Basty bet

«Атқарған жұмысымыз халықтың игілігіне бағытталуы керек» аудан басшысы О.Қаржауов азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуінде осылай деді

Аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімі Олжас Қаржауов әкімдіктің мәжіліс залында аудандағы азаматтық қоғам өкілдері және үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен кездесу өткізді. Ондағы мақсат – ҮЕҰ өкілдерінің ұсыныстарын, сонымен қатар, ауданды дамыту жөніндегі нақты ұсыныс-пікірлерін тыңдау.

Аудан басшысы ашық форматта өткен кездесуде ешқандай ұзын-сонар баяндамаға немесе сөзге кезек бермей, бірден нақты мәселелерді тыңдауға көшті. Алғашқы болып сөз алған «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарып отырғанын баса айтып, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Момыш бұлағының маңын ары қарай абаттандырып, алыс-жақын өңірлерден туристер іздеп баратын орынға айналдыру жайын қозғады. Одан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына бөлінетін қаржының көлемін ұлғайту керектігін тілге тиек етті.
Ал аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ауылдардағы қоғамдастық мүшелерінің сапалық құрамына көңіл аударуға шақырды. Ал, ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков аудан орталығында қоғамдық көліктерді жүргізу, аялдамалар салу, үй жануарларын аулау, стихиялық қоқыс мәселелерін көтерсе, «Тұлға» психологиялық кеңес беру орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зейнеп Дәуренова ауданда дағдарыс орталығын ашу туралы ұсыныс білдірді. Сондай-ақ, «Жуалы демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігінен Жанар Саурықова, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры Шора Ысқақов, әзірбайжан этномәдени орталығының, «Мехрибан Шаңырақ» қоғамдық қорының төрайымы Эсмира Мамедова, “Чернобыль-Семей” қоғамдық бірлестігінен Батихан Байтоқов өз ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ, басқосу барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков өкілді орган тарапын да қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарға қолдау білдірілетінін баса айтты. Қорыта келгенде, жиында айтылған барлық ұсыныстардың дені ауданның дамуы, ауыл-аймақтың көркеюі мен өсіп-өркендеуі жолындағы жұмыстар болды.
Аудан әкімі Олжас Есалханұлы: «Сіздер ұсыныспен ғана шектелмей, оның нақты шешу жолдарын сілтесеңіздер біз оны орындауға әркез дайынбыз. Бұл жергілікті атқарушы биліктің жұмысына да тиімді әрі оңайырақ болар еді. Мен азаматтық қоғам өкілдеріне әркез ашықпын. Ауданда туындап отырған мәселелерді бірге талқылып, шешейік. Сонда қай істе де нақты нәтиже болады. Ең бастысы, бірлесіп атқарған жұмысымыз халықтың, жергілікті тұрғындардың игілігіне бағытталуы керек»,- деп жиынды қорытындылады. Қоғамдық ұйым жетекшілері де аудан басшылығының өңірді дамыту жөніндегі тың бастамаларына қолдау білдіріп, тұрғындардың игілігі жолындағы әрбір іске белсенді араласатындарын жеткізді.
P.S.Ақылдасып пішкен тонның келте болмайтыны әу-бастан белгілі. Шынында, аудан көлемінде азаматтық қоғам өкілдерімен, жергілікті қоғамдастықпен, тұрғындармен бірлесіп, ақылдаса отырып атқаратын шаруалар шаш етектен. Бұл бірінші кезекте ауылдарда ауыз су, газ құбырларын тарту, көшелерге лоток орнату, тоғандарды жөндеу, т.б. мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты. Біз мұны былтыр аудан көлемінде халықтың игілігіне облыс, республика қазынасынан қыруар қаржы бөлініп атқарылған тірліктерге байланысты айтып отырмыз. Мемлекеттік сатып алудан жеңімпаз атанып, құрылыстарды жүргізген кейбір мердігер компаниялар өздеріне тапсырылған жұмысты сапасыз атқарғанын да көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Мысалы, бір ғана Шақпақ ауылдық округінің Ынтымақ ауылында ауызсу жүргізу ісін қолға алған «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ауыл тұрғындарынан қаншама сын-ескертпелер айтылды. Бұл жөнінде аудандық газетте сыни мақалалар да жарық көрді.
Міне, осындай сәтте жергілікті қоғамдастық мүшелерінің атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылауда рөлі зор. Азаматтық қоғам өкілдері де осындай игілікті істің басы-қасынан табылып, құрылыстарда кеткен кемшіліктерді дер кезінде байқап, тиісті орындарға ұсыныс беріп жатса, қаншама сапасыз тірліктің алдын алған болар едік. Халықтық бақылау бірінші кезекте өзімізге керек дүние. Егер мердігер мекеме жұмысын сапасыз атқарып кетіп қалса, оның залал-зардабын ертең өзіміз тартпаймыз ба?! Сөз соңында айтарымыз, «Желге ұшып, шашылып жатқан мемлекеттің қаржысы емес пе? Менің нем кетті» деген ойдан аулақ болып, қай-қайсысымыз да халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға белсене атсалыссақ, өңіріміздің өркендеуіне қосқан үлесіміз болар еді…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close