Basty betEl іshі

МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ…

«Қыз өссе, елдің көркі» деп дана халқымыз қыз баланың нәзіктігін, сүйкімділігін, салтқа беріктігін сұлулықтың белгісі деп білген. Қазақ халқы қыз баланы ардақтап, мәпелеп өсiрген, көңiлiн қалдырмаған, оған қарсы сөйлемеген. Ойшыл ақын Абай Құнанбаевтың «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан қапы қалма» деген сөзі қыздың тәрбиесі, оның ата-анасына, ортасына да көп байланысты екенін білдіріп тұрғандай. Ауданымызда инабатты да ибалы және заман ағымына қарай бәсекеге қабілетті бойжеткендерге арналған «Инабат» қыздар клубы жұмыс жасайды.
Жақында «Достық» мәдениет үйінде «Жастар ресурстық орталығы» мен аудан әкімдігі білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Инабатты ару-2019» аудандық байқауы өтті. Шараға аудан мектептерінен байқау талаптарына сай 14 үміткер қатысып, бақ сынасты.
Байқаудың мақсаты – «Қазақстан-2020: болашаққа жол» ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру, ұлттық құндылықтарымызды жастар арасында кеңінен насихаттау. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қыз балалардың салт-дәстүр, әдеп-ғұрып тәрбиесіне арналған «Инабат» қыздар клубының жұмысын жандандыру.
Әсемдік пен инабаттылық сайысын «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Мейіржан Телеуішов ашып берді.
– Жастар саясатын іске асыру барысында ауданымызда түрлі іс-шаралар, байқаулар өткізіліп жатыр. Өңір жастарының уақытын тиімді өткізуге, өздерінің бойында шеберліктерін, өнерлерін көрсетуге көп күш салудамыз. Соның бірі – «Инабатты ару-2019» байқауы. Бұл шара жыл сайын дәстүрлі өткізіліп келеді. Ендеше, бүгінгі байқау қатысушыларына сәттілік тілеймін! – деді ол.
Әр үйдің үкілеген үміті, көзінің ағы мен қарасындай болған ару қыздарды жеңгелері «Қыз сыны» әнімен ортаға алып шықты. Кең етек көйлек, ақ сәукеле, қос бұрымына тағылған шашбауы мен әшекейлері қаракөз сұлуларға жарасып-ақ тұрғандай.
«Инабатты ару» байқауы үш бөлімнен тұрды. «Сымбатты жанның айнасы» деп аталатын І бөлімде үміткерлер өзінің білім, өнер жолындағы жетістіктерін бейнеролик арқылы көрсетті. Көрсетілім соңынан жеңгелері өлең шумақтарын оқып, арулар өздерін таныстырды. Таныстыру барысында үміткер мен жеңгесі өздерінің ұлттық бейнесін, сахналық сән-сымбатын, қазақ қызы мен келінге тән әдебін көрсетті. Бұл айналымда Жаңаталап ОМ-ның оқушысы Арайлым Қахар, С.Сейфуллин атындағы ОМ оқушысы Меруерт Қари, Ақтөбе ОМ оқушысы Әмина Шырымхан ерекше көзге түсті. Ал, «Анадан тәлім алған қыз» атты екінші бөлімде арулар ас мәзірі мен қолөнер шеберліктерін бейнеролик арқылы көрсетіп, салт-дәстүр, ұлттық таным тұрғысындағы сұрақтарға жауап берді. Арулардың ішінде қазақтың ұмыт болып бара жатқан тағамдары «Қарын бұрма», «Үлпершек», «Ерін» тағамдарының жасалуын атап көрсеткендер де болды. Сонымен қатар, қыздар мен жеңгелері қазақтың ұлттық тағамдарын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы білетіндері қойылған сұраққа мүдірмей жауап беруінен көрініп тұрды. «Өнерлінің қолы алтын» демекші, бойжеткендер қолөнерден кенде емес екен. Бірінен-бірі оза шауып, өздері жасаған бесік, жастық, жаңартылған үлгідегі камзол, сәукеле, тоқыма тағы да басқа бұйымдарын ортаға алып шығып, көрсетті. Бұл бөлімде жанында жеңгесі болмағанына қарамастан парасаттылығымен №29 ОМ-ның оқушысы Айман Нұранқызы ерекшеленді. Сұлулықтың белгісі саналатын қыздар арасындағы байқау «Қыз өссе, елдің көркі» атты бөлімде жалғасын тапты. Үміткерлер қазақтың сахналық ұлттық өнерін, ән, би, көркемсөз шығармаларын орындау бойынша өнерлерін көрсетті. «Өнерлі өрге жүзер» деген. Арулардың ішінде Мыңбұлақ ОМ-ның оқушысы Мадина Серікбай, №1 МГ-ның оқушысы Мадина Қожантай және №1 С.Сейфуллин атындағы ОМ-ның оқушысы Меруерт Қаридің әртістік шеберлігі, монолог, трагедия оқуда адамның жанын тебіренткені сезіліп тұрды. Сонымен қатар, ұлттық биді Жаңаталап ОМ-ның оқушысы Арайлым Қаһар, Ақтөбе ОМ-ның оқушысы Әмина Шырымхан мың бұрала биледі.
Байқау барысында «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев сөз алып, арулардың бойынан ұлттық киімді кигенін, қос бұрымын, иба-әдебін көргеніне қуанышты екенін айта келе, оларға алғыс білдірді. Сондай-ақ, ол алдағы уақыттарда да дәл осы қазақ қызына тән қасиетті жоғалып кетпеуіне, салт-дәстүрімізді жаңғыртуда еңбек ететінін де қоса жеткізді.
Байқау өз мәресіне жетіп, қорытындысын қазылар алқасы қатысушыларға мәлім етті. Нәтижесінде, Жаңаталап ОМ-ның оқушысы Арайлым Қахар «Инабатты ару-2019» байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, облыстық байқауға жолдама алды. Ал, І орын С.Сейфуллин атындағы ОМ-ның оқушысы Меруерт Қариге, ІІ орынның жүлделерін Абай атындағы ОМ-ның аруы Аяжан Мұстафа мен №29 ОМ-ның оқушысы Айман Нұранқызы және Мыңбұлақ ОМ-ның оқушысы Мадина Серікбай өзара бөлісті. Байқаудың үздік үштігін Ақтөбе ОМ-ның оқушысы Әмина Шырымхан мен Қ.Қошмамбетов атындағы ОМ-ның оқушысы Әсел Қуантай және Т.Әкімов атындағы ОМ-ның оқушысы Жадыра Бекболат түйіндеді. Сонымен қатар, №1 МГ-ның оқушысы Мадина Қожантай «Көрермен көз айымы», Күреңбел ОМ-ның оқушысы Жанерке Шырынбек «Өнерлі ару», Көктөбе ОМ-ның оқушысы Сания Ысқақ «Бұрымды ару» номинацияларын иеленді. Үміткерлерді «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Мейіржан Телеуішов арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Айгүл Қалымханқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close