Basty bet
Аға буынның жауапкершілігі салмақты
Көзін еңбекпен ашып, белі бүгілгенге дейін тынымсыз жұмыс істеп, өмірдің ащысы мен тұщысын көріп, ұрпағына тәлімді тәрбие беріп отырған ардагерлер кез келген қоғамда әлеуетті күшке ие. Өйткені, айналада болып жатқан тың жаңалықтар мен өзгерістер қашанда аға буын өкілдерінің назарынан тыс қалған емес. Олар қоғам тарапынан өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға әрдайым дайын.
Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков аға буын өкілдерінің қоғамдағы орны, жас ұрпақ тәрбиесіндегі жауапты рөлі туралы былайша әңгімелейді.
– Аға буынның басындағы айрықша қасиет те осы – олар қоғамдық мәселелерге келгенде ешқашан немқұрайдылық танытқан емес. Жалпы ел үшін, жер үшін, болашақ үшін қоғамдағы көптеген жәйттарды саралап, көңілге күдік ұялатқан, ел көкейінде жүрген сан түрлі сауалдарды уақыт тезінен өткізіп, жас ұрпаққа жеткізуде ардагерлеріміздің рөлі орасан. Мемлекетімізде алға қойылған қоғамды дамыту, ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық заңнаманы қатаңдату, әкімшілік юстицияны енгізу шағын және орта бизнесті қолдау, пайдаланбайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару, тауарлар мен қызметтердің құнын төмендету, бәсекелестікті дамыту, әлеуметтік саясатты оңалту, білім беру саласын арттыру, зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік беру және т.б мәселелер аға буын өкілдерін де толғандырмай қоймайды.
Уақыт талабына сай елдің саяси-қоғамдық өмірін ілгерілету, экономикалық реформаларда табысты әрі жүйелі түрде жүзеге асыру, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісінде аудан ардагерлері де жауапты десем артық айтпаған болар едім. Өйткені биліктің қызметін жандандыруда қоғамның белсенділігі өте қажет.
Соңғы жылдары өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсу үрдісі байқалады. Ауданның сан салалы экономикасын дамытуда ардагерлеріміз де белсенділік танытуда. Бүгінгі заман талабына сай Үкімет жобаларын жүзеге асыру игі бастамалардан сырт қалмай еңбек етуде.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде ардагерлердің қосқан үлесі қомақты. Салада түбегейлі реформалар жүргізіліп, шаруа қожалықтары алғаш құрылған 1995-1996 жылдары сол кездегі азаматтардың жасы орта есеппен алғанда 40-42 жастың шамасында болса, бүгінде олар 65-70-ке келді. Көпшілігінің құрған шаруа қожалықтары аяғынан нық тұрып, басқаларға үлгі болуда. Атап айтқанда, Көкбастау ауылдық округіндегі «Ержан» шаруа қожалығы жетекшісі Берікгүл Айнабекова, Ақтөбе округіндегі «Мухитдин» шаруа қожалығы жетекшісі Светлана Каримова, Күреңбел округіндегі «Іңкәр» шаруа қожалығы жетекшісі Еркебай Нағашбеков, Билікөл округіндегі «Бейбітшілік» шаруа қожалығы жетекшісі Қадірқұл Мышбаев, Мыңбұлақ ауылдық округіндегі «Рахман» шаруа қожалығы жетекшісі Рахман Мырзахметов, Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Зубайра» шаруа қожалығы жетекшісі Әбзелбек Татеков, Қарасаз ауылдық округіндегі «Руслан» шаруа қожалығы жетекшісі Серікбай Бипозов. Барлық елді мекендерде құрылған шаруа қожалықтарының, олардың ардагерлер жетекшілерінің тізімін әрі қарай жалғастыра беруге болады. Бұлардың жетістіктері сол техникалармен қамтамасыз етілген, тек егінмен ғана емес, мал шаруашылығымен де айналысып жатыр. Тек өзім демей, басқа шаруа қожалықтарына көмек көрсетуде.
Облысымызда соңғы жылдары көптеген игілікті істер жүзеге асырылып, ірі-ірі жобалар қолданысқа ене бастады. Облысымызда бастау алған және Президентіміздің тарапынан қолдау тапқан «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының ауданымызда кеңінен жүзеге асырылуына белсене қатысып, қызу қолдау көрсетуіміз қажет. Осы қанатқақты жоба негізінде облыс әкімі ардагерлерді ауласындағы қосалқы шаруашылықтарға бау-бақша егуге, мал ұстап, төрт түліктің санын көбейтіп, жас буынға үлгі болуға шақырған еді. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өндірісінің өнім өндіру көлемін еселеп өсіру, азық-түлік бағасын төмендету, жұмыссыздықты жою, әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын азайту, яғни жалпы алғанда ауылдағы әлеуметтік тұрмыс деңгейін көтеру.
Шу ауданының ардагерлері жақында өздерінде өткен пленумда: «Қазір зейнет жасында болсақ та, халықтың тыныс- тіршілігіне алаңдап отырмыз. Міне, сондықтан да соңғы кезде халық игілігі үшін облысымызда қолға алынып жатқан әр іс-шараны толық қолдаймыз. Облыс жұртшылығын, ауылда тұратын ағайынды осы «Қарапайым заттар экономикасы» жобасын қызу қолдауға және оны іске асыруға атсалысуға шақырамыз» делінген.
Біздің ауданда да бұл жұмыстар ауыл әкімдерінің құрған комиссия мүшелерімен сараланды. Аудан тұрғындарының басым көпшілігі Үкіметке алақан жаймай, мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, тығырықтан шығудың жолын іздестіруде, жас ұрпаққа үлгі боларлықтай тірлік етуде.
Үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдаланып, бау-бақша өнімдерін өсіріп, қыстық азықтарын жинап алып отыр. Бұл үрдіс бұрыннан қалыптасқан. Аға буын өкілдері жақсы біледі, сол 15-25 соттық жерлеріне бұрын картоп, ноқат, бұршақ, жүгері егіп, жылдық азық-астығын дайындайтын, кейінірек қияр, қызанақ т.б бақша түрлерін еге бастады, базардан азық-түлік сатып алмайтын. Сөйтіп бұл істе балаларына да тәлім-тәрбие беріп, еңбекке баулыды.
Қазір ауылды аралап көрсеңіз, көп үйдің қосалқы шаруашылық жүргізетін жерлері қараусыз бос жатыр. Жоңышқалықтары да ескіріп, арамшөп басып кеткен. «Халықтың тұрмысы жақсарып, қаражаттары барлық азық-түлікті сатып алуға жетеді ғой» дейін десем ол да қисынға келмейді. Бұл жағдай бәрімізді ойландыруы қажет.
«Біздегі әлеуметтік көмек сұрайтындар қосалқы шаруашылық жүргізе ме? Ауласында немен айналысады? Оларға нендей көмек керек? Балалары жұмыс істей ме?» деген толып жатқан сауалдар көкейді жаулап алады. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы бойынша біздің ауданнан Ақтөбе ауылдық округі таңдалды. Округтегі жобаға енген аула иелерінің барлығы бүгінде қаражатқа толық қол жеткізіп, жұмыстарын жолға қоя бастады. Басты мақсат – жұмыссыздар санын азайту, әр азамат берілген жерді бос қалдырмай, тиімді пайдаланып, бау-бақша егіп, төрт-түліктің санын көбейтіп, жалқаулыққа салынбай, еңбек етуі тиіс. Бұл тұрмыс сапасын арттыру үшін берілген бірегей мүмкіндік.
Әрине, жұмыс өздігінен жүрмейді. Бұл жұмысты насихаттау қажет, көпшілікке түсіндіру керек. Осы жұмыстың басы-қасында ауданда тұратын 5 143 зейнеткер оның төңірегіне топтасқан белсенділерге сүйенеміз.
Қазір ауданда ұйымдық жағынан қалыптасқан қызметтері бір жүйеге келтірілген 14 бастауыш және 73 цехтық ардагерлер ұйымы бар. Солардың әрқайсысында ел арасында жоғары беделге ие 5-7 ардагерлерден кеңес құрылып, белсенді қариялар қоғамдық жұмысқа тартылған. Бұл әрине, үлкен күш. Ендігі жерде бұл мәнді еңбектің мәнісін халыққа жан-жақты түсіндіру, қария болып жан-жақты ойластыра отырып, жүзеге асыруды қолға алып, сол жұмыстарды жұмыла атқаруымыз қажет. Елдігіміздің тірегіне айналған ауылдарымызды өркендетуіміз, ондағы тұрмысқа тұрақты түрде рухани да, материалдық та қуат беріп отыруымыз қажет.
Ия, үлкендердің жолы ауыр, жауапкершілігі салмақты. «Ел басына әлдеқандай күн туа қалса, әуелі ел ерге қарайды, ал ер қысылса, елдің жасы үлкен ақсақалына қарайды» деген ұлағатты сөзді ұмытпауымыз қажет. ҚР Президенті Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 млн теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 млн теңге бөлуді тапсырды. Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсету мақсатында алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 млн теңге бөлуді тапсырды. Бұл дегеніміз – халыққа деген үлкен қамқорлық.
Ауданда Батыр аналар мен көпбалалы аналардың саны 2703 адам, аудан бойынша қыз балалар мен әйелдердің саны 26 мыңнан асады.
Бүгінгі біздің әжелеріміз, аналарымыз ел алдындағы өз парыздарын қалай атқарып келеді? Бүгінгі әженің бәрі сырмақ тоқып, күбі піскен, құрт-балқаймағын жайнатып отыр дей алмаймыз. Әрине, бұл заман ағымына сай өзгерістер. Алайда, әженің аты – әже, ол қандай өзгеріс болса да, өз орнын жоғалтпай, өз міндетін сақтап қалуы тиіс. Осы орайда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда әжелер байқауы жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Шараның мақсаты – жас ұрпаққа халқымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрып түрлерінің тәрбиелік мәнін түсіндіру. Аналарымыздың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдық тойы жақындаған сайын қарияларға деген сый-құрмет арта түсуде. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. «Көп жасаған қария, ақылы терең дария» демекші, Жуалы ауданында зейнет жастағы қария кісілер саны бүгінгі таңда 5143. Оның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер – 2, тыл ардагерлері – 283, Ауған соғысы ардагерлері – 49 және Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа қатысқандар саны – 13. Семей полигонында болғандар саны – 59.
Мемлекет тарапынан үзбей көрсетіліп жатқан моральдық-материалдық қамқорлықты ауданда тұрып жатқан 5143 зейнеткер айқын сезініп отыр. Жергілікті өкілді органдардың шешімімен 9 – мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек ретінде Ұлы Отан соғысының 2 ардагеріне 300 000 теңгеден, Ұлы Жеңісті жақындатуға орасан үлес қосқан 320 тыл ардагерлеріне – 50 000 теңгеден, Ауған соғысының 50 ардагерлері мен мүгедектеріне 60 000 теңгеден, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан 13 азаматқа 30 000 теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Одан бөлек 29 тамызда Семей ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен 85 азаматқа 30 000 теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіліп отыр. Айтулы іс-шараның бірі, ол Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай аудан әкімі, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері соғыс ардагерлерінің отбасына арнайы барып, Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
Тұрмысы төмен отбасыларға мереке сайын азық-түлік және заттай сый-сияпат көрсетіліп отырады. Ауданымызда, «Жан жылуы» және «Алғыс айту – адамгершілік негізі» атты қайырымдылық акциясының аясында мұқтаж жандарға киім-кешек, азық-түлік таратылады.
Жасы ұлғайған адамдардың денсаулығына күнделікті қамқорлық жасап, бақылауда ұстап отыру – денсаулық сақтау мекемелерінің айрықша міндеті. Жуалы аудандық орталық ауруханада мүгедектерге және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған арнайы палата жұмыс істеп тұр. Науқасқа қажетті құрал-жабдықтармен және тегін дәрі- дәрмектермен толықтай қамтамасыз етілген. Соғыс ардагерлеріне «Дабыл түймесі» орнатылған телефондар табыс етілген, сол арқылы шұғыл түрде ауруханамен де, емханамен де байланысқа шыға алады. Сонымен қатар 1-2-3 топтағы 20 ардагеріміз аудандық орталық аурухананың жолдамасымен, 41 ардагеріміз жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімнің жолдамасымен «Айша бибі», Т.Рысқұлов, Самал, ГРЭС және «Бурабай» шипажайларына барып, денсаулығын түзеп қайтты. Бұдан бөлек, зейнеткерлік жастағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке оңалту бағдарламасына сәйкес протез-ортопедиялық көмекке мұқтаж 8 қария, сурдотифлотехникалық құралдармен 6 қария, кресло-қораппен 3 қария, техникалық құралдарды қажет ететін 25 азамат, жеке көмекші қызметімен 33 ардагер қамтамасыз етілді.
Президент өз Жолдауында кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізудің қажеттілігін айтты. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін, ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формаларымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу.
Әлеуметтік көмек адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруға тиіс. Көмек, негізінен, істейтіндерге берілу керек деді. Сіздер болып, біздер болып осы тапсырманы барлық әлеуметтік көмек сұраушыларға түсіндіруіміз қажет.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Бауыржан Момышұлының 100 жылдығын өткізгеннен кейін тоқтап қалған «Мейірімділік қоры» жұмысын жаңадан бастады. Қорға түскен қаржыдан көпбалалы, үй-жайы жоқ бірнеше отбасына баспана сатып әперілді. Одан басқа тұрмыстық қиын жағдайға тап болған бірнеше отбасына материалдық көмек берілді.
Біз, ардагерлер аудандағы мәдениет саласы қызметкерлеріне ризамыз. Олар уақытпен санаспай, барлық өткізілетін іс-шараларға үлкен жауапкершілікпен қарап өз деңгейінде өткізеді. Жалпы ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың жарқын көрінісі ретінде ауданымызда «Қымызмұрындық» фестивалі жоғары деңгейде аталып өтуде. Халықаралық қарттар күніне орай ақсақалдар арасында «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты байқау өтіп, жеңімпаздар да мақтау грамоталары мен ақшалай сый-сияпат көрсетілді. Ауданда ардагерлер арасында спорттың түр-түрінен іс-шаралар өтіп тұрады. Облыстық ардагерлер спартакиадасына қатысып, спорттың бірнеше түрінен жүлделі орындарға ие болды.
Біздің алдымызда тұрған басты міндет – тәуелсіз Қазақстанның әр жас жеткіншегінің жүрегінде Отанына, жеріне, еліне деген ыстық сезім, шынайы сүйіспеншілік ұялату. Сондықтан біз адамзаттық көзқарасы қалыптасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары отаншыл ұрпақ тәрбиелеп өсіруге аса көңіл бөлуіміз керек. «Әрбір қазақстандықты өз мемлекеті қамқорлықсыз қалдырмайды, ал әрбір қазақстандық өз мемлекетінің болашақ тағдыры үшін жауапты» деген ұғымды жас ұрпақ санасына түсіндіруіміз қажет.
Білім мекемелерінде жастарды патриоттық тәрбиелеуге өз үлестерін қосып, өткізілетін іс-шараларға белсене қатысып жүрген ардагерлерімізге бүгін рақмет айтқым келеді. Олар: Сәрсекүл Таласбаева, Ізетбек Байболов, Әбілқасым Ергебеков, Болатбек Құттыбаев, Жамалбек Ботагоев, Рақымжан Сатаев, Рабиға Сералиева, Қанат Есмаханов, Нелле Гнедова, Дәулетжан Байдалиев, Күлданаш Мірәлиева, Айгүл Омарова, Дүйсекүл Өтеева, Махамбет Сарымсақов, Маржан Лұқманова, Асанбек Борашев және т.б.
Біздің, ардагерлердің алдындағы міндет – Президент белгілеп берген бағдарламалық бағыттар, оның ішінде жергілікті жерлерде атқарылатын жұмыстарға ардагерлерді қатыстырып, халықтың мүддеге қатысты міндеттерді орындау үшін насихат жүргізу шараларына тікелей атсалысу. Бұл жұмыста аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелерінің, бастауыш ардагерлер ұйымдарының және әрбір ардагердің өресі жетеді.