Basty bet
Ата Заңды ұлықтау – ұрпақ парызы
Конституция – азаттығымызды айқындайтын, дербес мемлекеттігімізді көрсететін қастерлі құжат.
Конституция күні Тәуелсіз еліміздің тарихындағы қастерлі де ардақты күн. Айтулы мерекеге орай аудандық әкімдікте салтанатты жиын өтті.
Мемлекеттік Гимн ойналып, аудан әкімі Жалғас Мұртаза жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.
-1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата Заңы өмірге келді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші Конституциясы. Алдыңғы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын.
Ел талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы.
Тоғыз бөлім мен 98 баптан тұратын Ата Заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.
2022 жылы елімізде өткен референдум арқылы Конституцияның үштен біріне, яғни 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді.
Ата Заңымызға енгізілген жаңа ережелерге сәйкес, Қазақстан аралас сайлау жүйесіне өтті. Былтырғы мәжіліс, облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының сайлауында бұл жүйе іске асты. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналды. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайлануына орай, 2023 жылдың 5 қарашасында өткен Жуалы ауданы әкімінің сайлауы осының дәлелі болғанына куәсіздер. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді.
Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Конституциясы – халықтың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі» саналатынын айтқан болатын. Сондықтан Конституцияны құрметтеу және оны ұлықтау біздің басты парызымыз!- дей келіп, Жалғас Әлижанұлы әрбір отбасыға, отанымызға деген игі тілегін жеткізді.
Салтанатты жиында жаңа тағайындалған мемлекеттік қызметшілер Айдынғали Тастанбеков, Мадина Әлиханова, Абай Асылжан ресми түрде Ант қабылдады.
Кезек марапаттау рәсіміне беріліп, аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы бірқатар мемлекеттік қызметшілер, түрлі сала мамандары мен қарапайым еңбек адамдарын Құрмет грамотамен, алғысхатпен марапаттады. Атап айту керек, аудан бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету кабинетінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Әлия Шәмшиева “Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен бірге Қазақстанның “Алтын кітабына” енген Жуалы ауданының Құметті азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық ауруханада 40 жыл қажырлы еңбек етіп, оның 20 жылында бөлім меңгерушісі қызметін атқарған алтын қолды хирург дәрігер Қалды Байрамов аталған кітаптың арнайы төсбелгісімен және 60 жас мерейтойына арналған аудан әкімінің құттықтау хатымен марапатталды.
Аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Шынаргүл Әбдікерімова да жиналған қауымды мерекемен құттықтап, бір топ азаматтарға аудандық мәслихаттың марапаттарын тапсырды.
Ал Дүниежүзілік қазақтар, Отандастар қорының Жамбыл облыстық филиалының сарапшысы Есенхан Рымқұлов мәдениет саласының ардагері Миятбек Дархановты “Өнер саласына қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен марапаттады.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»