Basty bet

Көп бала көгергенімізге жақсы

Отан – отбасынан басталады. Отбасы – Отанның тірегі. Құдайға шүкір, елімізде тәуелсіздіктің тірегі боларлық іргесі берік отбасылар көп. Тәуелсіздік жылдары көтерілген әрбір шаңырақта бүгінде азаттықтың рухымен тәуелсіздік туының астында саналы да алғыр ұрпақтар өсіп келеді. Олардың Отанның дамуына қосып отырған үлестері де қомақты.

Б.Момышұлы ауылында тұратын Мәдімаровтар отбасын да іргелі әулеттердің қатарына жатқызуға болады. Бұл әулеттің ата-бабалары кезінде Көлтоған ауылында өркен жайып, өніп-өскен екен. Әулеттің алтын діңгегі болған марқұм Ормахан Мәдімаров еңбек ардагері болған. Еңбекқорлығымен, туралығымен ауыл-аймаққа сыйлы, беделді кісі болыпты. Бұрынғы «Путь к коммунизму» колхозында 45 жылдай жүргізуші болып жұмыс істеп, ауылдың, ауданның дамуына елеулі еңбек сіңірген айтулы азамат. Тағдырдың жазуымен 2003 жылы дүниеден озыпты. Бүгінде әулеттің анасындай болған Күләйша апаның көзі тірі. Жасы 75-те. Ұл-қыздарын жеткізіп, оларды үйлі-жайлы етіп, құтты орындарына қондырып, немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған жайы бар. Күләйша апа жеті бала тәрбиелеп, өсірген «Күміс алқа, «Алтын алқа» алқаларын иеленген ардақты ана. Аудан орталығында тұратын ортаншы ұлы Жамбыл мен келіні Жұлдыздың қолында бақытты ғұмыр кешуде.
“Келін ененің топырағынан жаралады” демекші, бұл әулеттің ортаншы келіні Жұлдыз Мәдімарова да алты баланың анасы. «Күміс алқа» алқасының иегері. Отағасы Жамбыл Ормаханұлы екеуі 1999-шы жылы шаңырақ көтерген. Жамбылдың ата-аналары ортаншы ұлын бөлек шығару ниетімен оларға 1999 жылдың қыркүйек айында аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан үй сатып әпереді. Жас шаңырақтың иелері Жамбыл мен Жұлдыз сол жылдан бері осында тұрып, ұрпақ өрбітіп келеді.
-«Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деп бұрынғы аталарамыз тегін айтпаған. Үйленген жылдың күзінде ата-анамыз бізді бөлек шығарды. Алғашқыда қиыншылықтар болды. Ол тұста еліміз енді-енді аяққа тұрып келе жатқан кез болатын. Біз де сол тұстағы қиыншылықтарды бастан өткердік. Әкем өмір бойы колхоздың жұмысында істеген кісі еді. Кейіннен денсаулығы болмай, жиі ауыра беретін болған соң әкеміз бен анамызды өз қолымызға алдық. Содан әкем 2003 жылы 67 жасында өмірден озды. 2000-шы жылы бірінші баламыз Думан дүниеге келді. Содан бір отбасы болып, өмірдің көшіне ілесіп кеттік,- дейді шаңырақтың иесі Жамбыл Мәдімаров.
Жамбыл Көлтоған ауылындағы С.Бәйтіков атындағы орта мектепті бітірген соң Жамбыл қаласындағы жүргізушілер дайындайтын курсты оқып, куәлік алады. Одан кейін біраз жыл колхоздың жұмыстарын істейді. Аудан орталығына көшіп келген соң отағасы Жамбылға жаңа тірлік бастау қажет болды. Ары ойланып, бері ойланып, ата-анасымен ақылдаса келе жеке кәсіпкерлікке біржолата бет бұрды. Ауылда төрт түліктің ішінде өскен адамға малмен айналысу, оның ішінде малды бордақылап сою, алып сату жұмыстары аса қиындық тудырған жоқ. Пайдасы мол бұл тірлікті марқұм әкесі де қолдап отырды. Оның мал бордақылап, ет өнімдерін өткізумен тұрақты айналысып келе жатқанына да биыл 21 жылға аяқ басып барады екен. Одан жаман болған жоқ. Бір жағынан бос жүрмейді, бір жағынан жанұяда бірінен соң бірі дүниеге келіп жатқан үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздарды асырауға нәпақа табады. Абай айтқандай, адал жолмен жүріп, адал еңбекпен мал табу деген осы болар.
Бала дегенде елжіремейтін адам жоқ. Марқұм әкелері Ормаханның жүрегі қанша жұмсақ болса да, әсіресе бала тәрбиесіне келгенде аса қатал болды. Отбасында жары Күләйша екеуі жеті бала тәрбиелесе, одан бөлек, күйеуі жастай қайтыс болған әпкесінің бес бірдей баласын өз қамқорлығына алып, бәрін үйлі-жайлы етіп, парызынан құтылды. Қазір Ормахан атаның жиендері де бір-бір үй болып, түтін түтетіп отыр. Жүректің кеңдігі, пейілдің тазалығы деген осы болар. Әйтпесе, ол жиендерін бауырына басып, қамқорлығына алмас алар ме еді, алмас па еді кім білсін?!
Мәдімаровтар отбасының отанасы, алты баланың анасы, бүгінде қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған Жұлдыз Мәдімарова да көпбалалы отбасынан шыққан. Қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Әбжаппар Жылқышиев ауылында туып-өскен екен. Ата-аналары Доқтырбай мен Райкүл тоғыз бала тәрбиелеп өсірген. Жұлдыз үйдің кенже қызы. Жамбыл технологиялық институтының тігін технологиясы факультетін бітірген. Кейіннен «Болашақ» колледжін, одан кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын мектепке дейінгі білім беру және музыкалық факультеттерін бітірген. Көп жыл бала күтімімен үйде отырған ол 2016 жылдан бері аудан орталығындағы «Аягүл» балабақшасында алғашқыда тәрбиеші, қазір бүлдіршіндерге ән және би сабақтарынан дәріс береді. Жұмыс барысында, жалпы өнер жолында алған марапаттары өте көп.
Ендігі кезекте алты баланың ата-анасы Жамбыл мен Жұлдыздың қалай танысып, отау құрғандары туралы айта кетейік. Бір қызығы, олар дәл 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде танысқан екен. Иә, сол мереке күні Тараз қаласының «Достық» алаңында үлкен концерттік іс-шара ұйымдастырылып, онда қазіргі белгілі эстрада жұлдыздары Бақыт Шадаева, Гаухар Қаспақова, т.б. әншілер өнер көрсетеді. Жастайынан өнерді сүйіп өскен өнерпаз қыз Жұлдыз Доқтырбайқызы да сол концертте өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Отағасы Жамбыл онда 25-тен асып, ақыл тоқтатқан жігіт еді. Ол Жұлдызды сол күнгі концертте көргеннен бірден ұнатып, мереке күнгі танысудың арты үлкен махаббатқа ұласып, 1999 жылы шаңырақ көтереді. Содан міне, бұл жарасымды жанұяда алты бала жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді.
Тұңғыштары Думан Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде мемлекеттік басқару мамандығында білім алса, қыздары Жанерке елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде мемлекеттік аудит мамандығында оқып жатыр. Екеуі де мектепті үздік бітіріп, мемлекеттік грантты иеленген. Одан кейінгі ұлдары Сабыржан, Шыңғыс, Бейбарыс, кенже қыздары Айару да №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның үздік оқушылары. Олар сабақтан тыс уақыттарда қосымша күрес, ән-би үйірмелеріне белсене қатысатын көрінеді.
-«Баланы ботқа беріп тәрбиелегенше, бата беріп тәрбиеле» деген ұлағатты сөз бар. Біз отбасында балалардың тәрбиесіне, білім алуларына көп көңіл бөлеміз. Бала қай нәрсеге бейім болса, ары қарай да сол дүниені дамытуға күш саламыз. Біле білгенге, отбасы – үлкен тәрбиеның ошағы. Бала отбасында жастайынан қандай тәрбиені бойына сіңірсе, кейін де солай болып қалыптасады. Ең алдымен тазалыққа, тәртіпке мән береміз. Содан кейін, білім игеруіне, өнер және спортпен айналысуға көп көңіл бөлеміз. Жалпы балаларды жан-жақты дамытуға мән беріп, олардан ештеңе аямаймыз. Балалар бұдан жаман болып жатқан жоқ. Алға қойған арман-мақсаттары айқын,- дейді отанасы Жұлдыз Мәдімарова.
«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» демекші, көпбалалы Мәдімаровтар жанұясында әулеттің ақылшысы мен ұйытқысы, немере-шөберелеріне сүйікті әже болып отырған үлкен аналары бар. Ол кісі ұлдары мен келіндеріне, немере-шөберелеріне үнемі ақылын айтып отырады екен. Ешқашан дауыс көтеріп, ұрысқанын байқаған емеспіз дейді ұлы мен келіні. Күләйша апа бәрін ақыл-парасатпен тәрбиелейді. Бүгінде 75 жастағы ардақты ана ұл-қыздарынан 20 немере, 14 шөбере сүйіп отыр.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close