Basty bet
Ортағасырлық Құлансай қалашығы
Ортағасырлық Құлансай қалашығы Шақпақата ауылының солтүстік батысында 10 шақырым жерде 1975 жылдарға дейін Шаңышқылы руы мекендеген Бірлік ауылының шығысында 1,5 шақырым жерде орналасқан. Қоңыртөбе аталатын төбенің батыс тұсында жатыр. Бұл қалашықты Жамбыл облысының энциклопедиясында ортағасырлық «Қырықкүрзі» қалашығы деп көрсетілген. (389 бет) Қалашықты не себепті олай «Қырықкүрзі» деп атаған этимологиясы белгісіз.
Қалашық бекіністі мекенжұрт болған. Оны алғаш 1940 жылы Жамбыл археологиялық пунктінің жетекшісі Г.И.Пацевич тексеріп, зерттеу жүргізген.
Жамбыл облысы өңірінің тарихын зерттеуші Героним Иосифович Пацевич облыстың, соның ішінде Жуалы өңірінің барлық экспедициялар зерттеулеріне қатысқан. Оның зерттеушілері орта ғасырлық топографиялық жобалары, жасаған сипаттамалары осы күнге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Осы тұрғыдан атақты археологтың қысқаша өмір тарихы мен Жуалы өңіріне жасаған археологиялық зерттеулері туралы айта кеткенді жөн көріп отырмын.
Өңір тарихын зерттеуші Герним Иосифович Пацевич 1893 жылы Беларусь Республикасы Витебск облысында дүниеге келген. 1917 жылы Москвадағы Археологиялық институтты бітірген. ҰОС алдыңғы жылдарындағы (1934-1938 жж) Г.И.Пацевич Қазақстан Орталық музейінде ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. Ол осы жылдары А.Н.Бернштам басқарған Жетісу археологиялық экспедициясының жұмысына белсене араласты. 1940 жылдан бастап Жамбыл археологиялық институтының директоры қызметін атқарған. Г.И.Пацевич Талас және Шу өңірлеріндегі ежелгі сауда жолдарын зерттеп, оны өңірдегі орта ғасырлық топографиялық ерекшеліктеріне тоқталып, сол өңірдегі орта ғасырлық қалалардың топографиялық сызба жобаларын жасады. Г.И.Пацевич Қазақстанның ежелгі тұрғындарының тұрмысын, архитектурасын, топографиясын және құрылысын қамтыған 50-ге жуық еңбек жазды. Г.И.Пацевич өз кәсібіне шын берілген азаматтық ерлігінің арқасында Айша бибі жеріндегі тарихи сәулет өнерінің ХІ-ХІІ ғасырлардағы тамаша ескерткіші Айша бибі мен Бабажа хатун кесенелері қирату мен талан-тараждан аман алып қалып, ол біздің заманымызға аман-есен жетті.
Г.И.Пацевич Жуалы өңіріндегі Ақсай ауылдық округіне қарасты Диқан ауылының солтүстігіндегі орта ғасырлық Абдрасиаб мүрде қала жұртын (1940) соған іргелес ортағасырлық «Адыраспан төбе» бекіністі мекен жұртын сондай-ақ Қайрат ауылының оңтүстігіндегі «Нан жер» аталатын қала жұртты Қаратас аймағындағы «Қоғасай» археологиялық кешенін Билікөл аймағындағы Сақ-Үйсін обаларын (1939ж) Тасбастау ауылының шығысыныдағы ерте темір дәуірінің обаларын (1939ж) Жетітөбе қорымын, Шыңбұлақ аулының солтүстік шығысындағы обаны, Қосмұрат аулының шығысындағы Теріс өзенінің жағасындағы обаларды анықтаған. Баркуаб ортағасырлық қала жұртына оның экспедициясы қазба жұмысын жүргізген.
1940 жылы Жамбыл археологиялық интитутының Г.И.Пацевич бастаған экспедициясы зерттеу жүргізген Шақпақата ауылының шығысындағы үлкен қорым ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштерін (барлығы 14 оба) сондай-ақ Ынтымақө ауылының шығысындағы Барсықырық қамалының сол жағалауындағы Шақпақ өзенінің жағасындағы VIII-XI ғасырдың мекенжұрттарын зерттеген. Жүргізілген осынау зерттеулер мен археологиялық жұмыстардың нәтижесінде Г.И.Пацевич 1954 жылы Москвада «Оңтүстік Қазақстанның орта ғасырлық қалалары мен қоныстары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. Ортағасырлық Құлансай қалашығының орнын Г.И.Пацевичтен соң 1978 жылы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы зерттеген. 2013 жылы «Археологиялық экспедиция» ЖШС-ның ескерткіштер жинағы Құлансай қаласын қайта зерттеген.
Құлансай қалашығының жобасы 130х142 метр болатын төрт бұрышты екі алаңнан тұрады. Жоғарғы алаң 2-3 метрдей жоғары және төрт бұрышында мұнаралар орналасқан. Қаланың бұрыштары төрт тарапқа бағытталған. Аумақтық периметрі бойынша 10-12-ге жуық төбе тұрғын алаңдардың орны байқалады. Топырықтан үйілген үйінді қорғанның биіктігі 3-3,5 метрдей. Ал қамалдың биіктігі 5-6 метрді құрайды. Мұнда қабырғалары 6-7 метр, қамалдың негізгі бөлмесі арқылы бөлінген. Бірнеше бөлмелер және өлшемі 15-20 метр болатын аула бар. Қабырғалардың ірге тасы негізінен ірі тастар мен ұсақ қиыршықтардан тұрады. Зерттеулердің нәтижесінде қалашықтың Х-ХІІ ғасырларға жатқызуға болады деген тұжырым жасалған. Бұл орта ғасырлық Құлансай қаласы туралы мәлімет Жамбыл облысы Жуалы ауданы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағынан алынды.
Бұл мәліметтерге қосарымыз, жақында Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы арнайы экспедиция ұйымдастырып Құлансай қаласының орнына зерттеу жүргізіп, бекіністі мекенжұрт Құлансай қаласының жобасы мен өлшемдерін алып, суретке түсірді. Оған қосымша Құлансай қаласының батысындағы VIII-XIІ ғасырларға тиесілі күзет мұнарасына зерттеу жүргізіліп, суретке түсірілді. Күзет мұнарасының қазіргі биіктігі 11 метрді, ал көлемінің өлшемі 45х35 метрді құрайды. Біздің пайымдауымызша, Жуалы аймағынан өткен Ұлы Жібек жолының бір тармағы осы Құлансай қалашығы арқылы өткен. Құлантау мен Боралдай тауларының түйіскен жеріндегі Құлан асуы арқылы қазіргі кезге дейін Батысқа қарай өтетін жол болған. Қаланың Құлансай аталуы да осы асудың атауына байланысты. 1914 жылы Құлан асуындағы тастарды бұзып австриялық тұтқындар жол салған деген тарихи дерек бар. Кейінірек ағылшындар осы Құлан асуы арқылы Боралдай шахтасының көмірін Түлкібастағы темір жолға жеткізген. Сол кездегі асудағы аршадан соғылған көпір әлі күнге дейін сақталған.
Музей қызмектерлерінің экспедициясы кезінде Құлансай қалашығына ұзын тіреу ретінде (партал) пайдаланылған ұзындығы 3,4 метр болатын қырлары өңделген тас Қоңыртөбенің маңынан табылды. Орта ғасырлық жәдігер аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашық аспан астындағы мұражайына қойылды.
Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
ҚР-ның үздік өлкетанушысы