Basty bet

Мектеп пен балабақшаларды аралады

Коронавиурстық инфекцияның алдын алу, мекемелер мен тұрғындар арасында санитариялық және карантин талаптарын түсіндіру мақстында аудан әкімі Н.Ергебековтың тапсырмасымен құрылған мониторингтік топтардың жұмысы белсенділікпен жүруде. Топ мүшелері аудан орталығын және ауылдық округтерді аралап, ондағы санитариялық талаптардың сақталуына зерделеу жасап, тұрғындарға қауіпті індеттің алдын алу үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Аудан әкімінің аппарат басшысы Серік Қойбақов жетекшілік ететін мониторинг тобы кеше Көкбастау және Нұрлыкент ауылдық округтерін аралап, мектептер мен бөбекжай-балабақшалардағы санитарлық талаптардың сақталуына зерделеу жасады. Топ мүшелері алдымен Нұрлыкент ауылына қарасты Түктібай ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте болды. Ондағы санитарлық тазалықтардың сақталуын, жалпы оқу ошағында індеттің алдын алу және оқушыларға, мұғалімдерге түсіндіру жұмыстарының жүргізілу барысын мектеп директоры Темірхан Мырзахметов айтып берді. Топ мүшелері келесі кезекте «Балақай» бөбекжай-балабақшасына да бас сұғып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Топ мүшелері Теріс ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің де санитарлық тазалығын тексерді. Мектеп директоры Жорабек Қадырбековтың айтуынша, аталған мектептің оқушылары дәстүрлі оқытылуда. 266 оқушы екі ауысыммен оқып жатыр. Мектепте барлық санитарлық талаптар сақталған. Кіреберіске дезинфекциялық түнел орналастырылған. Антисептік, басқа да қолды өңдеуге арналған ерітінділер қоры жеткілікті. Оқу ошағының бір шетінде орналасқан «Жаңа-Теріс» бөбекжай-балабақшасы 25 баланы мектепке дейінгі тәрбие мен біліммен қамтамасыз етіп отыр екен. Топ мүшелері мұнда да санитарлық талаптардың сақталғанына көз жеткізді.
Мониторинг тобының мүшелері келесі кезекте Нұрлыкент ауылындағы «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасы мен М.Ломоносов атындағы орта мектептің санитарлық талаптарына зерделеу жасады. «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасында әр топта 15 баладан барлығы 60 бала тәрбие алуда екен. Мұнда да санитарлық талапта және қызметкерлер мен балалардың дене қызуын өлшеп, тіркейтін арнайы журналдар мұқият тексерілді. Оны аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Сәнімгүл Тілеш тексеріп, мекеме медбикесінің жіберген кейбір қателіктеріне ескерту жасады.
М.Ломоносов атындағы орта мектепте қазіргі таңда кезекші сыныптарда 350 оқушы дәстүрлі білім алып жатса, 5 және 11 сыныптарда оқитын 471 бала қашықтан оқытылуда екен. Мұнда да санитарлық талаптар сақтаулы. Ешқандай кемшілік анықталған жоқ.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close