Basty bet

Әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың 2019 жылғы 13 наурыздағы №70 өкімімен бекітілген аудан әкімдерінің жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімінің ауылдық округтерде халықпен кездесу және әлеуметтік нысандарды аралау кестесі бекітілгені белгілі. Осыған орай аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен аптада ауданға қарасты ең үлкен округ Нұрлыкент ауылдық округінде болса, осы аптаның басында Шақпақ ауылдық округіне ат басын бұрды.

Аудан әкімінің сапары округке қарасты Тәттібай Дүйсебайұлы ауылынан бастау алды. Онда аудан әкімі ауылдағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен тереңірек танысты. Қалың көпшілікке белгілі, өткен жылы аудан көлемінде кітапханалардың жанынан цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылған болатын. Сондай орталықтың бірі Т.Дүйсебайұлы ауылдық кітапханасының ғимаратынан да ашылды. Аудан әкімі орталықтың жұмысымен танысып, кітапхананың оқу, абонемент залдарын аралап көрді. Кітапханашы Сандуғаш Дербісалиева ақпараттық орталықтың толыққанды жұмыс істеп отырғанын және 7 мыңға жуық кітап қоры бар екенін тілге тиек етті. Кітапхананың жұмысын көрген аудан әкімі Н.Ергебеков, мәдениет ошағы қашанда мәдениеттіліктің жарқын үлгісі болуы керек екенін баса айтты. Аудан әкімі ауылдық Әділбай ата мешітінде болып, жамағатпен кездесті. Ауыл имамы Пернебек Бердімбетов мешіттің ғимараты талаптарға сай еместігін айтып, алдағы уақытта жергілікті кәсіпкер демеушілердің көмегімен жаңа мешіттің бой көтеретіні туралы жағымды жаңалықты жеткізді. Келесі кезекте аудан әкімі ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысып, ондағы туындап отырған мәселелерге назар аударды. Атап айтсақ, мұнда интернет, ауыз су, т.б. мәселелер баршылық. Ауыз судың сапасыздығынан тұрғындар жиі ауырады екен. Бұл туралы фельдшер Назгүл Ермекова айтып берді. Мекеменің мәселелерін естіген Н.Ергебеков ағымдағы жылы Т.Дүйсебайұлы ауылынан типтік үлгіде фельдшерлік пункт салынатынын жеткізді.
Ауылдағы №28 Амангелді атындағы 180 орындық орта мектепте бүгінде 279 бала білім алуда. Оның ішінде 67 оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Мектептің тыныс-тіршілігін директор Айгүл Имашева кеңінен айтып берді. Аудан әкімі мектеп жанындағы 50 орындық «Жасұлан» бөбекжай-балабақшасындағы «Айгөлек» және «Балбөбек» ортаңғы топтарында болып, бүлдіршіндерге игі тілегін жеткізді.
Аудан әкімінің округке сапары Шақпақата ауылында өз жалғасын тапты. Онда «Қазақстан-Жуалы» өндірістік кооперативінің жұмысы таныстырылды. Бұл туралы өндірістік кооперативтің төрағасы Әли Жаналиев айтып берді. Ол шаруашылыққа тиесілі 610 гектар жер бар екенін, оның 135 гектарына бидай егілгенін, сонымен бірге қаржы мәселесінің қиындық тудырып отырғанын тілге тиек етті. Шақпақата ауылында 2017 жылы ашылған «Хадиша апа» жеке кәсіпкерлігі құрылыс заттарын өндірумен және шеге шығарумен айналысады. Кәсіпкерлік жетекшісі Еламан Пернешов алдағы уақытта жұмысын жан-жақты дамытуды көздеп отырғанын жеткізді. Кәсіпорынның жұмысымен танысып, жас кәсіпкердің тірлігіне ризашылығын білдірген аудан әкімі Нарбай Ергебеков жаңа заманның талаптарына сай жаңашылдыққа бет бұру қажеттігін еске салды.
Келесі кезекте аудан басшысының назарына «Шақпақата» бөбекжай- балабақшасының, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің, ауылдық мешіттің, дәрігерлік амбулаторияның жұмысы ұсынылды. Дәрігерлік амбулаторияда болғанда аудан әкімі Н.Ергебеков 25 келушіге арналып салынып, өткен жылы пайдалануға берілген мекеменің құрылысында кеткен бірқатар кемшіліктерді көрді. Атап айтсақ, ғимараттың қабырғасы мен іргетасының арасынан ішке қарай су өтеді екен. Бұл мәселелер бойынша аудандық орталық аурухананың басшылығына ұсыныстар жасалу керектігі айтылды.
Ынтымақ ауылындағы №35 Ынтымақ негізгі мектебінде 80 бала білім алуда. Аудан әкімі Н.Ергебеков мектепте болғанда мектеп директоры Батихан Құрмашев бірқатар мәселелерді сөз етіп, білім ошағының спортзалы жоқ екендігін айтты.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлының Шақпақ ауылдық округіне жасаған сапары Шақпақата ауылында қорытындыланып, онда аудан басшысы тұрғындармен кездесті. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, шаруа қожалықтары мен жастар өкілдері, әлеуметтік сала мамандары қатысты. Жиын барысында ауылдық округ әкімі Мұстафа Бектұрғанов атқарған жұмыстары және индикаторлық көрсеткіштерге қолжеткізілуі туралы баяндады.
Ауыл әкімі М.Бектұрғанов жұмыс алгоритмін орындау мақсатында округ әкімінің өкімімен жұмыс кестесі бекітілгенін, кестеге сай елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесіп, проблемалар жинақталып жатқаны туралы әңгімеледі. Сонымен бірге елді мекеннің әлеуметтік төлқұжатын әзірлеу, экономикалық дерекқорын жасау, мемлекеттік мекемелердің жұмысын үйлестіру, округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен нысаналы индикаторлардың орындалуы туралы кеңінен баяндады.
Қорытынды жиын барысында ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілияс Әбішев, жергілікті қауымдастық төрағасы Смайыл Көбесов, зейнеткер Пернебек Бердімбетов т.б. азаматтар сөйлеп, округте туындап отырған жол, жайылым мәселелерін көтерді. Бұл мәселелерге аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары Е.Сейітбеков, М.Пешенов жауап берді.
– Ауылдарда жолға қатысты проблемалардың бар екенін білемін. Барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады. Бір жылдың ішінде бәрін жөндейміз деп айта алмаймын. Бәрі бірден және оңай болады деген ойдан аулақ болуымыз керек. Ауылына қарап, азаматын танитын халықтың өкіліміз. Мен сіздердің округтегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып шықтым. «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, ең алдымен тазалық пен реттілікке мән беруіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, тазалық жүрген жерде имандылық бірге жүреді. Жастар – біздің болашағымыз. Осы орайда жастарды жаңа кәсіптің түрлеріне баулуымыз қажет. Ауылдық жерлерде шағын кәсіптер ашылса, нұр үстіне нұр болмақ. Біз осы бағыттағы жұмыстарды қазірден бастауымыз керек, – деп аудан әкімі Нарбай Ергебеков жиынды қорытындылады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close