Basty bet
«Бауыржан жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн!»
Батырдың мерейтойы туған жерінде кеңінен аталып өтілді
Шынында, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыр Бауыржан Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағын алып беруге тікелей себепкер болған тұлға. Даңқты қолбасшы, Ұлы Отан соғысының басты қаһармандарының бірі, ұтқыр стратег, тактик Бауыржан Момышұлына бұл атақ тек 1990 жылдың 11 желтоқсанында берілгені белгілі. Міне, тарихи әділеттілік Қазақстан тәуелсіз ел болуға бір жыл қалғанда орнаған еді. Бауыржан Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағының берілуіне байланысты Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Батырдың ұлы әрі мұрагері Бақытжан Момышұлына жолдаған жеделхатында: «Бауыржан жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн» деп тебірене жазды.
24 желтоқсандағы даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойы өзінің кіндік қаны тамып, туып-өскен қасиетті Жуалы жерінде аталып өтілді. Ел өміріндегі маңызды мереке Б.Момышұлы ауылындағы Батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Батырдың 110 жасқа толуына орай аудан басшылығы, ардагерлер кеңесі, аудандағы құқық қорғау органдары, аудандық әкімдікке қарасты бөлім қызметкерлері даңқты қолбасшының еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Батыр рухына тағзым жасады.
Шарада аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев құттықтау сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты ел өміріндегі айтулы мерейлі мерекемен құттықтады.
-Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды қазақтың біртуар батыр ұлы, қаһарман қолбасшы, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын.
Бауыржан Момышұлы – қазақтың маңдайына біткен қайраткер. Ол кісі батыр ғана емес, жазушылығымен де әлемге әйгілі. Ол қазақтың – намысы, ұлттың – ар-ұжданы. Қазақ дейтін халық еске түссе, әлем Бауыржан Момышұлындай қайсар тұлғаны еске алары анық. Сонау бір жылдардағы зұлмат кезеңнің өзінде Бауыржан Момышұлы өзінің ұлттық рухын, ұлттық намысын сақтап қалған тұлға. Бірнеше ғасырлар өтсе де Момышұлы айтқан әрбір қағидалы қанатты сөздер халық жадында, жас ұрпақтың есінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Бауыржан Момышұлы – өшпес ерлігімен, азаматтық дара қалпымен, ұлтжандылығымен, Алатаудай асқақ қалпымен халқымыздың орынды мақтанышына айналған тұлға. Батырдың есімі ерліктің символы ретінде халық жүрегінде мәңгі сақталады,- деді Ернұр Маратұлы.
* * *
Даңқты Батырдың мерейтойына арналған шаралар легі Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінде конференциямен жалғасты. Ондағы «Ұрпаққа үлгі болған ерлік» тақырыбындағы конференция Бауыржан Момышұлы шығармалары арқылы ұлттық рух пен патриоттық жалынның ұшқынын жас ұрпақтың бойына дарыту мақсатында өткізілді. Оған тиісінше, аудан жастары, мектеп мұғалімдері шақырылды.
Конференция жұмысын аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев жүргізіп отырды. Алғашқы сөз аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке берілді.
-Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойы ел өміріндегі тәрбиелік және патриоттық тұрғыдан алғанда маңызды мерекелердің бірі саналады. Олай дейтініміз, Батыр Баукеңнің өмірі, жүріп өткен жолы әлбетте жас ұрпаққа молынан үлгі-өнеге. Даңқты қолбасшының елжандылық және Отанды, туған жерді, оның халқы мен дәстүрлерін, тілін, дінін сүюдегі патриоттық қырларын өскелең ұрпақтың бойына сіңіруміз қажет,- деді Ерғали Өтемісұлы.
Жиында сөз алған ауданның Құрметті азаматтары Әбілқасым Ергебеков, Аманжол Дүрәліұлы, Естемес Аманбеков, батырдың туысы, мәдениет саласының ардагері Нағызбек Әбдірәсілұлы Бауыржан Момышұлының тағылымды әрі өнегелі өмірлерінен сыр шертіп, батырмен болған кездесулерден естеліктер айтты.
Кездесу барысында сөз алған Бауыржан Момышұлының немере інісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал журналист Бекет Момынқұл Бауыржан Момышұлына қатысты халық арасында айтылып жүрген кейбір жалған пікірлер мен қисынсыз әңгімелерге қатысты өз ойын білдірген еді.
-«Қазақстан дәуірі», «Ана тілі» республикалық газеттерімен қатар облыстық «Ақ жол», «Знамя труда» басылымдарын қоспағанда Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойына орай облыстық телеарна эфирінде барлығы 11 хабар дайындадым. Басқа да зерттеу жұмыстары өз жалғасын табуда.
Менің айтарым бұл емес. Ел ішінде жаңсақ пікір айтып, жастарды шатастырып жүргендер бар. Кейбіреулер «Халық Қаһарманы» атағын Бауыржан Момышұлына әкеліп теліп жүр. Бұл – дұрыс емес. Баукең бұл атақты алған жоқ. Энциклопедияда, басқа да құжаттарда осылай қате жазылып кеткен. Екіншісі, «Бауыржан Момышұлын «Кеңес Одағының Батыры» атағына бірнеше мәрте ұсыныпты» деген сөз хақында. Рас, Баукеңнің атағы Ұлы Отан соғысы кезінде кеңінен жайылды. 1942 жылы Бауыржанды «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынған. Бірақ, бұл атақ соғыс кезінде де, кейін Баукеңнің көзі тірісінде де берілген жоқ. Тек 1990 жылы ғана Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ықпалымен әрі араласуымен Бауыржан Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
Бауыржан Момышұлы тарихи тұлға. Ал Батыр туралы қандай да бір ой-пікір айтарда абайлап сөйлеу керек. Өйткені, бұл тарих. Тарихты, жас ұрпақты өтірікпен алдауға болмайды,- деді Бекет Әбділдаұлы. Осылай дей келе конференция барысында айтылған кейбір мәселелердің шындыққа жанаспайтынын, Батыр туралы деректерді халыққа жеткізбес бұрын оның шынайылығына, ақиқатына көз жеткізіп алу қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Сопбекова, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Самат Айтбай Б.Момышұлының өнегелі өмірі мен нақыл сөздеріне шолу жасаса, ақын Қойшыбай Төремұратов Батырға арнау өлеңін оқып берді.
* * *
Талапты ауылындағы №22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай «Батыр Бауыржан – рух пен намыстың төресі» атты педагогтар арасындағы қашықтан өткен аудандық байқаудың қорытындысы жарияланды. Аталған байқау ұстаздар арасында даңқты қолбасшы, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттай отырып, білім саласы қызметкерлерін отансүйгіштікке, елжандылыққа, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, сондай-ақ, батыр шығармаларын насихаттай отырып, шығармашыл ұстаздарды қолдау, рухына тағзым етіп, есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ұйымдастырылғанын ерекше атап өткен жөн.
Мерейлі мерекеге орай байқау қатысушыларын аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев құттықтады. Олар өз сөзінде Бауыржан Момышұлы мұраларының мәңгілік халық жадында сақталатынын, батырдың есімі мен ерлігінің ұмытылмайтынын тілге тиек етті.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қазылар алқасының мүшелері облысқа танымал журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бекет Момынқұл, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің Бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова, ардагер ұстаз, 8 сыныпқа арналған «Бауыржантануға кіріспе» оқулығының авторы Ризакүл Темірбекова, ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебеков, сондай-ақ, еңбек ардагері Аманжол Дүрәліұлы марапаттады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер үш номинация бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Алаштың айбыны – Бауыржан Момышұлы» номинациясымен (50 мың теңгелік сертификатпен) ІІІ орынды №4 Балалар өнер мектебінің мұғалімі Жанар Жапабаева, 75 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықпен (ІІ орын) «Қарасаз» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Жадыра Дәулетбекова, 100 мың теңгелік сертификатымен І орынды №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлдана Төлепберген жеңіп алды. Оларға сертификаттармен қоса арнайы Дипломдар табыс етілді.
«Батыр мұрасы – таусылмас қазына» номинациясы бойынша жүлделі І, ІІ, ІІІ орындар №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің мұғалімі Эльмира Баетова, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Жанна Көшкінбаева, №1 мектеп-гимназиядан Райхан Замбаеваға берілді. Сонымен қатар, «Жыр арнаймын жүрегімнен» деп аталатын номинацияның талаптарына сәйкес байқау қатысушылары батырға арнап өлең, музыкалық шығармалар, авторлық туындылар, әндер орындап, бейнежазба арқылы ұсынуы қажет болатын. Аталған номинация бойынша №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептен жас ұстаз Ақнұр Әбдіжаппарова жүзден жүйрік шығып, І орынды жеңіп алды. Одан бөлек, ІІ және ІІІ орындардың жүлдесімен №2 Мыңбұлақ орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Инабат Оңғалбаева, №1 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақыт Сағындықова марапатталды. Байқау жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықтардың сертификатымен қатар Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы сыйға берілді.
Батыр тойы – ел тойы. Көзі тірісінде-ақ аты аңыз боп тараған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы пандемияға қарамастан міне, осындай тағылымды іс-шаралармен атап өтілді. Мұны әлбетте, қасиетті Жуалы жұртшылығының қаһарман ұлына деген зор құрметінің айқын көрінісі деп білеміз. Баукеңнің есімі халық жадында жаңғыра беретініне күмән жоқ…
* * *
Сервистік әкімдік ашылды
Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай ауданда көпшілік пайдаланатын нысандардың бірі – сервистік әкімдік ғимараты салтанатты түрде ашылды. Аудан орталығындағы Қонаев көшесінде орналасқан «Қазақстан Халық банкі» АҚ Жуалы аудандық бөлімшесі ғимаратының екінші қабатын аудан әкімдігі сатып алып, бір ай бойына жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Аудан тұрғындарының көзайым қуанышын бөлісуге Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, аудан басшылары, ардагерлер ұйымдары мен жұртшылық өкілдері шақырылды.
Ашылу салтанатында сөз алған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев мамандарды бір алаңға шоғырландыру арқылы аудан тұрғындарына қолайлы жағдай туғызу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын мен жылдамдығын арттыру және сыбайлас жемқорлықты жою мақсатын көздейтін сервистік әкімдіктің ашылуымен құттықтады.
Сервистік әкімдік ғимаратының таспасын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков кесті. Жиналғандар ішке еніп, сервистік әкімдік бөлмелерінің жабдықталуын көрді. Жалпы мұнда аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, құрылыс және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдері орналасқан. Келушілерге ыңғайлы болуы үшін ортадағы ашық фойеден 5 терезе жабдықталған. Онда әр бөлімнің бір маманы мен «Жуалы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің консультанты қызмет көрсетеді. Сондай-ақ анықтама орны, мәжіліс залы орналасқан.
Сервистік әкімдік ғимаратын аралау барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев ауданда сервистік әкімдіктің іске қосылуымен Жамбыл облысы әкімдіктерінің толықтай сервистік форматқа көшірілгенін атап көрсетті.
Батырдың әруағына Құран бағышталды
Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған тамған Мыңбұлақ өңіріндегі Момыш бұлағының басында Батырдың әруағына арнап құран оқылды. Айта кету керек, Батырдың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында демеушілердің көмегімен бұлақ басына баратын бір шақырымға жуық жолға шағалтас төселіп тегістелді. Бұлақ басы қоршалып, сәндік ағаштар отырғызылып, бойшаң стелла бой көтерді.
Шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, аудан басшылары мен ардагерлер ұйымдары мен жұртшылық өкілдері жиналды. «Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбек Құран аяттарын оқыды. Ауданның қадірменді ақсақалы, Момыш бұлағының күтімге алынып, көркеюіне еңбек сіңірген Аманжол қажы Дүрәліұлы көпшілікке ақ батасын берді.
Одан кейін қонақтар мен аудан басшылары бұлақ басына аялдап, суын мейірлене ішіп, тарқасты.
***
Осы күні түс ауа аудан аумағында орналасқан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің Жамбыл облыстық департаментіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінде Батыр бюстінің ашылу салтанаты болды.
Шекара бөлімшесінің жеке құрамы әскери плацқа мерекелік сапқа тұрғызылды. Бөлімше бастығы Асқар Байдәулетовтің ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің Жамбыл облыстық департаментінің басқарма бастығы, полковник Қанатбек Тыныбековке жеке құрамның дайындығы туралы баянатынан кейін Мемлекеттік Әнұран шырқалды.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің Жамбыл облыстық департаментінің басқарма бастығы, полковник Қанатбек Тыныбеков шекарашылар мен жиылған жұртшылықты осынау маңызы терең қуанышты оқиғамен құттықтай отырып, ізгі лебіздерін білдірді.
Батыр бюстінің лентасын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков кесті. Ардагерлер Батыр бюстіне гүл шоқтарын қойды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ