Basty bet

“Көксай” этно-туристік демалыс аймағынан қысқы тау-шаңғы базасы ашылды

Жуалының әсем табиғаты мен таза ауасына тамсанып, ән-жырын арнамаған, қаламынан сыр шертпеген ақын-жазушылар жоқ шығар, сірә. Ал, соңғы жылдары осы аймақтың көзтартарлықтай, ғажап табиғатын жергілікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып отыр деп айтуға толық негіз бар. Өңірімізде жыл санап кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Осылайша, Жуалы ауданы туризм саласын да жақсы жолға қояды деген үміттеміз.

Туризм – әлемдегі экономикалық кірісі ең жоғары саланың бірі. Оның елдің экономикалық қуатын арттырып, халықтың тұрмысын жақсартудағы, жұмыссыздықты азайтып, кәсіптену орайын арттырудағы өнімі өзгеше.
Туризмнің жалпы жағдайына қарағанда, қазір қысқы туризмнің аяқ алысы өте тез дамуда. Әсіресе, қысқы спорт түрлерімен қатар, қысқы көңіл ашу шараларын өткізуге тиімді өңірлердің туризмі түрленіп келеді.
Осыған орай, өткен сенбі күні туристік әлеуеті бар, тасын түртсең тарихтан сыр шертетін жері, суы дуалы Жуалы өңірінде орналасқан «Көксай» этно-туристік демалыс аймағындағы тау-шаңғы базасының ашылуына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы келіп, демалыс аймағының тұсауын салтанатты жағдайда кесті.
Ашылу салтанатына, сонымен қатар, аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудан әкімінің орынбасарлары, Рақымғазы Құниязов, Анар Ахметова, облыс пен аудандағы зиялы қауым өкілдері және шет аймақтардан келген туристер қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде, жергілікті жердің ауа райы, табиғаты туризмді дамытуға қолайлы екенін атап өтті.
– Шаңғы базасының қысқы спорт түрлерімен және ашық аспанның астында серуендеуді ұнататындар үшін таптырмас орын болатыны сөзсіз. Мұнда жамбылдықтар ғана емес, көршілес облыстардың тұрғындары да демала алады. Келушілердің қысы-жазы демалуы үшін барлық жағдай жасалған. Облыс аумағында туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы Тараз еліміздің қалалары арасында бірінші болып Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енді. Өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін ескере отырып, туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін боламыз, – деді облыс әкімі.
Тау бөктерінің күн шығыс бетіндегі шаңғы базаның шаңғы жолағы осы спорт түріне жаңадан әуестене бастаған адамдар үшін өте қолайлы жасалған. Оның аумағында шаңғылар мен сноубордтарды жалға беру пункті (100 бірлік), шолу алаңы, дәмхана орналасқан. Дәмханадағы тез дайындалатын тағамдар, ыстық шәй, кофе сусындарының дәмі де тіл үйіреді, сондай-ақ бағасы да қолжетімді.
«Көксай» этно-туристік демалыс аймағының басшысы, жеке кәсіпкер Нұрмаханбет Исақовтың айтуынша, жер көлемі 40 гектарды құрайтын этно-туристік демалыс аймағының жобасы толық аяқталғаннан кейін бір мезгілде 1000-1500 адамды қабылдайтын болады деп күтілуде. Облыстағы туристер ағынының артуын ескере отырып, жыл бойы үздіксіз қызмет ететін туризм кластерін дамыту жоспарлануда.
«Көксай» кешенінде қыс мезгілінде ғана емес, жазғы демалысқа да тиісті жағдайлар жасалған. Мұнда үлкен этно-ауыл, қонақ үй кешені, мейрамханалар салынған. Көксай өзенінің бойындағы тау етегінде қонақтарға арналған ағаштан жасалған коттедждер, арқан жолы, тамашалау алаңы, киіз үйлер, спорт кешендері, қонақ үйлер, бассейндер салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда тапшандар, киіз үйлер және ағаштан салынған орыс моншалары пайдалануға берілген.
Демалыс орталығы күніне 500 адамды қабылдай алады. Нысан күн батареялары арқылы толықтай электр қуатымен қамтылуда. Туристік жоба бойынша 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Одан бөлек, мұнда әуесқойларға арналған шаңғымен, конькимен сырғанау орны, жаз мезгілінде: велотуризм, жылқымен серуендеу, арқан жолдары секілді тағы да басқа спорт түрлері жолға қойылып отыр.
Бұл демалыс аймағының ашылуына сонымен қатар, Тараз, Шымкент қалаларынан және Жамбыл облысына қарасты аудандардан келген қонақтардың да қатары көп болды. Тіпті жасы егде тартқан қариялардың немерелерін ертіп, шаңғы тебуді үйретіп жүргендерін көргенде таң қалып, ерекше сүйсіндік. Сондай жандардың бірі – ауданымызға қарасты Түктібай ауылында тұратын ардагер ұстаз, зейнеткер Ақаш Абдалиев те жыл сайын жаз мезгілінде отбасымен бірге келіп, осында демалатындығын айтады.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, демалыс аймағының табиғаты керемет. Бүгін енді міне немерелеріммен бірге келіп, оларға шаңғы тебуді үйретіп жүрмін. Өзім жас кезімде шаңғы тебуден алдыма жан салмайтын едім. Қазіргі кезде жастар компьютер мен ұялы телефоннан бас алмайды. Одан гөрі, осындай демалыс аймағына келіп, спортпен шұғылданса, денсаулықтары да мықты болар еді, бір мезгіл жұмыстан ойлары бөлініп, ми тынықтыруға да таптырмас орын деп айтар едім. Сондықтан мұндай демалыс орнының ашылуына мұрындық болып отырған басшыларға мың алғыс айтамын, – дейді ақсақал.
Өздерін жеке кәспкерміз деп таныстырған Олжас Шәймерденов, Бақытжан Жұмабеков есімді азаматтар облысымыздың Байзақ ауданынан келіпті. Олар достарымен бірге демалыс аймағына бесінші рет келіп отырғанын айтады. Шаңғы тебуге де қызығушылықтары жоғары екен. Қызмет көрсету сапасы, қонақ үйлері, моншасы да заманауи үлгіде салынғанын және бағалары да қолжетімді екендігін тілге тиек етті.
– Біз тек достарымызбен ғана емес, сонымен қатар жанұямызбен бірге көктем, жаз мезгілдерінде келіп, ылғи демалып тұрамыз, – дейді олар.
Хош. Көксай шатқалынан ашылғалы отырған этно-туристік кешеннің жұмысы өңір туризмінің дамуына үлкен ықпалын тигізеді деп сенеміз. Мұнымен шектеліп қалмай, туризм саласын дамытудың аясын кеңейте түсу маңызды. Аталған туристік нысанның ашылуы өңір туризмін түрлендіре түсетініне күмән жоқ.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close