Basty bet

Даму көрсеткіштері сараланды

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары алдындағы қорытынды есеп беру кездесуін өткізді. Есеп беру жиынына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлім, мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынды Б.Момышұлы ауылының әкімі К.Хайралапов ашып, жүргізіп отырды. Ол жиналыстың күн тәртібімен таныстырып, алғашқы сөзді ауылдың учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Нұржан Жұмалиевке берді. Учаскелік полиция инспекторы жыл қорытындысына арналған баяндама жасап, тұрғындар алдында есеп берді. Сонымен қатар, ол 2019 жылға орын алған кемшіліктерді назарға алып, жергілікті полиция қызметіне тұрғындардың сенімін арттыруға, нәтижелі жұмыс жасауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, жүктелген міндеттерді орындауға дайын екендігін жеткізді.
Учаскелік полиция инспекторының баяндамасынан соң, ауыл әкімі К.Хайралапов өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы ауқымды есептік баяндама жасады. Одан әрі тұрғындар аудан әкімі Нарбай Ергебековтің өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындылары мен алдағы даму болжамдары туралы баяндамасын тыңдады. Баяндамада атқарылған жұмыстар кеңінен көрініс тауып, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері сараланды.
Баяндамадан кейін жарыссөзге алғаш болып ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов шықты. Ол аудан және ауыл әкімдерінің атқарған жұмысы ел-жұрттың көз алдында өтіп жатқанын және халықтың тұрмыс сапасы мен жағдайын көтеруге бағытталғанын атап көрсете келе, өңірде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Сонымен қатар, К.Дәуренов аудан және ауыл әкімдеріне бірнеше ұсыныс-тілегі мен сауалын жолдады: «Ең алдымен, ауыл ардагерлерін облыс орталығында өткен жылы жаңадан бой көтерген мәдени ошақтарына саяхат жасау үшін жолдама берілсе деп едім. Екіншіден, жазушы Шерхан Мұртазаның тұрған үйін мұражай етіп жасап, ауылдың бір көшесіне, бір мектепке атын берсек, жазушы атындағы саябақты жандандырсақ ұлт алдындағы парызымыз орындалар еді. Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылы ардагерлерінің сұранысымен еліміздегі айтулы мерейтойларға орай Өзбекстан Республикасының Ташкент, Бұқара, Самарқан қалаларына сапарлап қайтуға мүмкіндік жасасаңыз екен» деді ол.
Ал, аудандық мәслихаттың депутаты Күлбақыт Айтқұлова халықпен тығыз байланыста екенін, әсіресе теміржолдың астыңғы бөлігінің көшелерінде тұратын тұрғындармен тығыз жұмыс жасайтынын айтты. Осы орайда, аталған бөліктің тұрғындарының тілегі көп жылдары бойы көтеріліп келе жатқан Әулие бастау көшесінің жолын жөндеу мәселесін жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған Шора Искаков ауданда атқарылған жұмыстардың бірі заңсыз сауда орындарының ретке келтірілгені екенін айта келе, Б.Момышұлы ауылының шығыс бөлігіндегі бейітті қоршау керектігін ұсынды.
Есептік жиында ауыл тұрғындарының бірқатары №29 орта мектебіне баратын жолдың жағдайын көтерді. Олар көше бойына оқушылардың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру және мектеп жанындағы сайға өткел салу керектігін аудан және ауыл әкімдерінің назарына ұсынды.
Жиынды аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы қорыта келе, тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға нақты жауап берді. Сондай-ақ, аудан басшысы өз сөзінде ұлттық ойынды дамыту үшін Б.Момышұлы ауылынан атшабар салынатынын және оны салуда техникалық қауіпсіздік ережелері сақталатынын баса айтты.

Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close