эльмира Каипбаева да вакцинаны еш үрейленбестен және алып-қашпа әңгімелерге ермей, бірауыздан келісім беріп, салдырған жөн екенін айтты.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік, ағайын!
Мақпал Сүйінбай,
«Жаңа өмір»