Basty bet

50 отбасы Солтүстікке қоныс аударған

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап еліміздің жұмыс күші аз солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан халықты өз еркімен қоныстандырып, оларға қажетті жағдай жасау жұмыстары басталған болатын. Бүгінгі таңда қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері, бос тұрған ғимараттар ұсынылды.

Бұл үрдіс біздің ауданда қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы біз аудандық жұмыспен қамту орталығынан мәліметтер алғанбыз.
Орталықтың соңғы мәліметтеріне сүйенсек, жоба басталғалы біздің ауданнан 50 отбасы Солтүстік аймақтараға қоныс аударған.
Қоныс аударған отбасылардың бір қатарымен ұялы телефон арқылы хабарласып, олардың қазіргі жағдайы туралы сұрап, әңгімеге тартқан едік.
Сәуле Төлегенова Түктібай ауылынан Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданы Ковыльное ауылына қоныс аударған жан.
-Бұл бағдарламамен алғаш рет теледидар арқылы хабардар болдым. Кейін аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, сөйлесіп, олардың кеңестерін алдым. Үйге келіп отбасыммен ақылдаса келе біз қазір тұрып жатқан жерге қоныс аударуға бел шештік. Өзім негізі Түктібай ауылының қызымын. Ал жолдасым Тараз қаласының жігіті. Алғаш күйеуге шыққанда Тараз қаласында тұрдық. Уақыт өте Түктібай ауылына көшіп келдік. Өйткені Тараз қаласында екеуіміз де жұмыссыз болдық. Ал ауылды жерде екі қолға бір күрек табылады ғой. Жуалыдағы өзімнің ағаларым, әпкелерім де барып көріңдер, ол да қазақтың бір жері ғой алыс емес, деп өздерінің ақыл-кеңестерін берді.
Сөйтіп біз шілде айында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қоныс аудардық. Ол жақта бізді үймен, жұмыспен қамтыды. Тұрғындары да бізді жылы қарсы алды.
Алғаш барғанда әр отбасының әр мүшесіне 204 мың теңгеден көтерме ақша берілді.
Жолдасым да, өзім де Ковылное ауылдындағы «Ақселеу» ЖШС-на жұмысқа орналастық. Жалақымыз өзімізге жетеді. Ал балаларымның үлкені аудан орталығындағы «Новошини» қазақ орта мектебінің 11 сыныбын оқиды. Басқа балаларым біз тұрып жатқын ауылдағы «Ковылное» орыс мектебінде оқиды.
Отбасымызға берген қаражатқа екі бас сиыр, тауық, қаз-үйрек алдым. Сиырдың сүтін күнде өткіземін.
Берген баспананың ішіне барлық жағдай жасалған. Үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. «Ақселеу» ЖШС-ның басшысы өзінің қарамағында жұмыс жасайтын жұмысшыларына барлық жағдайды жасап отыр. Бұл жаққа қоныс аударғаныма еш өкінбеймін. Іздеген адамға жұмыс жеткілікті. Бұл жақтың тұрғындарының 40 проценті қазақ болса, қалғанын орыс ұлты.
Бұл жақта Жамбыл облысының басқа аудандарынан қоныс аударған отбасылар бар,-дейді Сәуле Төлегенова.
Мырзалы Рақымбаев Петропавл қаласына қоныс аударған жан.
-Өзім осы Петропавлдағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқыдым. Биыл қолыма дипломымды алып, өзімнің туған жерім Бәйтерек ауылына қайттым. Бірақ олар егер осы жақта жұмыс жасағың келсе, біз сені жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етеміз деді. Мен үйге келіп ата-анаммен ақылдасып, сол жаққа қоныс аударуға бел будым. Осы жақта оқығандықтан мен бұл жақты жақсы білемін. Бұл жақтың адамдарына да, ауа райына да үйреніп қалғанмын.
Шілде айының соңында мен қазір тұрып жатқан қалаға қоныс аудардым. Бұл жақта бізді көтерме ақшамен және пәтермен қамтамасыз етті. Олар пәтер ақыма деп ай сайын 58 мың теңге төлеп отырады.
Электротехникалық зауытқа жұмысқа орналастым. Жалақым да жақсы. Бұл жерде қазақтың бір қаласы ғой. Бірақ бұл жақтың тұрғындары орыстанып кеткен. Өйткені қазақ тілінен гөрі орыс тілінде жақсы сөйлейді,- дейді Мырзалы Рақымбек.
Біз жұмыс көзі аз аймақтарға қоныстанған тағы да бір-екі отбасымен тілдескен едік. Бір отбасы «Қазіргі таңда бізде бұл жақ берген баспанамен біраз қиындықтар болып тұр. Яғни, берген баспанаға жөндеу жұмыстары керек. Қыс түспей осы мәселені шешіп алсақ дұрыс болар еді»,- дейді. Алайда бұл отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған.
Біз өз тарапымыздан аудандық жұмыспен қамту орталығына хабарласып бұл мәселені айттық. Олар бар мәселені тыңдап, ол жаққа бұл жағдай бойынша хат жолдайтындарын айтты.

Таңдаулы материалдар

Close