Basty bet

Журналистер одағына қабылданды

«Журналистің – арқалағаны алтын, жегені – жантақ» деп қазақ көсемсөзінің көрнекті өкілі, журналистердің талай буынын «қанатының астына» алып тәрбиелеген Шерхан Мұртаза айтқандай, қалам ұстаған журналистерге қоғам тарапынан артылар жауапкершілік жүгінің салмағы ауыр екені белгілі. Осы ретте аудан баспасөзінің қарашаңырағы саналатын Жуалы аудандық «Jańa ómir – Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетін қазіргі таңда елімізге танымал жазушылар мен журналистердің талай буынына бағыт-бағдар беріп, қанаттандырған киелі табалдырық деп айтуға болады.

Осынау қара шаңырақта аудан тұрғындарына жағымды жаңалық, шынайы ақпарат жеткізумен, сонымен қатар, журналистика саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар еңбек етіп келеді. Олардың қатарында ардагер журналистер Мейірбек Мәтенов, Гүлмира Дембаева, бүгінде облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің белді қызметкеріне айналған Марат Құлибаев сынды сақа қаламгерлер бар. Аталған азаматтар Қазақстан Журналистер одағының мүшелері.
Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне орай тағы бір әріптесіміз жорналшылар одағының мүшесі атанды. Жуалы аудандық «Jańa ómir-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының орынбасары Нұржан Манасұлы Қазақстан Журналистер одағына мүше болып қабылданды. Нұржан Манасұлы алғашқы еңбек жолын 2009 жылы газет редакциясында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен бастаған. Тоғыз жылдан бері аға тілші болып жемісті еңбек етіп, 2020 жылдың қаңтар айынан Бас редактордың орынбасары болып тағайындалған болатын.
Әріптесімізге шығармашылық табыстар тілейміз.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close