Basty bet

АБАЙ АЙТСА, ҰЛТ БОЛАШАҒЫ ҮШІН АЙТТЫ

Абай шығармаларында афорзим сөздердің болу және мол болу себептері неде?Әрбір қоғамдық ой өз дәуірінде ғана туа алады. Ал әдебиетте осы ойды беретін тәсіл- белгілі бір жанрда, тарихи қажеттіліктер негізінде, белгілі бір дәуірде ғана туып отырады. Бұл дәуірді халықтардың бәрі бірдей өз басынан өткізетіндіктен ақын да, ол қалыптастырған жанр да, шығарма да өзін туғызған ортадан, ортаның талабынан ұзап алға шығып кетпек емес. Демек, ақынның әдебиеттің қай жанрын тұтынуы мен қай мақсатта шығарма жазуына оның дәуірі үкім айтады.Олай болса, Абай шығармаларындағы афоризмді, оның бесігі- дидактикалық поэзияны әңгіме екенде ең алдымен оны ақынның әдеби жанры ретінде тұтынуына түрткі болған ең негізгі себепті қоғамдық жағдаймен, қоғамдық қажеттілікпен бірлікте сөз еткенде ғана толық түсінуге болады.
Афоризм – бірінші кезекте дидактикалық поэзияның жемісі. Ал ұлы ақын шығармаларынан дидактиканың орын алуына себеп болған жай – сол кездегі қазақ өміріне тән қоғамдық жағдайлар, тіршілік болды. Абай ақындықты қоғамға азаматтық қарызым деп біліп барып, саналы бастады, өзінің алдына өзгеше зор ақындық міндет қойды .
Ел бұзылса,құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп,қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болады демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.
Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық, білімсіздік, ашкөздік, өтірік, өсек, мақтаншақтық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті. Ол – өз дәуірінің өмір шындығын, рухани болмысын танып біліп, өлеңінде, қара сөздерінде өрнектеген ақын.
Асан қайғы желмаясымен жеті түнде де тоқтамай қазақ үшін “жерұйық” іздесе, Абай – қазақ үшін қолынан қаламын тастамай күндіз-түн ой үстінде толғатып, “ұлт бақытын” іздеуден еш шаршамаған, өз қиялындағы кемел қазақты аңсаған аңыз тұлға.
Абай құба шөлден су тауып қаталаған туыстарын, өз қазағын сол бақыт суына шақырған. Алайда,айналасы, сол қамқор жүректі түсінуге шамасы жетпейді.
Абайдың “Мыңмен жалғыз алыстым…”, “Қайран сөзім қор болды-ау…”, “Қараңғы қазақ даласы…”, “Мен бір жұмбақ адаммын…”, “Ішім толы у мен өрт…”, “Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық…”,” Саудасы – ар мен иманы” деп ұлтының бақыты үшін өзін қоярға жер таппайды. Қандай адам бақытты болады?
Ойшыл қиялдан кемел адам жасайды, сол кемелдікке қазақты, тіпті адамзатты шақырады… Ұлы кемеңгер “Мінездерін көргенде қайнайды қаның, ашиды жаның,-” деп ,туған халқына күйінеді. “Бұл қазақты түзету үшін не асқан бай болып ,ата-анасын паралап, балаларын оқуға беру, не қолыңда билік болып, күшпен балаларын ғылымға беру”,- деп келешек білімді қазақты көз алдына елестетеді. “Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос”,- деп елді бірлікке шақырады. Бұл Абайдың ағартушылық, ойшылдық қыры, ол өз алдына үлкен әңгіме. Абай өз ұлтына бақыттың жолын нұсқады. Өз ортасынан жанды мысалдар беріп, көз алдында жүрген адамдарды өз тілімен суреттеді. Жамандықты соқырға таяқ ұстатқандай көрсетті. Қазақ үшін Абайдың Абайлығы осы.
Ақын дәуір биігінде тұрып, өз замандастарынан бастап, заман ақырда келетін ең соңғы қазаққа дейін бақытқа шақырады. Қазақты жанынан артық жақсы көрді. Өз ұлтының кемістігін түрмешелей отырып, ашына жазғанына қарап, ол қазақты сонша жек көрген бе деп ойласақ қатты қателесеміз. Абай атамыз 29-шы қара сөзінде бәрінде делік, қазақ мінезіне, психологиясына, ұлт болмысына, қазақ өмір-салтына, қоғамына зерттеу жүргізеді. Өзі айтқандай “алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім”,- деп тақырыпқа дендеп кіреді, қазақтану ғылымын жасайды. Ұлтының ауруын көрсетеді және оны емдеудің жолын нұсқап, түзеуге шақырады.
Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп біледі. “Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман”, “Ант ішіп күнде берген жаны құрсын”, “арын сатып тіленген малы құрсын”, “Еңбек – қуаныш, жалқаулық арылмас азап”, “Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық,-” деп ақын заман шерін ақтарған. Абай еңбек ете алмаған елдің бүгіні бүтін, ертеңі берік емес деп үйретеді. Оның ойынша еңбектен қашып жұмысты жек көрген адамның өмірі бір-бірін аңдумен, бір-бірін тонаумен өтеді.
“Ұрлық қылар тентіреп тамақ асырар –
Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық..” немесе
“Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын немесе
Арын сатып,ант ұрып іздегені
Бір семіз ат аяғы бір табақ ас” немесе
“Жалға жүр, жат жерге кет,
мал тауып кел” дей отырып, данышпан ары мен иманын сатып, ұрлық қылып, ел аралап мал тапқан, тамағын асыраған адамды мүлде кісі қатарына қоспайды.
Абай егер еңбегің елдің қажетіне, жердің қамына жұмсалмаса, ол еңбек те шын еңбек болмақ емес деп білген. Ол сондықтан да “Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың”-, дейді.
Абай халықтың болашағы жастардың қолында деп білді. Өз өлеңдерін де көбіне соларға арнады.
Талапты ерге нұр жауар, еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей, әуелі өнер ізделік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық,- деп өнер іздеуге, адал еңбек етуге шақырады. Мұны:
Адал жүріп адал тұр,
Есебің тура келуге.
Жаның жақса соңынан,
Жалқауланба еруге…
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңіз,
Өсек, өтірік, мақтаншақ
Еріншек, бекер мал шашпақ-
Бес дұшпаның білсеңіз,
Талап, еңбек, терең ой
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз…
…Жамандықтан жиренсең
Ашыларсың жылма-жыл, – деген өлең жолдары адал еңбек еткен адамның жолы болатынын, алдына мақсат қою керектігін түсінуге жетелейді. Қоғамда араны ашылған пайдакүнемдік, баюға деген құштарлық тойымсыздыққа әкеліп соғатынын Абай сол кездің өзінде аса қауіпті құбылыс деп көрсеткен.
Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтың бас ақыны Абайдың ойы мен сөзі, өнегесі қай заманда да маңыздылығын жоя қоймайтындығы даусыз. Қандай да қиындық пен содан алып шығар жолды нұсқаған Абай: ”Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап” деп бүкіл пенде атаулыға күш-жігер беріп, жол көрсеткен. Осы жол – ақын өсиеті туған халқы үшін өркениеттің өріне жүргізетін, маңдай түзер темір қазығы болды. Бірақ біз еріншектік, пайдақұмарлық, көрсеқұмарлық, байлаусыздықты жеңе алдық па? Елдің ел болуы халықтың өзін-өзі тәрбиелеуіне, қоғамның кертартпа әдеттерден арылуына байланысты деп білген кемеңгердің сөзіне құлақ асып жүрміз бе? Меніңше осы сұрақты әрбір қазақ өз-өзіне қоя білуі қажет. Кінәні өзгеден емес, әуелі өзінен іздей білуі қажет.
Сейсегүл Исматова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close