Basty bet

Рухы биік тұлға

Бауыржан Момышұлы – қазақтың маңдайына бiткен қайраткерімiздiң бiрi. Ол кiсi Батыр ғана емес, Жазушылығымен де шектелмейдi. Ол – қазақтың намысы, қазақтың ұлттық ар-ожданы. Қазақ дейтiн халық еске түссе, әлем Бауыржан Момышұлындай қайсар ұлын еске алары сөзсiз. Сонау бiр жылдардағы зұлмат кезеңнiң өзiнде Бауыржан Момышұлы өзiнiң ұлттық рухын, ұлттық намысын сақтап қалған тұлға. Ұлы тұлғаның бойына бiткен асыл тәрбие алашшыл азаматтардан дарыған екен. Жүз жыл, тiптi, бiрнеше ғасырлар өтсе де, Момышұлы айтқан әрбiр қағида ұрпақ жадында мықтап сақталары сөзсiз.
Даңқты Батыр, жерлесіміздің туғанына 110 жыл толуына орай аудандағы Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері Сағадат Шілдебайұлы мен экскурсия жүргізуші Мариям Молдақасымованың ұйымдастыруымен «Рухыңа болашақ бас иетін ұмытылмас ерлігің, қасиетің!» атты онлайн шаралар өтуде. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мекемелерде, мектептерде онлайн жүйе енгізілгені белгілі. Осы ретте, музей жұмысы да осы жүйеге көшіп, іс-шаралар да онлайн түрде жүргізілуде. Шаралар мектеп оқушыларының сабақ кестесімен сәйкестендіріп, 10-12 минут аралығында өтуде.
Аталған шараға ең алғашқы болып, №2 Мыңбұлақ орта мектебінің және №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушылары мен ұстаздары қатысты.
Шараның мақсаты – оқушыларды Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақ батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерліктерімен таныстыру, Батырдың өмірін насихаттай отырып, Отанға деген, өмірге деген сүйіспеншілік сезімдерін дамыту, жас ұрпақты елін, жерін, Отанын сүюге тәрбиелеу. Сондай-ақ, Батырдың тарихи тұлғасын тереңірек тану, оның өнегелі ерлігін бүгінгі ұрпаққа барынша үлгі ету еді. Өйткені, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы елі ардақ тұтқан, өзінің азаматтық борышына әрдайым адал болған, елжандылық қасиетімен ерекшеленген асқақ тұлға екені даусыз.
Көрмеге Б.Момышұлы туралы жазылған кітаптар, Батырдың фотосуреттері мен қолданылған заттары қойылған.
Көрмені музейдің ғылыми қызметкері Сағадат Шілдебайұлы жүргізді. Ол оқушыларға музейде барлығы 2248 жәдігер бар екенін, оның ішінде 1546 экспонат Бауыржан Момышұлына тиесілі екенін жеткізді. Сонымен қатар, даңқты қолбасшының өмір жолы мен ерліктері туралы да кеңінен мәлімет берді. Көрме барысында Сағадат Шілдебайұлы оқушыларға Бауыржан Момышұлы Куба мемлекетіне барған іс-сапарынан қысқаша мәлімет берді. Шарада балаларды Батырдың мол мұрасымен таныстырып, даңқты қолбасшыдан үлгі алуға шақырды. Батырдың бойындағы асыл қасиеттерімен, ұлтжандылығымен, намысшылдығымен, өшпес ерлігімен халқымыздың мақтанышына айналып отырғандығын айтып өтті.
Онлайн көрмеге оқушылар белсене қатысып, қызықтырған сұрақтарын қоя отырып, тұщымды жауаптарын алды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге Батыр Б.Момышұлының өзі пайдаланған заттары жарияланды. Алдағы уақытта Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай көрме ұйымдастырылатын болады.

Қаламқас Берікова,
Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close