Basty bet

Тазалық әр ауладан басталады

«Тазалық – саулық негізі» демекші, тазалықтың денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар екені әлемді шарпыған індетпен күресте айқын көрініс тапты. Дегенмен де осыны біле тұра табалдырықтан басталатын тазалықты қоршаған ортада сақтай бермейміз. Ол біздің әлі де мәдениетіміздің төмендігін білдіреді. Ауылдың келісті келбетінің ажарын ашатын тек сәулетті ғимараттар мен гүлзарлар ғана емес, бірінші кезекте, оның тазалығында. Ал, тазалық әр ауладан, отбасынан басталады.

Шыны керек, көктем шығысымен, ала жаздай қоқыспен алыссақ та, күзде қайта ластанған кейіпке енетініміз рас. Оның міндеті мен ауыртпалығын жауапты қызметкерлерге ысырып қою қисынға келмейді. Әрине, олардың бұл тікелей міндеті шығар, дегенмен әрбір тұрғында туған өлкеге деген жанашырлық пен сүйіспеншілік болуы керек. Сондықтан ортақ іске бөле-жара қарап, жауаптыларға жауапкершілік арқалатпай, түсінген адамға ауылының тазалығына ортақтасатын кез келді. Еш болмаса үй сырты мен аула тазалығына мән берсек, көшеге де көз тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді.
Аудан әкімінің үстіміздегі жылғы 21 тамыздағы №378 қаулысына сәйкес өңіріміздің аумағында күзгі екі айлық маусымы жарияланды. Осы ретте, Қарасаз ауылдық округінде де көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитариялық тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Ауылдық округтің әкімі Бауыржан Тойшыбековтың мәліметінше, елді мекендерде күзгі екі айлықта атқарылатын жұмыстардың іс-шаралар жоспары жасалып, барлық мекемелерге жеткізілген. Сонымен қатар, әрбір тұрғынға, үй иесіне аулаларын таза ұстау, тұрғын үйдің сырт келбетін, қоршауларын жөндеу, сырлау, әктеу және әр аптаның соңында санитариялық тазалық жүргізу қажеттігі туралы хабарламалар таратылып, ескертілген.
Округ аумағындағы барлық елді мекендер, мекемелер мен ұжымдар әр аптаның соңында санитариялық тазалықты сақтау мақсатында сенбіліктер ұйымдастыруда.
Бүгінгі күнге әр тұрғын үй иелері мен мекемелер өз аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізіп, күл-қоқыс аптасына бір рет тасымалдау арқылы шығарылуда.
Округтегі екі елді мекенде ҰОС ардагерлері ескерткіштерінің аумақтары үнемі тазартылып тұрады. Ауылдағы спорт алаңдары тазаланып, ретке келтірілуде. Округ орталығындағы саябақ тазартылып, күтілуде. Округ әкімі аппаратының қоғамдық жұмысшылары арқылы жол бойындағы арық-атыздар мен каналдар тазартылды. Ауыл тұрғындарының шарбағына келетін ағын су арықтары тазартылып, тұрғындар өз тұсындағы арықтарын тазалауда. Ағаш отырғызу әр мекеме және жеке тұрғындармен келісіліп атқарылуда және де отырғызылған теректер мен ағаштар қаралып, бапталуда.
Екі айлық басталғалы белгіленген іс-шараларға сәйкес 5 елді мекенде бірқатар жұмыстар атқарылған. Әр тұрғын үй иелері, мектептер, ауылдық дәрігерлік амбулатория, бөбекжай-балабақша ұжымдары күзгі екі айлық жұмыстарын атқарып, өз үлестерін қосуда.
Осы күнге дейін Б.Момышұлы-Жетітөбе шекарасына дейінгі автокөлік жолының бойы қоқыстардан тазартылып, 3,5 тонна қоқыс шығарылған. Жол бойындағы талдар әктелген. Саябақ аумағы 1/6000 шаршы метр тазаланған. Қоқыс төгетін бір орын жайластырылып, екі кездейсоқ қоқыс төгетін орындар жойылған.
«Сырт көз сыншы» демекші, ауылдың тазалығын сыртынан бақылап, елді мекендегі күзгі екі айлық жұмыстарының жүргізілу барысын көріп қайттық. Ауылдың тазалығы оның кіреберісінен байқалатыны белгілі. Ең бірінші Қарасаз ауылға апарар жол бойындағы аялдамаға көзіміз түсіп, оның ішіндегі шашылған қоқыстар мен аялдаманың белгісі қисайғанын аңғардық. Одан әрі қарай бет алғанымызда жолдың бойы тазартылып, талдардың әктелгені көрініп тұр. Кіреберістегі ауылдың атауы жазылған арка да жаңартылған. Жалпы ауылдың ішінен кез келген жерде шашылған қоқыстар байқалмайды. Алайда кейбір көшелерде қураған шөптер мен ағаштардың үйіндісі жатыр. Сонымен қатар, көше бағыттағыштарының ескеріп, сыры кетіпті. Кейбір шет көшелердегі электр бағаналары да сырланбай қалған.
Ауылдың тазалығы – баршаға ортақ іс. Оған тек жауапты мекеме қызметкерлері ғана емес, ауыл тұрғындары да атсалысқаны абзал. Жалпы, Қарасаз ауылындағы тазалық жұмыстарын жоққа шығарғымыз келмейді. Бірақ әлі де жұмысты ширатып, атқарылар істің көп екенін айтқымыз келеді. Алдағы уақытта ауылдың тазалығына, көркеюіне қарасаздықтар біркісідей бірлігі мен ынтымағын көрсетіп, атсалысатынына сеніміміз мол.

Таңдаулы материалдар

Close