Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар Жуалы жерінде жетерлік. Ел чемпионаттарында топ жарып, үнемі қанжығалары майланып жүргендер де біздің жерлестеріміз. Өңірімізде білекті жігіттермен бірге аттың бабын бірден байқайтын атбегілер де аз емес. Кейінгі жылдары атбегілік өнерге қызығушылардың қатары көбеймесе азайған жоқ. Біздің өңірімізде ат баптап, көкпарға қосып жүрген атбегілер де бар. Осындай ұлттық ойынды жандандыруға атсалысып жүрген азаматтардың бірі – Азамат Тастандиев.
Азамат Дәулетбекұлы Қызыларық ауылының төл тумасы, 1984 жылы дүниеге келген. «Даңқ» ордендерінің толық иегері, батыр Тайыр Тастандиевтің қара шаңырағында тұрып жатқан батырдың ұрпағы. Т.Тастандиев Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Бірінші, Екінші және Үшінші дәрежелі жауынгерлік «Даңқ» ордендерін кеудесіне тағып, ерен ерлігімен айрықша көзге түскен жерлесіміздің бірі екендігі баршамызға белгілі. Ол майданда ерлерге тән ерлік көрсетті. Еңбекте де алда болып, ел құрметіне бөленді. Соғыстан кейін ел еңсесін көтеру, халық тұрмысын жақсарту үшін аянып қалмады.
А.Дәулетбекұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін экономист мамандығы бойынша тамамдаған. Әкесі Дәулетбек Тайырұлы зейнеткер, ауылдың қариясы. Ал, анасы Ақылбала Нұртайқызы ардагер ұстаз, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жан.
Атбегімен Қызыларық ауылдық округіне жасаған іссапарымыз барысында таныстық. Бізді жылы шыраймен қарсы алған азаматтың үйінің алдындағы жасанды ертоқым ұлттық спортты жоғары бағалайтын жан екендігін аңғартты. Есік алдында тұрған кең жауырынды, биік, сұлу «Тәуекел» деген тұлпарын бізге таныстырып, өзі аттың үстіне қарғып мінді. Бала кезде оқыс оқиғаның салдарынан жарақат алып, бір қолынан айырылған Азамат аға тұлпарын еш қиналмастан тізгіндеді. Бұл да бір нағыз қазақ жігітіне тән қасиеттің бірі шығар.
-Ат баптаумен айналысқаныма алты-жеті жылдың төңірегі болды, – деп әңгімесін бастады Азамат Дәулетбекұлы. -Көкпарға арналған үш тұлпар және одан бөлек, сауынды биелер, тай, құнандар бар. Әрқайсысына арнайы орындар дайындалған. Атбегілікпен бір жағынан күнкөріс есебінде айналысамын. Аттарды базардан емес, жан-жақтан сұрастырып, іздеп жүріп сатып аламын. Көкпарда салымы көп болып, жеңіске жету үшін де жігіттердің астындағы тұлпары жүйрік болуы керек. Жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі. Жылқы малын жасына байланысты таңдап алуға болады. Жүйрік атты бірден байқаймын.
Тұлпарларға көбінесе қазақи аттарды қоямын. Болмаса, қай жерден алынғанына байланысты атаймын. Мәселен, қырғыз жерінен келген атты «Қырғызторы» деп атадық. Одан бөлек, Астана қаласына «Көкшәйнек», Шымкент қаласына «Кәмпит» деп аталған тұлпарлар сатылып кетті. Жалпы аттарды қолда көп ұстамаймын. Жиі ауыстырылып тұрады.
Жылқы малының денесіне, жасына байланысты өздеріне сай қазақи ер-тоқымдары болады. Бізде құранды ердің үш-төртеуі бар. Қазақи нақыштағы аттың ер тұмандары өздеріне лайықтап, сәнді етіп салынады. Тазалыққа қатты мән беремін. Тұлпарларды күнделікті арнайы сусабындарымен жуындырып, ерекше күтім жасаймыз.
Көкпар аттарына деген қызғушылығым зор. Көкпар десе ісімізді кейінге ысырып қойып, атшабарға қарай бет аламыз. Өзіміз аш болсақ та, сол сәйгүлігіміздің жем-суын дайындап жатамыз. Үйде көмекшілерім әкем мен үлкен ұлдарым Дастан, Айбатыр. Тұлпарларға уақтылы жем-суын беріп, суытып тұру керек. Аттардың да жаратылысына сай мінездері болады. Тұлпарлардан жақсы тұқымын алып қалуды да қолға алып отырмын, – деп тұлпарларына ерекше күтім жасайтынын әңгімелеп берді.
Азамат Дәулетбекұлымен әңгіме барысында қасында жүрген ауыл жастарын спортқа баулып, ұлттық ойынды дамытуға өз үлесін қосып жүргені туралы білдік. Жанындағы жігіттердің барлығын дерлік «палуан» деп атап кеткендігін естідік. «Жігітке жеті өнер де аз. Жанымда жүрген жастар сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Жақсы жолмен жүріп, адал табыс таба білуі тиіс. Спортпен айналысып, зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстауы қажет» дейді ол. Яғни, артынан ерген інілеріне ағалық ақыл-кеңесін айтып, тура жол көрсетіп жүрген азаматтың бірі екен. Өмірлік мақсаты да – ұлттық ойынды дамытып, көкпарда қанжығасын салымға майлап, ел арасында жүру.
-Ауылда туып-өскендіктен кез келген жігіт жылқы малына жақын болады. Көкпар ойнамайтын, көкпарға қызықпайтын қазақ жігіттері жоқ шығар, сірә. Көкпардың ортасында жүргендіктен небір қызу қанды, жүректі жігіттерді кездестіреміз. Тепсе темір үзетін жастардың атқа мініп, көкпар тартып жатқандығын көріп қуанамын. Ондай жастардың қатарында белгілі боксшы Әбілхан Аманқұл, «Әулие ата» кәсіпқой клубының көкпаршысы Жасұлан Қожағұл есімді жігіттер бар. Екеуі де мен баптаған тұлпарлармен көкпар шабады.
Көкпар – шайқас алаңы. Бірақ шайқас екен деп, жеңіске жетемін деп қызуқандылыққа салынуға болмайды. Мұны қасымда жүрген көкпаршы жігіттерге үнемі айтып жүремін. Көкпаршы жүректі, білекті, айлакер болуы керек. Дер кезінде ойланып, бір-біріңе көмектерің тию керек деп ақылымды айтамын. Бірлікті, достықты ұмытпаңдар, сабырлы болыңдар, бауырмалдық танытыңдар.Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білулерің керек деймін,- дейді А.Дәулетбекұлы.
Анасы Ақылбала апа ұлының бұл кәсіппен айналысқанына қуанатынын жеткізді. «Қазақ халқы қашанда ат баптап, жылқы ұстаған. Жылқы малын қастерлеп, қадірлеген, жанына серік еткен» дейді. Ұлының бойындағы атбегілік қасиет нағашы жұртында болғандығын, әлі де олар көкпар шауып, аттың құлағында ойнайтындығын айтады. Жылқы малының қасиетін жақсы түсінген жандар үйде күбіден қымызымыз үзілмейді дейді.
Азамат Дәулетбекұлы өмірлік жары Нұргүл Сейітханқызы екеуі өмірге Дастан, Ханали, Айбатыр есімді ұлдар мен Әдемі, Айдана есімді қыздарды әкеліп, көпбалалы отбасы атануда.
Атбегілік ата-бабадан қалған асыл мұралардың бірі. Мұндай мирасты, ұлттық құндылықтарды қолға алып, оның жоғалып кетпеуіне Азамат Дәулетбекұлы да өз үлесін қосып отырған жайы бар. Мұндай жандар барда ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, ұлттық құндылықтар, ұлттық спорт дами берері сөзсіз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»