Basty bet

“Жаңа өмір” жас талаптарға жол ашты

 

«Тәуелсіздік – тұмарым!» шығармашылық байқауының марапаттау рәсімі өтті

Кеше аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы ұйымдастырған «Тәуелсіздік – тұмарым!» атты жастар арасындағы шығармашылық байқауының марапаттау рәсімі өтті. Шараға байқаудың жеңімпаздары, жетекшілері мен ата-аналары және демеушілер қатысты.

Марапаттау рәсімін аудандық газеттің Директор-Бас редакторы Перизат Шымыртайқызы ашты.

Алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Жарқымбаеваға берілді. Ол көпшілікті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, байқаудың маңыздылығына тоқталды.

Байқауға жалпы 17 шығармашылық еңбек түскен. Оның төртеуі поэзия жанрында болса, 13-і проза жанрында. Қатысушылардың үшеуі мұғалім, біреуі аудандық орталық  аурухананың маманы, біреуі жұмыссыз жас, біреуі кітапхана әдіскері, оны оқушы, біреуі мүмкіндігі шектеулі азаматша. Жалпы қатысушылардың біреуі өзге ұлт өкілі.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, шара барысында жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, шығармашыл жандарға жол сілтеу мақсатында түрлі сын-ескертпелер айтылды. Сынды жастардың рухын түсіру, жасыту үшін емес, керісінше, қамшылап, жігерлендіру үшін қазылар алқасы орнымен жеткізді.

Аудандық газеттің редакторы П.Шымыртайқызы: «Енді келіп түскен шығармалардың сапасына тоқталсам, біз бұл байқауды ұйымдастырғанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай байқауға қатысушылардан әркім өзінің ауылы, мектебі туралы тәуелсіздік алған жылдары мен бүгінгі жағдайын салыстыра келіп, жеткен жетістіктерімізді баяндайтын тамаша шығармалар күткен едік. Жастар аға буын өкілдерінен сұрап, ізденіп, еңбектенеді деп ойладық. Алайда көңіл толарлық дүниелер түскен жоқ. Бұл нені білдіреді? Бұл қазіргі жастардың кітап, газет-журнал оқымауының салдары деп ойлаймын. Қазір жастар өзіне керек дүниені интернеттен ғана іздейді. Еңбектенбей, дайын дүниені пайдаланып, жетістікке жеткісі келеді. Бұл, әрине, дұрыс емес.

Шығармаларда интернеттен алынған дүниелер бірден көрініп тұр. Тіпті абзацтары мен сөйлемдері байланыспайды. Грамматикалық қателер көп.

Байқауға қатысып жатқаннан кейін оған жауапкерішілікпен қарау қажет еді. Газет-журнал, кітап оқып өскен буынның өкілдер қате жазбайды. Қате жазуға ұялады. Ал, қазіргі жастарға қате жазу қалыпты жағдай сияқты. «Мына сөз дұрыс жазылды ма? Немесе қалай жазылушы еді» деп ізденбейді. Ал, бізге келіп түскен дүниелерді көріп біз іштей қынжылдық. Оны айтып өтпеске болмайды», дей келіп жастарды кітап, газет-журнал оқуға шақырды.

Сонымен қатар, газеттің редакторы өз сөзінде редакция ұжымы осы байқауды жариялаған соң көп уақыт өтпей Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз, саналы ғұмырын жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына арнаған Мақсатбек Байболов редакцияға келіп, демеуші болуға ұсыныс жасағандығын ерекше атап өтті. Ауданның руханиятына бей-жай қарамайтын ардагердің өмірлік жары Әлия Жақсыбекова да ардагер ұстаз, көпбалалы ана, ақын. Қос қария ауданымыздың төл басылымы «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің байырғы әрі тұрақты, белсенді оқырмандары.

Еліміздің мерейлі мерекесіне орай ұйымдастырылған байқауға Мақсатбек Жүнісұлы жалпы 100 000 теңге көлемінде демеушілік жасады. Оның 80 мың теңгесі байқаудың жүлде қорына бөлінсе, қалған 20 мың теңгесі аз қамтылған, көпбалалы 10 отбасына «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетіне 2020 жылдың ІІ жартыжылдығына тегін жаздырып беруді жөн санап отыр. Міне, көпке үлгі боларлық игі іске атсалысқан ардагерлерге үлгілі істері үшін ұжымның атынан, қалың оқырманның атынан үлкен алғыс айтылды.

Осы орайда, шараның құрметті қонақтары Мақсатбек Байболов пен Әлия Жақсыбекова жастарға деген, газетке деген жақсы пікірлер білдірді.

-Құрметті жиынға қатысушылар! Біздің төл газетімізге деген көзқарасымыз жақсы. «Жаңа өмір» – өзіміздің асыға күтіп, сүйіп оқитын газетіміздің бірі. Аудандық газет ұжымы жақсы бастама бастап, жастар арасында еліміздің төл Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай байқау ұйымдастырғанына отбасымызбен қуандық. Байқауға қатысқан жүлдегер жастардың беталысы мен зейіні, алға ұмтылысы қандай екенін көруге келдік. Жалпы ата-бабамыз аңсаған азаттық бізге оңайшылықпен келмегенін жақсы білесіздер. Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің жағдайы қандай еді? Ал, 30 жылды артқа тастаған еліміздің қазіргі жағдай қандай? Барлығы да көз алдымызда дамып, еліміз өсіп-өркендеп келеді. Біздің мақтанышымыз – елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы. Сарыарқаның төрінен Есілдің бойынан сәні мен салтанаты келіскен әсем қаланың тұрғызылуы – біздің еліміз үшін үлкен жетістік. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген осы болар.

1836-38 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы елдің азаттығы үшін орыстың патшалығының озбыр саясатына қарсы көтеріліске шыққан. Сонда Махамбет Өтемісұлының: «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге, Мал толтырсам деп едім» деген үлкен арманы болған. Міне, біздің ата-бабаларымыз аңсап кеткен тәуелсіздігімізді сақтау, оны қадірлеу – баршамыздың міндетіміз.

Еліміздің ертеңі сіздердің қолдарыңызда. Айналайын, жастар. Сіздерді білімді болуға шақырамын. Кітап, газет оқып, ой-өрістеріңді кеңейтіп, тіл байлықтарыңды молайтуға үндеймін. Әрдайым жолдарың ашық, жандарың білімге құмар болуға тілектеспін,- деді ардагер.

Ал, газеттің тұрақты көзі қырағы оқырманы Әлия Жақсыбекова өз сөзін көпшілікке құттықтау сөзін арнаумен бастады. Еліміздің амандығы мен тыныштығын тіледі. «Еліміздің егемендігіне биыл 30 жыл толып отыр. Осы жылдары жеткен жетістіктеріміз өте көп. Білмеген дүниемізді біліп, тұмшаланған тарихымызмен танысып жатырмыз. Дүниенің төрт бұрышында біздің қазақтың ата-бабаларының ізі қалған. Еліміз жыл санап дамып, көркейіп келеді. Оның ішінде өзіміздің ауданымыздың кескін-келбеті де көркейіп, жаңаруда. Тәуелсіз елдің болашағы – білімді ұрпақ қолында. Сондықтан өздеріңізді рухани байытып, көп еңбектеніп, ізденіңіздер»,- деді ол.

Шарада жас қаламгерлермен жұмыс жасап жүрген тілшілердің бірі, әріптестеріміздің атынан редактордың орынбасары Нұржан Манасұлы сөз алып, өз ой-пікірін білдірді. Ол жастарға дұрыс шығарма жазудың жолдарын түсіндіріп, алдағы уақытта сыннан нәтиже шығаруды айтып өтті. Сонымен қатар, газет ұжымы бұл байқаумен ғана шектелмей, аға буын өкілдері арасында да дәл осындай байқау ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.

Кезек марапаттау рәсіміне беріліп, байқауда белсенділік танытып, қатысқаны үшін талаптылық Анель Әлімбекқызына, қошқараталық Мақсат Алмабайға, көлтоғандық жас талап Марина Леоненкоға Алғысхат пен ынталандыру сыйлықтар табысталды. Ал, ақбастаулық Ақерке Кенжебекке Алғысхат пен ынталандыру сыйлығын түс ауа редактордың орынбасары Нұржан Манасұлы үйіне барып табыстап, игі тілегін білдірді.

Байқаудың жүлделі ІІІ орны (жүлдесі 10 000) Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты ауылынан Нұржас Тұрарбекке берілсе, ІІ орны (жүлдесі 20 000) нұрлыкенттік жас айтыскер ақын Санжар Даярбекке бұйырды. Ал, байқау қатысушыларының арасынан жүзден жүйрік шығып, оза шапқан қошқараталық жазба және айтыс ақыны Әуесхан Үркімбаев байқаудың жеңімпазы (жүлдесі 30 000) атанды. Жүлделі орын иегерлеріне газеттің арнайы Дипломдарын аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Жарқымбаева, тіл маманы Фариза Оразымбетова, газеттің құрылтайшысы Әбуғали Ералиев табыстаса, қаржылай сыйлақтарды байқаудың демеушісі Мақсатбек Жүнісұлы өз қолымен табыстады.

Жиында ардагерлер төл басылымға деген ерекше ықыластарын білдіріп, рухани бай болу үшін газетті оқуға шақырды. Газеттің кешегісі мен бүгінгісін бағамдап, шығармашылық табыс тіледі. Газет ұжымы да байқауға демеушілік жасап, азаматтық танытқан ардагер ұстаздарды Алғысхатпен және естелік сыйлықпен марапаттады.

Қорыта келгенде, байқау қатысушыларына бағытталып айтылған сыни пікірлер мен ескертпелер алдағы уақытта ескеріледі деп есенеміз. Тәуелсіздікті жырлау үшін ең алдымен жүрек пен көңілдің толғанысы қажет-ақ. Құрғақ сөзбен, арзан теңеумен байқау жүлдегері атанамын деген ойдан аулақ болған жөн. Тәуелсіздікті тұмар етіп, қастерлегенде ғана шынайы, асыл дүниелердің туатынына сенгіміз келеді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close