Basty bet

Елдің шетінде, желдің өтінде…

санитарлық бақылау бекетіндегі қызметкерлердің еңбегі ерен

Жұқпалы індеттің алдын алу жалпы қоғамның да, жеке адамның да тікелей міндеті екені анық. Елімізде жарияланған төтенше жағдай мен аймақтардағы карантиннің енгізілуі, қауіпсіздік шарасының күшеюі коронавирус зардабының өте ауыр екенін айғақтайды.

Қазір адамзаттың күні оқшаулану мен медицина қызметкерлеріне қарап тұрғаны рас. Ақиқатында инфекция тараған нүктелерде қаймықпай жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге деген құрмет пен сый шексіз болуы тиіс.
Індеттің жаппай таралуына жол бермеу үшін аудан аумағында арнайы екі блок-пост құрылған болатын. Оның бірі – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орналасқан «Шақпақ» санитарлық бекеті. Бекет жұмысына жауапты аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебековтың мәліметінше, Жамбыл облысының Түркістан облысымен шектесер шекарасында орналасқан Шақпақата ауылының тұсында қойылған бекеттегі шектеу жұмыстарына аудандық орталық аурухананың 6 қызметкері, аудандық полиция бөлімінің және облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жұмылдырылған. Мұнда олар жолаушылардың денсаулығын тексеріп, жағдайды қадағалауда. Блок-посттағы қызметкерлер барлық қажетті медикаментпен және медициналық мақсаттағы заттармен қамтамасыз етілген.
Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Н.Ергебековтың айтуынша, блок-бекет арқылы осы уақытқа дейін 22 мың 150 адамға сауалнама толтырылып, тексерулер жүргізілген. Жалпы қатаң шектеу шаралары қойылғалы бері бақылау бекетінен өтетіндердің саны біршама азайған. Посттағы жұмыс барысында ауа райының қолайсыздығы, санитарлық бақылау жұмыстарын жолаушылардың дұрыс түсінбеуі сияқты әртүрлі жағдайлар кездеседі. Қызметкерлердің арнайы киімдері аурухана тарапынан, ас-суын жеткізіп беру кестеге сәйкес жергілікті атқарушы органның тарапынан ұйымдастырылып отырады екен.
Бақылау бекеттерінде жауапкершілік жүгі артылған ақ халатты абзал жандар уақытпен санаспай қызмет етіп келеді. Мұндай қызметкерлердің қатарында антына адал ақ желеңді жанның бірі, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Абзал Байтөреев те бар.
Ақсай ауылдық округінің Диқан ауылында дүние есігін ашқан Абзал Дәулетбайұлы Шымкент қаласындағы Шымкент мемлекеттік медициналық академиясын бітірген соң, аудандық орталық аурухананың терапия бөлімінде терапевт-ординатор дәрігері ретінде еңбек жолын бастайды. Одан кейін ол 2011 жылы Шымкент қаласында жұқпалы аурулар бөлімінде төрт айлық қайта даярлау курсынан өтіп, аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне меңгеруші болып ауысады. Одан кейінгі жылдары аймақтық учаскелік терапевт дәрігер, қабылдау бөлімінің меңгерушісі, УЗИ дәрігері, жұқпалы аурулар тіркеу кабинетінің инфекционист дәрігері болып қызметтер атқарған. Ол өзінің жан-жақтылығының, ізденімпаздығының арқасында Алматы қаласыннан қашықтықтан оқу курсынан өтіп, менеджер-экономист мамандығын да бітіреді. Бұл мамандықты игерген соң 2018 жылдан бастап бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары ретінде жауапты қызметке тағайындалды. Ал, қазіргі таңда «Шақпақ» санитарлық бақылау бекетінде жауапты маман, дәрігер ретінде қызмет атқаруда.
-Санитарлық бақылау бекеті толық кезекшілікпен қамтылған. Кезекшілік екі ауысымда жүргізіліп, 12 сағат сайын қызметкерлер ауысып отырады. Кезекшілікке түскен медицина қызметкерлері ертеңіне демалуға құқылы. Себебі, олар тек бекетте ғана жұмыс істемейді, сонымен қатар, ауруханада атқаратын қызметтері де бар. Бекетте санитарлық талаптар қатаң сақталып, сақтану шаралары да жүргізіледі.
Осындай қиын сәттерде бақылау бекеттерінде жұмыс жасау үшін медициналық қызметкерлерге мемлекет тарпынан үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Себебі, бұл халықаралық мәндегі автожол болғандықтан шет елдерден тауар тасымалдаушы көліктер мен жолаушылар көп өтеді. Олардың барлығымен ортақ тіл табысып, дұрыс ақпарат алуымыз қажет. Алынған ақпараттар арнайы бланкіге толтырып, жүргізушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарының жеке мәліметі де алынып, оларды шектеулерге бей-жай қарамауына және сақтық шараларын ұстануына шақырамыз. Себебі, елімізде індет жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып келеді. Тұрғындардың өміріне қауіп төнбеу мақсатында әр адам оқшауланып, қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс.
Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласының қызметкерлері уақытпен санаспай, ауа райының қолайсыздығына қарамай, өз бастарын қатерге тігіп, еңбек етуде. Ондай әріптестеріме басымды иемін. Әріптестерімнің еңбегін Гиппократ антына адал болуы мен адам өміріне арашашы болуының көрінісі деп білемін.
Бақылау бекеттерінде жұмыс істеу оңай емес. Біздің Жуалының ауа райының құбылмалы әрі қатал екенін бәріміз білеміз. Блок-пост желдің өтінде орналасқан. Өткен аптадағы тосыннан жауған қар мен көктемнің қара суығына қарамастан медицина қызметкерлері жұмыс орнынан табылды. Ал, одан кейінгі нөсерлеп жауған жаңбырда да еш мойымай адамдардың қауіпсіздігі үшін аянбай жұмыс жасауда. Бұл сапта тек ер азаматтар ғана емес, әйелдер қауымы да бар. Атап айтқанда, Бану Абдикова, Алма Жұмамұратова, Ақерке Мұса, Ләззат Рахман сынды тағы да басқа қызметкерлер кезекшілікте тұрып, еңбек етуде. Оларға бұл жағдай оңайға түспейді. Отбасы, кішкентай балалары да бар. Бірақ, олар бірінші кезекке тұрғындардың амандығы мен денсаулығын қойып отыр, – дейді Абзал Дәулетбайұлы.
Жалпы елімізде коронавирустың таралуына байланысты жағдай кезінде қауіпті індеттің алдын алуға, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге медицина қызметкерлерінің қосып отырған үлесі зор. Осы орайда, Жуалы ауданының денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де сенім үдесінен шығып отыр.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close