Basty bet

Қарасаздық шаруалардың қарқыны қатты

«Қыс шанаңды жаз сайла» деген қағиданы бұлжытпай ұстанған жуалылық шаруалар алдағы қыс мезгілінің қамын осы бастан ойлап, мал-жанына қажетті жем-шөбін, отын-суын дайындауға жедел кірісіп кетті. Себебі, уақыт ырғалып-жырғалуды көтермейді. Әне-міне, дегенше жаз мезгілі де өте шығады. Сондықтан келер қыстың қамын жасауға осынау мезгіл өте қолайлы.

Биыл көктем ылғалды, жауын-шашынды болды. Қасиетті Жуалы жерінде шөптің шығымы жақсы. Бұл мал азығын дайындауға мол мүмкіндік береді. Қандай да бір қуаңшылық болса да Жуалы жері ешқашан малын да, жанын да азықсыз қалдырған емес. Көпті көрген көнекөз қариялар осылай дейді. Бұған да шүкіршілік.
Алқапта ырғалып өскен жоңышқа мен эспарцетке орақ салған шаруалардың қатарында аудандағы ең үлкен ауылдық округтердің бірі Қарасаз ауылының шаруалары да бар.
Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Теңгеш Сыздықбаеваның бізге берген мәліметінше, округте 2433 гектар көпжылдық шөп егілген. Оның 317 гектары биыл егілген жаңа жоңышқа. Ауылдағы шаруа қожалықтарының ішінен Әмірқұл Махатаев 25, Жұмағұл Беркімбаев 40, Ермек Төлетаев 20 гектарға жаңа жоңышқа тұқымын егіпті. Қазір округ шаруалары жасыл ораққа қызу кірісіп кетті. Ауылдың шетіндегі, тау жақтағы алқаптарда қызу жұмыс.
«Ханшайым» шаруа қожалығы биылғы жылдың өнімі үшін барлығы 110 гектарға егістік еккен. Оның 55 гектары жаздық арпа болса, жеті гектары бидай, мақсары алқабы 10 га, қалғаны шабындық жерлер. Шаруашылық негізінен өз иелігінде жылқы, ірі қара ұстайды. Қазіргі таңда Бақатей жайлауындағы мал қыстауында 60-қа жуық жылқы, бірнеше бас бойдақ ірі қара малдар бағылуда. Шаруашылық жыл он екі ай екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Жасыл орақ науқанына қайта оралатын болсақ, «Ханшайым» шаруа қожалығы округтегі су тоғаны орналасқан аймақтағы эспарцет алқабын орып бастады. Аптаның сейсенбі күні алқап басына барғанымызда тракторшы-механизатор Анатолий Соляков аздап жауынның жаууына байланысты орақты уақытша тоқтатқанын айтады. Алдында 15 гектарға егілген эспарцет алқабының біраз бөлігі ораққа түсіп үлгеріпті. Тәжірибелі механизаторды аздап әңгімеге тартқан едік.
-Мен Қарасаз ауылының тұрғынымын. Механизатор болып жұмыс жасап келе жатқаныма 18 жыл болды. Алдында Карл Маркс атындағы совхозда механизатор болғанмын. Қазір шаруашылықтарда жұмыс жасап келемін. Ал шөп орағы науқанына келер болсам, орақ екі апта бұрын басталды. Шөптің түсімі жаман емес. «Германка» деп аталатын арнайы техникамен орып болған соң шөп қарықтары біраз уақыт кебуі керек. Содан соң тайлаймыз. Одан шаруашылықтың қыстаудағы пішендемесіне тасылады. Міне, жұмысымыз осындай. Қазір науқан уағы. Жұмыс көп. Шөп орағын аяқтаған соң арпа, бидайдың орағына кірісіп кетеміз. Қолымыз босай қалса, техникалардың бұзылған жерлерін жөндейміз. Шаруашылық басшысы айлық жалақымызды уақтылы төлеп тұрады. Бәрі заңды түрде. Осы жұмысыма ризамын. Отбасымды асырап отырмын. Табысымыз жетеді,- дейді Анатолий Александрович.
«Ханшайым» шаруа қожалығының көпжылдық шөп алқабының жанында «Қуат» шаруа қожалығының да 16 гектар эспарцет алқабы қатар орналасқан екен. Бұл қожалық та бір апта уақыт бұрын шалғынға орақ салған. Түгелге жуық орылған алқапта екі бірдей трактор жүйткіп жүр. Қожалық төрағасы Қуат Сыздықбаевтан орақтың барысын сұрадық.
-Орақты бір апта бұрын бастадық. Өзімде трактор мен шөп тайлағыш болмаған соң көршілес Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ ауылындағы «Темірбекова» шаруа қожалығының тракторларын жалға алып, науқанды қызу жүргізіп жатырмыз. Шөптің түсімі жақсы. Тайланған шөптің біраз бөлігін үйге жинап алған соң қалғанын сатып жатырмын. Бәрі ойдағыдай,- дейді шаруа.
Тракторшы-механизаторлар Ғабиден Қыстаубаев, Нұрбек Қайыпалдин, Мадияр Дауласов «Темірбекова» шаруа қожалығының маңдайалды жұмысшылары екен. Олар да жасыл орақтың қызу қарқынмен жүріп жатқанын айтады. «Жұмысың қатты болса, татқаның тәтті болады» демекші, қарасаздық шаруалардың қарқынды жұмысынан келер қысқа дайындықтың сапалы атқарылып жатқаны анық аңғарылады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close