Basty bet

Отбасының ғана емес, әулеттің ұйытқысы

нұрлыкенттік орыс келін Анна Владимирқызы қазақы дәстүрді жетік біледі

«Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, қазақ халқының бірлігі мен ынтымағы, ауызбіршілігі көпке өнеге етерлік. Солақай саясаттың кесірінен атажұртын тастап, қазақ жеріне келген өзге ұлт өкілдерін халқымыз жатсынбай, бауырына басып, бір нанды бөлісіп жеп, кеңпейілділіктің жарқын үлгісін көрсете білді. Сол заманнан бері қазақ жерін мекендеген түрі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір ұлттар бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Өзге ұлт өкілдерінің ішінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен жете танысып, көңілдері жарасып, шаңырақ көтергендер кездесіп жатады. Нұрлыкент ауылындағы Анна Ертаева қазақ отбасына келін болып түсіп, бүгінде бір әулеттің ұйытқысына айналып отырған жанның бірі.
Анна Владимирқызы 1974 жылы Жамбыл қаласында дүниеге келіп, бұрынғы Фрунзе атындағы орта мектепті бітірген. Кішкентайынан тігіншілікке жаны құмар Анна Тараздағы тігін училищесіне оқуға түседі. Училищеде оқып жүріп, достары арқылы қазақ жігіті Нұрмұхамед Бегімшеұлымен танысып, көңілдері жарасып, шаңырақ көтереді.
Үлкен қазақ отбасына келін болып түскен орыс қызы алғашында біраз қиналады. Оның үстіне Анна қара шаңырақта қалып, ата-енесіне қызмет етеді.
– Әкем мен анам қарапайым шаруа кісілер болған. Жолдасым екеуміз бір-бірімізді ұнатып, отау құрдық. Ата-енем өте жақсы кісілер болатын. Менің жолдасым анасымен алғаш таныстырғанда ол кісіні өзіме жақын қабылдадым. Ертаевтар әулетіне алғаш келін болып түскенде енем мені бауырына басып, білмейтін салт-дәстүрлерді, тағамдарды қалай дайындау, үлкен кісілерді қалай сыйлап-құрметтеу, қалай қонақ күту керектігін үйретті. Менің жолдасым үйде ұлдың үлкені. Жолдасымнан кейін де балалар, келіндер бар. Ата-енем мені орыс ұлтының өкілі деп ешқашан бөлген емес. Қыздар мен басқа келіндерін қалай жақсы көрсе, мені де солай жақсы көрді. Мен өзімді бақытты санаймын. Отабасымызда Гузаль, Меруерт, Сұлтан, Нұрлан есімді балаларымыз бар, – дейді Анна Владимирқызы.
Орыс қызы енесінен сиыр саууды, ірімшік жасауды, қаймақ тартуды үйренгенін айтады. Енесі Гүлзахира апа 80 жасқа дейін намаз оқыған, өте керемет жан болған екен. Сол кісіге қарап, орыс қызы да Ислам дініне жақындап, бір жыл ішінде мұсылмандықты қабылдаған. Жыл сайын қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп, ораза ұстайды.
– Балаларым өскен соң, өзім жақсы көретін кәсіппен айналыса бастадым. Тұрғындардан тапсырыс қабылдап, кешкі көйлектер, балалар кешіне киімдер тігемін. Жолдасым мені қолдап, шаруама барынша көмектеседі. Ол өте керемет адам, көңілді, адамдармен тез тіл табысады. Аллаға осындай адамды кездестіргеніме мың рақмет, осындай отбасына келін болып отырғаныма қуаныштымын, – дейді ол.
Жақсы әйел – қашанда өз ерінің ар-намысы. Отбасының ұйытқысы, ұрпақ жалғастырушысы. Осы тұрғыдан алып қарағанда, орыс қызы Анна отағасы Нұрмұхамедке сенімді серік болып, шаңырағының ұйытқысы, берекесі болып отырған жайы бар. Отағасы Нұрмұхамед Бегімшеұлы шаруашылықпен айналысып, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып, әулетінің берекесі мен дәулетін тасытып келеді. Ауыл-аймаққа сыйлы, үлгілі отбасы деп осындай отбасыларды айтуға болады.

Таңдаулы материалдар

Close