Basty bet
Талапты бала талпынған құстай…
Әрбір бала – өзіндік ерекшелігі бар жеке тұлға. Тек оны тани білу, таныта білу ұстаз бен ата-ананың қолында. Баланың дамуы, оның өнерге болмаса, басқа дүниеге бейімдігі, қызығушылығы балабақшадан басталатыны даусыз. Бұлай деуіміздің себебі, бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Альмира Марсельдің бойындағы өнері дәл осы балабақшадан бастау алған.
Тілі былдырлап шығып, оның қылықтарын қызықтаған ата-анасы Альмираны аудан орталығындағы №1 бөбекжай-балабақшасына береді. Балабақшада ол түрлі той-думандағы әндерді әуендете айтып, қысылмастан ортада би билейді екен. Бұны байқаған музыка жетекшісі Данияр Ералиев өнерлі бүлдіршінмен жеке жұмыс істеуді ұйғарып, үлкен сахнада өнер көрсетуіне дайындық жасайды. Бала Альмираның алғашқы жеңісі 2012 жылы аудандық «Әнші балапан» байқауында Бас жүлдені жеңіп алуы болады. Бұл – оның өнерге деген алғашқы баспалдағы еді.
Жас талап бүгінгі таңда №1 мектеп-гимназияның 8 сынып оқушысы. Үлгерімі мен тәртібі жақсы оқушылардың қатарында. Сабағымен қоса, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Қосымша ағылшын тілін оқыту орталығына, «Аула клубына», таеквондо мектебіне қатысып, өзін жан-жақты дамытуда. Көбінесе патриоттық әндерді айтқанды, өлеңді мәнерлеп оқығанды жақсы көреді. Осындай рухты өлеңдерді оқитын ол «Ана тілім – барым, басты құндылығым. Ана тіліме деген сүйіспеншілігімді, құрметімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес» дейді. Ол қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың, ақын Күләш Ахметованың өлеңдерін сүйіп оқып, «Бабалар рухы», «Қазақтың баласы», «Сәлем саған, туған ел!» әндерін әуелете шырқап жүр.
«Әнді айтсаң, жаныңды жеп айтасың» демекші, Альмира патриоттық әндерді жан-тәнімен беріліп айтқанда тыңдаған адамның бойында рух пайда болады. Ал, рухты өлеңдерді мәнерлеп оқығанда ұйықтаған көңілдер оянып, бір серпіліп қаласың. Өйткені, өнерге талпынып, ізденуінің арқасында Альмираның бойында қазақи намыс, патриоттық сезім пайда болған. Осындай өзіндік ән айту стилімен және көркемсөз оқу шеберлігімен танылған Альмира аудандық, облыстық, тіпті республикалық жарыстарда топ жарып, жуалылықтарға жеңіс сыйлап жүрген жайы бар. Ол Алматы қаласында өткен «Ұлы дала дарыны» атты республикалық байқауында ақын К.Ахметованың «Сен қазақсың!» өлеңін мәнерлеп оқып, дипломант атанған. Шымкент шаһарында ұйымдастырылған «Күзгі әуен» республикалық байқауының жүлделі ІІІ орнын иеленген. «Құлан» халықаралық байқауында да жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлаған.
Барлық баланың мектепті жақсы тамамдап, жоғары оқу орнына түсу басты арманы болса, Альмираның арман-мақсаты тіл үйренумен ұштасады. Ол бірнеше тілді меңгерген аудармашы болуды армандайды. Ғасырлық тарихтың, әсем табиғаттың елі Түркия мемлекетінде білім алып, өз еліне пайдасын тигізуді жоспарлауда.
– Мен үйдің кенжесімін. Отбасында төрт ағайындымыз. Әкем Темірлан кәсіпкерлікпен айналысады. Ал, анам Айжан аудандық орталық кітапханада жұмыс істейді. Анам – менің тірегім, бағыт-бағдар беруші, алға жетелеуші жан. Менің жетістігім асыл анамның арқасы. Маған үлкен сенім артып, бойымдағы өнерді шыңдауға ерінбей үлес қосқан, дұрыс жол көрсетуші ардақтым.
Анам кітапханашы болғандықтан маған кітап оқымау ұят. Патриоттық өлеңдермен қатар, «Абай жолы» роман-эпопеясының І томын, балалар әдебиетін оқыдым. Ал, көркемсөз оқу шеберлігімді ағам Диас шыңдады. Ол ән айтып, көркемсөз оқып, бірнеше аспаптарда ойнайды.
Сонымен қатар, алғашқы ұстазым Данияр ағайға да алғысым шексіз. Бүлдіршін кезімнен жалықпай жұмыс істеп, алғашқы жеңістің дәмін татқызды. Сол жеңіс мені әлі күнге дейін алға жетелеп келеді. Ал, қазіргі таңда «Аула клубына» бойымдағы өнерімді жоғалтып алмау үшін вокал үйірмесіне қатысып, Айдана Сегізбай есімді мұғалімнен сабақ алудамын. Мақсатымның бірі тіл үйрену болғандықтан ағылшын тілін оқыту орталығындағы Қанат Сәулембеков жүргізетін курсқа қатысамын. Өзімді-өзім қорғау үшін және дене шынықтырумен айналысу мақсатында ең күрделі спорттың түрі таеквондоға барып жүрмін. Әрбір күнімді пайдалы іспен айналысып өткізгім келеді. Бойымдағы дарын мен қабілет болған соң, оны жоғалтқым келмейді. Керісінше, оны шыңдап, қоғамға және өзіме пайдасы тигенін қалаймын. Өйткені, өнер де, білім де, спорт та адамды рухани жаны таза адам болуға ұмтылдырады, – дейді Альмира.
«Талапты бала талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай» демекші, жас та болса өз қатарластарының алды болып, дарынымен дараланып жүрген Альмира Марсель алдағы уақытта қанаты талмай, алға талпынып, арманына жетіп, өнерімен елді сусындатып, білімімен туған жеріне пайдасын тигізер деген үміттеміз.