Basty bet

Аудан шаруалары Нұр-Сұлтанда

Аудан шаруа қожалықтары аудан, облыс және республика деңгейінде ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкелерден шет қалып жатқан жоқ. Үнемі белсенділік танытып, өз өнімдерін делдалсыз халыққа нарық бағамынан 10-20 пайыз жеңілдікпен өткеруде. Енді аудан шаруалары сенбі-жексенбі күндері елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жәрмеңкеге жол тартты.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, мұның алдында, өткен аптада Тараз қаласында ұйымдастырылған жәрмеңкеге ауданнан оннан аса шаруа қожалығы қатысып, өз өнімдерін өткізуге мүмкіндік алыпты.
– Облыста алғаш ұйымдастырылған күздік жәрмеңкеге аудан шаруалары алдыңғылардың бірі болып қатысты. Ол жолы жалпы шаруа қожалықтар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер 10 тоннадан астам өнімін өткерді. Атап айтсақ, 1 жылқы, 2 қой етінен бөлек, 1,5 тонна қырыққабат, 4 тонна картоп, және 3 тонна сүт өнімдері бар. Сондай-ақ сәбіз, тауық еті, бал мен алма да жәрмеңке төрінен орын алған болатын, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Бөлім басшысының айтуынша, аудан, облыс және республика деңгейіндегі жәрмеңкелерге баруға ықылас танытқан шаруашылықтар көп екен. Солардың қатарында «Бурное ірімшік зауыты», СМТС пен «Ақмол» ЖШС-ы, «Береке», «Айнаш», «Қуана бер» және «Ақсай» ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Міне, осы серіктестіктер мен шаруа қожалықтары елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған жәрмеңкеге де қатысуға тілек білдіріп, белсенділік танытқан.
Атап айтсақ, аудандағы сүт зауыттары елордаға жәрмеңкеге 3 тоннадан астам сүт өнімдерін, оның ішінде халықтың көп сұранысын тудырған ірімшік, құрт, сарымай мен пастерлендірілген сүт, тағы басқа өнімдері бар. Ал Досымхан Дүйсебеков жетекшілік ететін «Береке» шаруа қожалығы 2 жылқы мен 2 сиырдың етін артқан. Әрбірінің салмағы 250-300 килограмм тартады. Жеке кәсіпкер Айнакүл Ахмадбекова болса, астаналықтарға 1 тонна тауық етін дайындаған.
– Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жәрмеңкеге облыстан жалпы құны 423,2 миллион теңгені құрайтын 495,8 тонна ауыл шаруашылығы тауары және 10 тонна қант жіберілмек. Соның ішінде жуалылық кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтардың да өнімі бар. Атап айтсақ, аудан шаруалары 3 тонна сүт өнімдерін, 2 жылқы мен 2 сиыр, 1 тонна тауық етін жүк автокөліктеріне артты. Жеміс-жидегінен бөлек, 1 тона сәбіз, 5 тонна қырыққабат, 1,5 тонна картоп және 800 килограмм бал бар. Осы жәрмеңкеге алғаш рет «Ақсай» ауыл шаруашылығы кооперативі өздері дайындаған кілемдер мен қолөнер бұйымдарын алып бара жатыр, – дейді Ержан Серкебаев.
Бір атап өтерлігі «Қуана бер» шаруа қожалығы жүкавтокөлігіне 4 тонна Жуалының апортын артқан. Қожалық жетекшісі Жарқын Қалтаев 78 гектар алқапқа орналастырылған алма бағын күтіп-баптауда. «Біз бақтан жиналған алманы республика көлемінде өткереміз. Алматы, Нұр-Сұлтан мен еліміздің солтүстік өңірлеріне жіберіп отырамыз. Мұндай жәрмеңкелердің жиі өткізілуі біз сияқты шаруа қожалықтарға зор мүмкіндік береді, әрі өнімді делдалсыз өткеруге жол ашады» дейді.

Марат Құлибаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close