Basty bet
«ГАЗ ҚҰБЫРЫН ТАРТУ ҮШІН БИЫЛДАН ҚАМ ЖАСАЙЫҚ»
Билікөл ауылдық округінде өткен есептік жиында аудан әкімі Олжас Қаржауов осылай деді
Аудан әкімі Олжас Қаржауов аудан орталығынан шалғайда жатқан Билікөл ауылдық округінің тұрғындарымен де есептік кездесу өткізді. Кездесу Қарабастау ауылдық мәдениет үйінде өтті.
Ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Бақыт Әлмағамбетов шалғай аймақта өткен жылы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауылдық округ әкімі Т.Әмірәлиев өткен 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2022 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы есеп берді.
Есептік баяндамада аймақта өткен жылы атқарылған жұмыстардың бастылары ретінде Қарабастау ауылының орталық алаңына «Ардагерлер» алеясының орналастырылғаны, аудандық бюджет қаражаты есебінен көше аншлагтары жасалып, ілінгені, Қарабастау ауылының орталық алаңында тал-дарақтарды тамшылатып суару жүйесінің орнатылғаны аталып өтті.
Ауылдық округ әкімдігі ағымдағы жылы аймақтың дамуына септігін тигізетін жалпы сомасы 260, 394 млн. теңгенің 17 жобасының ЖСҚ-сы әзірленіп, бюджет қарауына енгізілген. Егер аталған жобалар мақұлданса, елді мекендердегі тұрмыстық қатты қалдықтар мен кездейсоқ қоқыстармен күреске 1, 3 млн. теңге, Дарбаза су қоймасынан жалпы ұзындығы 8,3 шақырым суағар науа орнатуға 118,0 млн. теңге, жалпы ұзындығы 12 шақырым иесіз каналды тазалауға 53 млн. теңге, Қарабастау ауылындағы дренаж жүйелерін тазалауға 888,92 мың теңге, Қарабастау су тоспасын абаттандыруға 800,0 мың теңге, Қарабастау ауылындағы спорт алаңына жасанды төсеніш төсеуге 9 134,5 мың теңге, Қарабастау ауылының Слямханов көшесіндегі балалар алаңшасын абаттандыруға 4, 2 млн. теңге, Қарабастау ауылының орталық алаңын асфальттауға және абаттандыруға 20,2 млн. теңге, Қарабастау ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын орынды жайластыруға 435,0 мың теңге, Қарабастау су тоспасы аумағын абаттандыруға және жарықтандыруға 12,8 млн. теңге бағытталмақ.
– Мұндай жобамен округтің басқа елдімекендері де қамтылған. Мәселен, Дарбаза ауылындағы Дарбаза өзеніндегі көпірді орта жөндеуге 4 454,3 мың теңге, Дарбаза көшесінің жолын орта жөндеуге 23 070,4 мың теңге, Жылыбұлақ ауылының Орталық көшесінің жолын орта жөндеуге 11 798,7 мың теңге, Әбдіқадыр ауылының Бөгенбай көшесін жарықтандыруға 9 695,0 мың теңге, осы көшенің жолын орта жөндеуге 44 214,0 мың теңге жұмсау көзделуде, – деді ауылдық округ әкімі.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов ауданда биылдың өзінде таулы өңірдегі ауылдарды газдандыру жұмыстары аяқталатынын айтып, келесі кезекте Билікөл аймағындағы төрт ауылды газдандыру міндеті тұрғанын айта келе, бұл іске биылдан бастап қам жасау қажеттігін еске салды.
Ауылдық округ әкімі Талғат Әмірәлиев осы ретте Талас ауданында салынып жатқан автоматты газ тарату станциясының құрылысы биыл мамыр айында аяқталатынын айтты. Олжас Есалханұлы округ әкіміне АГТС құрылысымен қабат ауылдарға квартал ішілік газ тарту жұмыстарының ЖСҚ-сын дайындауды тапсырды. «Біз дайын құжаттарды биылдан бастап бюджеттік сұранысына енгізсек, қаржы келесі жылы бөлініп, газ кіргізу мәселесі де жылдам шешіледі» деді аудан әкімі.
Аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуев сот саласындағы бірқатар жағымды жаңалықтармен бөлісе келе, неке бұзу санының артуына алаңдаушылық білдірді. Ол тұрғындарды ұлттық дәстүр негізінде отбасылық құндылықтарды сақтауға, осы бағытта мүдделі ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Аудандық сот төрағасы көтерген мәселені «Бейбітшілік» ШҚ жетекшісі Қадірқұл Мышбаев та қолдап, мәселені заңнамалық тұрғыдан шешудің кезі келгенін айтты.
Тұрғындар аймақтағы ағын су, көше жарығы, жол жөндеу секілді өзекті мәселелер көтеріліп, оларға аудан басшылығы тарапынан жауаптар берілді.
Жиын соңында ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Әбсалямов сөз алып, ауыл және аудан басшыларының атқарған жұмысына оң бағасын берді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»