Basty bet
Еңбегі ерен еңбек ардагерлері
Жақында №16 Жуалы колледжінде Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Еңбек ардагерлерімен кездесу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жастар мен ардагерлер арасындағы рухани сабақтастықты нығайту, еңбек жолында аянбай тер төккен аға буынның өнегелі өмірінен үлгі алу.
Алғашқы құттықтау сөз колледж директоры Медет Иманбаевқа берілді. Жақсы көңіл-күй қалыптастыру мақсатында жиында аудандық мәдениет үйінің әншісі Назерке Ахметтің орындауында «Тек қана алға!» әні орындалды. Ары қарай Жұмысшы мамандықтар жылына арналған бейнеролик көрсетілді.
Әрі қарай сөз кезегі ардақты ұстаз, еңбек ардагері Айдарбай Пошкаевқа берілді. Ол өз сөзінде, 30 жылдан аса еңбек жолындағы қызықты кезеңдерін есіне түсіре отырып, студенттерге тебірене баяндап берсе, студенттер өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауаптарын алды.
Келесі кезекте аудандық мәдениет үйінің талантты әншісі Мәлік Мықтыбеков Есенқұл Жақыпбековтың «Бақ пенен қызыр қонса да…» термесін нақышына келтіре орындады. Келесі сөз ардақты ұстаз, еңбек ардагері Әділбек Байбазаровқа берілді. 40 жылға жуық еңбек жолын тебірене баяндап, қойылған түрлі сұрақтарға жауап берді. Одан әрі “Айжұлдыз” тобының биші қыздары мың бұрала «Қазақ қызы» биін биледі.
Келелі кездесу барысындағы әңгімені Жарасбек Сармурзин жалғап, ол өзінің еңбек еткен жылдарындағы қызықты сәттерін студенттермен бөлісті. Келген қонақтарға LED-экран арқылы да түрлі бейне сұрақтар қойылып, «Мың алғыс Сіздерге!» тақырыбында ардагер ұстаздар өздерінің еңбек жылдарындағы фотосуреттерінен жасалған бейнероликті тамашалады. Жиын соңында колледж директоры Медет Иманбаев ардагер ұстаздарды Алғысхатпен марапаттап, оларға естелік сыйлық табыстады. Еңбек ардагерлері де өз тарапынан колледж ұжымы мен ұйымдастырушыларға алғыс айтып, білімгерлерге ақ жол тілеп, естелік суретке түсті.
Бибігүл САҒЫМБЕКОВА,
№16 Жуалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің оқытушысы