Basty bet

Бәрінен де халықтың амандығы қымбат

Індет күннен-күнге өршіп барады. Қазір кіммен сөйлессеңіз де «Қатты тұмауратып қалдым. Бұл тұмау бұрынғыдан өзгеше, ауыр екен. Түнімен ұйықтай алмадым. Ауыратын жерімнің барлығы қозып, қиналып кеттім немесе танысым, жақыным ауырып жатыр. Абайлаңдаршы!» деген үрейлі әңгімені еститін болдық. Осыдан кейін карантиндік шараларды сақтап, адам көп жиналатын жерлерге бармай сақтанып жүргендер көбейді. Алайда ел ішінде әлі де жайбарақаттық танытып жүргендер кездеседі.

Бұл індет жайбарақаттықты көтермейді. Қатаң тәртіп бар жерде тазалық та, сақтық та болады. Ол үшін не істеуіміз керек? Жер-жерде арнайы құрылған мобильдік топтар кәсіпкерлік нысандарды аралап, сақтық шараларын түсіндіріп, қажет болған жағдайда кәсіпкерлерге айыппұл салуда. Одан да нәтиже аз.
Кәсіпкер карантиндік шараларды өзі сақтамағаны үшін де, халықтан талап етпегені үшін де айыппұл төлеуде. Бұл дұрыс емес демеймін. Дұрыс. Мұның барлығы халықтың саулығы, қауіпсіздігі үшін жасалуда. Алайда тәртіп әр отбасынан басталуы керек емес пе? Әрбір ата-ана өзінен бастап, бала-шағасынан карантиндік шараларды қатаң сақтауын талап етуі керек. Себебі, індетті жұқтырып алсаңыз, егер өзіңіздің немесе отбасы мүшелерінің иммунитеті төмен болса, халі не болмақ?! Ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан карантиндік шараларын барынша қатаң сақтайықшы. Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ.
Адам үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Қай-қайсымыз үшін де бірінші кезекте отбасыңның амандығы, ағайын-туыстың, елдің амандығы қымбат. Бізге қазіргі елдегі жағдайдан артық қандай дәлел керек?! Сондықтан біреудің айтқанын, айыппұл салғанын неге күтеміз?! Қазір дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектердің тапшылығы да орын алуда. Сол себептен ауырмаудың жолын іздеп, дұрыс тамақтанып, дұрыс ұйықтап, саламатты өмір салтын ұстанайық, сақтық шараларын ұстанайық. Қазір жел сөзге ілесіп, той тойлап жүретін уақыт емес.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында коронавирустық инфекцияның алдын алу және таралуын болдырмау мақсатындағы аудандық штабтың кезекті отырысында да осы мәселе кеңінен сөз болды.
Жалпы аудандағы 29 маусым күнгі ахуал аудандық аурухананың берген мәліметі бойынша ауданда COVID-19 індетімен 36 науқас тіркелген. Оның үшеуі инфекциялық стационарда жатса, екі науқас басқа медициналық ұйымға жіберілген. 18-і симптомсыз жеңіл түрі болғандықтан үй карантинінде. 11-і шығарылды.
36 науқастың 33-і аудан тұрғындары, ал үшеуі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жауапты орынбасарларынан, жауапты мекеме басшыларынан аудандағы жағдайды егжей-тегжей, яғни, қажетті дәріханаларда медициналық маскалардың, дәрі-дәрмектердің қамтылуын бақылауда ұстау, кәсіпкерлік нысандардағы карантиндік шаралардың сақталуы, сақталамаған жағдайда айыппұл салу немесе нысандарды жабу, тиісті орындарға дезинфекциялық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігі, мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру туралы нақты тапсырмалар берді.
Жалпы ауданда аудан әкімінің орынбасарлары бастаған мониторингтік топтар кәсіпкерлік нысандармен қатар балабақша, т.б мекемелерді де аралап, тиісті жұмыстарды жүргізуде. Аталған жұмыстардан нәтиже шығу үшін жоғарыда айтқанымыздай, өз денсаулығымызды өзіміз ойлап, әрқайсымыз сақтық шараларын қатаң сақтайық. Індетті жеңудің төте жолы осы ғана. «Сақтанғанды сақтаймын» деген. Сақ болайық, ағайын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close