Basty bet
САПАЛЫ БІЛІМ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Мемлекет басшысының Жолдауы жұрттың ерекше ықыласпен күтетін маңызды құжаттардың біріне айналғаны рас. Өйткені, ол – барша қазақстандықтардың өміріне, болашағына қатысты. Ертеңінің бағытын, жүретін жолын, өсу жолындағы мұратын анық білген елдердің қандай жеңістерге жеткенін тарих беттерінен білеміз.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауын біз, яғни ұстаздар қауымы шынайы ықыласпен қабылдадық. Бағдарламалық маңызы терең, тұжырымдамасы анық бұл Жолдау нәтижелі жұмыстарға бастайтынына сенімдіміз. Президент алдымен әлем халқына қауіп төндірген пандемияға қарсы күресте, жұдырықтай күш біріктіре білген Қазақстан халқына алғысын жеткізе отырып, алдағы уақытта да елімізге төнген қатерге қарсы күресті жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Жолдауда адам капиталына байланысты жаңа ұсыныстар айтылып, жаңа бағыттар көрсетілді. Соның ішінде білім және ғылым саласына қатысты білім мазмұнын замана талабына сай құруға қатысты ойлар айтылды. Осыған сәйкес мектеп ұжымында Жолдауда жүктелген мақсаттар мен міндеттер талқыланды. Пікірлесу барысында мектеп директоры Руслан Сайлаубаев сөз алып, «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы пандемиядан кейінгі Қазақстан келбетін сипаттады деуге болады. Қазір бүкіл халықаралық қауымдастықты алдағы уақытта не болатыны, мемлекет арасындағы қатынастар қандай болатыны, білім және ғылым, көлік, туризм т.б саласы қалай дамитыны туралы сұрақтар алаңдатады. 2008 жылдан бастап Қазақстан осындай дағдарыстарға бейімделіп, сабақ алуға және қиындықтарды мүмкіндікке айналдыруды үйренді. Дегенмен, бұл жолғы жағдай бұрын-соңды болмаған. Пандемия заманауи қоғамның ең өзекті салаларына әсер етіп, өзара қарым-қатынасты бұза бастады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – туындаған сын-қатерлерге жан-жақты жауап беру деуге болады» – деп атап өтті.
Ал, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләйла Жолболдиева Жолдауда жұрттың ызасын қайнатып, түрлі қоғамдық пікірлердің туындауына жол берген кесапат – педофилияның етек алуына тоқталды. Балалар қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне көңіл бөлу күн тәртібінен түспейтіндігін жеткізді. Мектеп ұстаздары Махмұтжан Мамытов, Гүлнұр Төреқұлова, Жанат Алдашбекова бізді қуантқан Президентіміздің тағы бір бастамасы елдегі мұғалімдердің жалақысын арттырып, пандемиямен күрескен дәрігерлерге төлемақы төлену мәселесі. Мұғалімдер мен дәрігерлер елдегі маңызды мамандардың бірі екенін пандемия кезінде анық білінді. Жылдар бойы еңбегі еленбей келген ақ халатты абзал жандар мен ұстаздарға тиісті қолдау көрсеткенін қолдаймыз. Сонымен бірге, қазіргі күн назарындағы басты мәселе – қашықтан оқыту болса, ондағы олқылықтарды жою да күн тәртібінде тұрған мәселелердің маңыздысы. Көптеген ата-аналар тарапынан қазіргі оқу жүйесіне айтылып жатқан сын аз емес. Сондықтан айтылып жатқан барлық сын-пікірлер ескерілгені нұр үстіне нұр деген ойларымен бөлісті.
Жиынды қорытындылай келе мектеп басшысы: «Президент Жолдауы – бұл іс жүзінде Қазақстанның пандемиядан кейінгі әлемге өтуі, қазіргі заманның сын-қатерлеріне сәйкес келетін және оларға жауап беретін жаңа экономика құру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы. Келер жылы Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болады, бұл – бізге жәй беріле салған нәрсе емес, бұл – үнемі өзіңді дамытып отыруға себеп болатын үрдіс. Президент Жолдауы осы идеологияның бағдары, мемлекет пен қоғам үшін жаһандық дауыл аясында шамшырақ ретінде қызмет етуі тиіс»,- деді.
Қорыта айтқанда, дамыған елдердің құрамына кіру үшін біз, яғни, ұстаздар қауымы, ең бастысы ұлтжанды, білімді де білікті азаматтар тәрбиелеуі тиіс. Жолдаудағы мақсаттарды жастарға, өскелең ұрпаққа насихаттау, сол бағыттарда жұмылып жұмыс жасау. Аталған Жолдаудан соң еліміздегі індетті алдын алу мақсатындағы жұмыстарға сеніміміз күшейе түсетіні сөзсіз. Кез келген қиындықты жеңуде бірлік пен ынтымақтың маңызды екендігі белгілі. Алдағы уақытта осы құндылықтарымызға берік бола алсақ, кез келген қиындықтардан аман есен өтерімізге сеніміміз мол.
Жазира Сауранбаева,
№22 Б.Момышұлы
атындағы орта мектептің
информатика пәнінің
мұғалімі