Basty bet
Отансүйгіштік туған жерге деген құрметтен басталады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті мекендер ұғымының маңыздылығын атап өткен болатын. Президент өз сөзінде: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символикалық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейліктің басты элементтерінің бірі»,- дей келе, аталған бағдарлама аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаның қолға алынатындығы туралы айтқан еді.
Жастарды бала кезден ұлттық дүниетанымымызға негізделген тәлім-тәрбие мен отансүйгіштікке баулыған жөн. Отансүйгіштік алдымен туған жерге деген құрметтен басталады.
Туған жердің әрбір жері киелі, әрбір тау-тасының өзіндік тарихы бар. Бірақ оның тарихын көбіміз біле бермейміз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан кейін тарихшыларымыз еліміздің әр өңіріндегі киелі жерлерді зерттеп, табылған деректерді дәлелдеп, арнайы жинаққа жинақтап, халыққа ұсынуда. Бұл келешек ұрпақ үшін аса керекті дүние. Себебі, әрбір азамат рухани бай болуы үшін халқының әдебиеті мен мәдениетін, тарихын терең білуі керек.
Осындай ауқымды да маңызды істі қолға алған тарихшылардың ішінде біздің облысымыздың да тарихшылары бар. Өңіріміздегі санаулы тарихшылардың қатарында жуалылық Байдалиев Дархан Дәулетжанұлының да қызмет етіп жатқандығы біз үшін үлкен мәртебе.
Дархан Байдалиев М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты
Тәуелсіз Қазақстандағы педагогикалық өлкетану ғылымының негізін қалаушы. Оның отандық педагогика саласына енгізген үш жаңалығы бар.
2015 жылы Жамбыл облысы әкімінің шығармашыл жастарға арналған сыйақысының «Ғылым» номинациясы бойынша жеңімпазы.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Жас тарихшылар республикалық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Тараз өңірі бойынша төрағасы.
Жамбыл облысы бойынша Қазақ психологиялық қоғамы филиалының директоры. 100-ден астам ғылыми мақалалардың авторы, Жамбыл облысының 80 жылдығына 80 томдық кітаптың және жалпы білім беретін мектептегі өлкетану оқулығын құрастырушы.
Жоғарыда атап өткендеріміз Дархан Байдалиевтің еңбектерінің бір парасы ғана. Дархан Дәулетжанұлы осындай елеулі еңбектері үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің ІІІ дәрежелі Дипломымен және облыс әкімінің мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.
Жақында жерлесіміз Дархан Дәулетжанұлымен кездесіп, сұхбаттасудың сәтті түскен еді. Назарларыңызға осы сұхбатымызды ұсынып отырмыз.
-Дархан Дәулетжанұлы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты ауқымды, маңызы зор жоба қолға алынды. Осы жобаға Сіздің де қосқан үлесіңіз зор. Яғни, «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының Жамбыл облысына арнаған үшінші томына Сіздің еңбектеріңіз енген. Оның ішінде Жуалы жерінің де қасиетті жерлері еніп отыр. Осы еңбегіңіз, жалпы кітапқа енген қасиетті жерлеріміз жайлы әңгімелеп берсеңіз.
-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы елімізде үлкен серпіліс тудырып қана қоған жоқ, Қазақстандағы киелі жерлерді зерттеуді жаңа сапаға көтерді. Бүгінде еліміздегі барлық шығармашыл зиялы қауым осы жобаға белсене атсалысуда.
Жалпы қасиетті жерлерді насихаттау арқылы халықтың қоғамдық санасы мен ойдың бірыңғай үлгісі тұрғысында тарихи сананы қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстардың маңызы ерекше.
Жоғарыда айтып өткеніңіздей, «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының үшінші томына Жамбыл облысының қасиетті жерлері енген. Оның ішінде Жуалы ауданынан Баркуаб қалашығы, Батырбек датқа кесенесі, Берікқара қорымы, Берікқара шатқалы, Керімбай Бұралқыұлы зираты, Момыш бұлағы және Шаңылақты шайқасы өткен жер енген. Бұл киелі жерлердің тарихы тереңде жатыр. Кітапта аталған тарихи орындардың ерекшелігі нақты дәлелдермен жазылған.
Теріс ауылынан 800 м шығыста, Бақалы ауылынан 300 м солтүстік батыста, Теріс өзенінің оң жағалауынан 230 м жердегі биік терресада орналасқан Баркуаб қалашығына 2018 жылы «Қазгеоархеология» ЖШС археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады.
Ал, Батырбек датқа кесенесі Күреңбел ауылынан батысқа қарай 7 шақырым, Қоңыртөбе ауылынан солтүстік батыста 3 шақырым жерде орналасқан.
Батырбек Рысбекұлы ел, ру арасында аса беделді тұлға ретінде қалыптасып, өңірдегі Қоқан билігі үстемдік құрып тұрған шақта «датқа» деген шен иеленіп, ел басқару ісіне араласқан. Халық жадында қоқандықтарға қарсы халықтың мүддесін қорғаған жауынгер әрі шебер саясаткер, ислам дініне, салт-дәстүрге өте берік, еліне, халқына шын берілген кемеңгер тұлға ретінде танылған.
Батырбек датқа Сайрам, Талас аудандарында сәулетті мешіт-медресе тұрғызған. Түлкібас, Жуалы, Талас аудандарында суармалы егіншілікті, диқаншылықты дамытуда каналдар қаздырып, тоғандар салдырған.
Ал Берікқара қорымына келсек, Әбдіқадыр Жүргенұлы ауылының оңтүстік шетінде, Қаратау жотасының солтүстік бөктеріндегі жазықта, Берікқара өзенінің қос жағалауына жайыла орналасқан ескерткіш. Жамбыл облысының мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіміне енген.
Топографиялық түсірілімдер нәтижесінде Берікқара өзенінің қос жағалауынан барлығы 411 оба тіркеуге алынған. Қорымның орталық бөлігінде құрылысы ерекше «патша обалары» шоғырланған.
Берікқара шатқалына келсем, бұл – мемлекеттік кешенді табиғи қорықша. Өсімдіктердің жойылып бара жатқан түрлерін сақтап қалу мақсатымен 1971 жылы ауданымыздың солтүстік шығысында, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан 30 шақырым жерде құрылған.
2002 жылы желтоқсан айында Берікқара шатқалы ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына енгізілді. Жалпы ауданы 17,5 гектарды құрайды.
Берікқара шатқалында Қызыл кітапқа енгізілген ағаш-бұта және шөптердің сирек тұқымдары кездеседі. Жабайы алманың сирек түрі, зерафшан аршасы, жіңішке штубендорфмя, речель алмұрты, кәдімгі пісте, рауғаш, Тянь-Шань жоңышқасы, кәдімгі таусағыз, көктікен, Корольков бәйшешегі, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған қызғалдақ – Грейг қызғалдағы мен Кауфман қызғалдағы мен Берікқара терегі бар. Өлкетанушылардың айтуынша, сирек кездесетін терек шатқалдың терең түкпірінде 4-5 түп қана және мұндай терек тек Американың бір шатқалында ғана кездеседі екен.
Сонымен бірге Керімбай Бұралқының зираты. Ол Құмсуат ауылының оңтүстік-батысынан 800 м, Тоғызтарау ауылының оңтүстік-шығысынан 5,2 шақырым жерде орналасқан ескерткіш. 2013 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС экспедициясы тауып, зерттеген болатын.
Керімбай Бұралқыұлының басына қойылған мазар ХХ ғ. 50 жылы тұрғызылған.
Керімбай Бұралқыұлы – ХХ ғасырдың басында болыс әрі ел басқарушысы болған тұлға. Ұрпақтарының есінде Керімбай образы өктем, қатал, бірақ өз жерлестерінің пікірін қолдаушы адам ретінде қалған. Керімбай Бұралқыұлы Жуалы ауданына қарасты Билікөл маңында дүниеге келген. Әулиеата уезінде 19 жасында болыстыққа сайланып, ұзақ жылдар осы салада абыройлы қызмет атқарған. Ол елді диқаншылыққа, сауда-саттыққа, кәсіпшілікке ұйымдастырған. Тұз өндіретін, балық аулайтын бірнеше кәсіпорындар ашуға ұйытқы болған.
Керімбай болыс ағартушылық қызметімен де ел аузында қалған. 1888 жылы мешіт салдырып, орыс-бұратана мектебін ашады. Керімбай Тараз қаласында №12 мектепті қазақ балалары үшін интернат етіп салдырған. Өз заманында көзі ашық, сауатты кісі болған, күйші-сазгерлігімен де аты шыққан.
Сондай-ақ кітапқа енген қасиетті жердің бірі – Момыш бұлағы. Жуалы ауданындағы Көлбастау мен Талапты ауылдарының ортасындағы Орақ-балға аталатын ескі жұрттың батыс тұсында, асфальт жолдан 1 шақырымдай оңтүстікте орналасқан бастау.
Момыш бұлағының басында Кеңес Одағының Батыры, жазушы, ұлт мақтанышы, ерлік даңқы әлемге жайылған Бауыржан Момышұлы дүниеге келген, Батырдың кіндік қаны тамған, сәбилік шағын өткізген киелі мекен саналады. Бұл аймақтың Алатауға қараған оңтүстік беткейлері сансыз бұлақтарға толы болғандықтан, ертеректе жергілікті жұрт «Мыңбұлақ» деп те атаған.
Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында хан ордасының осы Мыңбұлаққа көшіп келіп, Ақ ордасын орнатып, сырнайлатып, кернейлетіп, сауық-сайран өмір сүргендігі және елік асырап, саят құрғандығы жайлы жазған.
Бұлақтың шығыс жағындағы дөңесте Құли баба ұрпақтарының ескі жұртының, Момыш пен Момынқұл үйлерінің орны жатыр. Бұл жер туралы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында жан-жақты баяндайды.
Кітапқа енген қасиетті жердің тағы бірі – Шаңылақты шайқасы өткен жер. Қошқарата елдімекенінің оңтүстігінде, Ақтасты ауылының батысындағы Боралдай тауының етегіндегі беткейде орналасқан мекен. Шаңылақты шайқасы туралы мәліметті жазушы Мырзахан Ахметов «Жері, суы дуалы – Жуалы» атты тарихи-танымдық кітабында: «Қошқарата маңында қалмақтармен көп күнге созылған шайқас қазақ жауынгерлерінің жеңісімен аяқталғаны белгілі. Оған кейін Кантимеровка атанып кеткен Шаңылақты ауылының өткені туралы халықтың аузындағы әңгімелер куә».
Шаңылақты шайқасы Отан соғысында бетбұрыс болған 1730 жылы шамасында болған.
Осы қанды шайқастың куәсі ретінде Шаңылақты оқиғасы болған жерден осы уақытқа дейін кейбір қару-жарақтардың тат басқан, сынған қалдықтары табылып жатады. Қошқарата елдімекеніндегі Абай атындағы орта мектептің өлкетану мұражайында қалмақ-қазақ жауынгерлерінің сол жерден табылған жебелері тұр.
Өткен жылы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауымен 80 томдық кітап жазу қолға алынды. Оның ішінде алты кітаптың құрастырылуына еңбек еттім. Оған Жуалыдағы жер бетінің ерекшеліктері, яғни палеозой, мезозой дәуіріндегі өзгеруі, Теріс өзенінің не себептен теріс ағуы, Маймақ сурет галереясы, Баркуабтағы жаңа деректер енді. «Тараз мұралары» көптомдығы алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Биылғы жылы Дәулетжан Жамалбекұлының «Жуалы генералдар мекені» кітабы облыстың жоспарына енгізілді.
Алдағы уақытта ауыз әдебиеті саласы бойынша ақын Бауыржан Үсеновтың ақындығы, оның ел аузында жүрген айтыстары туралы деректерді толықтырып, енгізу жоспарда бар.
-Алда тағы да қандай жоспарларыңыз бар?
– Енді алдағы уақытта «Тараз мұралары» көптомдығы сериясына Жуалы жеріндегі Мыңбұлақ қалашығы, Қалмақ қырылған төбе, Шақпақ қалашықтарын енгізуге мүмкіндік алдық. Сонымен бірге Жуалы петроглифтерін де арнайы кітап етіп шығаруды мақсат етіп отырмыз. Өңірімізде кездесетін петроглифтер негізінен қола және темір дәуірінде, одан кейін орта ғасырда салынғанын аңғарамыз. Яғни, Теріс петроглифтері, Ақсу-Жабағылы, Берікқара маңындағы биік жоталар мен терең сайлардағы тас жарқабақтарға өрнектелген петроглифтер көптеп саналады.
Маймақ пертоглифтері де біраз жерді алып жатыр. Күйік асуына көтеріліп бара жатқанда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының сол жағында жатқан Қаратаудың «Қызыладыр» тұсындағы бөлігі мен Қырғызстанның «Маймақ» деп аталатын жеріндегі бұл жарқабақ суреттері әртүрлі.
Осы жылы Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясына Шақпақ қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу мәселесіне қатысты ұсыныс жолдадық.
Болашақта жерлесіміз, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның еңбектеріндегі топонимикалық деректер туралы монографиялық еңбек жазу ойда бар.
Архив дегеніміз – тарихтың алтын қазынасы. Жамбыл облысының 80 жылдығына орай кітап жазуда архивтен көптеген қызықты мәліметтер таптық. Мәселен, Жамбыл облысының оқу-ағарту жұмыстары туралы ізденгенде қазіргі Д.Қонаев атындағы және №1 мектеп-гимназия мен Мыңбұлақ орта мектебі туралы қызықты деректерді таптық. Ауданымызда ең алғаш ашылған мектептердің бірі Талдыбұлақ мектебінің суретін таптық. Қазір өңделу үстінде.
Сонымен бірге Бурноктябрь ауылында мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне бала кезден тәрбиелеу мақсатында арнайы мектеп болғанын және онда жетім балалар оқығыны туралы да мәліметтер табылды.
Міне, осындай көптеген тарихи деректер алдағы уақытта кітапқа еніп, халықтың назарына ұсынылатын болады.
-Бүгінгі жас ұрпақтың тарихи зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығы қандай?
-Тарихқа қызығушылық танытатын жастар баршылық. Осы орайда мен облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жастардың, халықтың атынан алғысымды білдіремін. Облысымыздың 80 жылдығына орай Тараз қаласынан «Руханият және Тарихтану» орталығы ашылды. Бұл орталықтың шығармашылықпен айналысатын жастарға берері мол. Жастардың тарихи еңбектері болса, осы орталық арқылы тегін шығарылады. Бұл – шығармашыл жастар үшін үлкен мүмкіндік.
Сонымен бірге ақпан айында Тараз қаласында республикалық өлкетанушылар форумы өтеді. Форумның біздің облыста өтуіне облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев және Дәурембаев Қуаныш Кәрібайұлы, Қалиев Сауран Қалиұлы сынды ағаларымыз ұсыныс жасады. Тәжірибе алмасу мақсатында өтетін форумға қатысушылар біздің жаңғырған Таразымызды да тамашалайтын болады.
Қысқасы, бүгінгі таңда тарихымызды жаңғыртуға көп көңіл бөлінуде.
Тарих тағылымында ұлт тарихын зерделеу – ұлт тәуелсіздігінің, ұрпақ тәуелсіздігінің кепілі. Яғни, тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды.
-Әңгімеңізге рақмет! Халқымыздың жады үшін етіп жатқан елеулі еңбегіңізге табыс пен абырой тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»