Basty bet

«Көшке ілесу үшін аянбай еңбек ету керек…»

ақтөбелік Шымыровтар жанұясының ұстанымы осындай

«Халқымыз – кейде дана, кейде бала. Әсіресе, бала дегенде жүрегі елжіреп, тілегі мөлдіреп тұратыны содан болса керек. Ұрпағым жалғасса деген шынайы тілектерін дүниеге келер балаларына риясыз көңілден арнап, олардың аман-есен болуларына ерекше мән берген. Даланың өз философиясы мен шындығы, өз заңдылықтары бар. оның бәрі ата-бабамыздың өмір сүру салтынан, ұлттық дәстүрінен айқын көрініп, анық танылып жататын. Қазіргі кезде біз оны бірде ескіліктің қалдығы, енді бірде күні өткен дәстүр ретінде қарап, жеңіл байлам, желбуаз әрекеттерге де бой беріп қалып жүрміз». Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінен.Тамырсыз ағаштың жайқалып өсіп, шаршаған жанға сая болмайтыны сияқты қай халықтың болсын ежелден қалыптасқан өмір сүру дәстүрлері болады. Біздің қазақ халқында дала философиясы, атадан балаға мирас болып келе жатқан ізгі қасиеттердің жөні бөлек. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» демекші, ата-бабалар дәстүрінің өміршеңдігін, ұрпақтар сабақтастығын қазіргі заманның беталысынан да анық байқауға болатындай.
Әлемнің әміршісі – еңбек. Бұл қағида талқылауды қажет етпейді. Еңбекпен жеткен абырой да, жетістік те қымбат болмақ. Осы орайда ауданға қарасты Ақтөбе ауылында түтін түтетіп, ұлағатты ұрпақ өрбітіп отырған Шымыровтар әулетінің тәлім-тәрбиелері, олардың ата кәсіпті дамытуға қосып отырған мол үлесі жайында әңгімелемекпіз.
Бүгінде әулеттің алтын діңгегіне айналып отырған ата мен әже Сайлау мен Күлзина Шымыровтардың жасы сексенге келіп отыр екен. Бұл отбасында төрт ұл мен екі қыз тәрбиеленген. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» деп хакім Абай өсиет еткендей, бұл отбасындағы өнегелі тәлім-тәрбиемен өскен балалар бүгінде өмірден өз орындарын тапқан. Отағасы Сайлау ақсақал 1938 жылы Ақтөбе ауылында туылған. Ал Күлзина апа осы ауылмен көршілес жатқан Қызыларық ауылының тумасы.
-1942 жылы әкем майданға атанғанда мен төрт жастағы бала екенмін. Шешем әкемді аудан орталығына шығарып салғанда мені де сонда алып барыпты. Ол жылдары елдің тұрмысы төмен, жағдайы қиын болғаны бәрімізге белгілі. Халықтың басынан небір зобалаң замандар өтті ғой. Ең өкініштісі, әкем майданға аттанған жылдың күзінде қайтыс болған екен. Бұл қаралы хабарды майдан даласынан «қара қағаз» жеткізіпті. Содан әкемді қайтып көрген жоқпын. Соғыс жылдарындағы балалардың жағдайы менің де басымнан өтті. Тұрмыстың қиыншылығына байланысты оқи алмадым. Өмірдің бар қиыншылығын бастан өткерген соң адам қатты толғанады екен. Еңбекпен есейдік. Біздің буында балалық деген болған жоқ. Ел қатарына қосылған соң отбасын құрдым. Бағыма орай маған жақсы жар кездесті. Күлзина апаң екеуміздің отандасқанымызға 60 жылдан асып барады. Осы уақытқа дейін бір-біріміздің қадірімізге жетіп, сыйласып өмір сүріп келеміз. Еңбекпен өткізген өмірімізге өкінбейміз. Отбасында ұл-қыздарды өмірге әкеліп, тәрбиелеп, ел қатарына қостық. Қандай жағдай болса да балаларымызға жақсы тәрбие беруге, жоғары білім алып беруге мүмкіндік жасадық. Мен жас кезімде: «Өзім оқымадым. Балаларымның барлығын оқытамын» деп алдыма мақсат қойдым. Енді, міне, біздің отбасына Алла нәсіп етіп алты ұл-қыз берді. Барлығы жоғары білімді. Өз алдына жұмыстары, кәсіптері бар. Біздің балалардың ішінде полиция қызметкері, кәсіпкер, тіс дәрігері, мұғалім, шаруашылық жайын меңгергендері де бар.
Адамның белгілі бір кәсібі болмай, өз алдына тірлігі болмайынша елдің ішінде қадірі болмайды. Кеңестік кезеңде мен осындағы №10-шы әскери совхоздың екінші бөлімшесінде экспедитор, ал апаларың қойма меңгерушісі болып ұзақ жылдар жұмыс істеп, ауданның дамуына өз үлесімізді қостық. Одақ тараған соң 1992 жылы ауданда алғашқылардың бірі болып «Шымыр» шаруа қожалығын құрдық. Қазіргі таңда шаруашылығымызда 87 гектар жеріміз бар. Биыл бес гектар алқапқа картоп ектік. Қалғаны жоңышқа, арпа мен бидайдың үлесінде. Үйде төрт түлік ұстап, мал басын көбейтуге күш салып жатырмыз. Техникамыз да бар. Трактордан «МТЗ-82», «МТЗ-1221», «КПС», шөп тайлағыш, тіркеме, соқа, шаруашылыққа қажетті тағы да басқа агрегаттар бар. Кәсібіміз жаман емес. Алқаптан алынып отырған өнім көлемі де жыл сайын артып келеді. Біз мұндай еңбек жетістіктеріне отбасымыздағы ауызбіршілік пен ынтымақтың, адал да қажырлы еңбек етудің арқасында жетіп отырмыз. Тегінде еңбекпен есейген, үнемі қызу тірліктің ортасында жүретін адамның қай жағынан болсын жаман болғанын көрген емеспін. Көшке ілесу үшін еңбек ету керек. Онда да адал еңбек. Өмірлік асыл мұраттарға да адал еңбек жеткізеді,- дейді отағасы Сайлау ата.
Ұлағатты, өнегелі отбасылар қашанда қоғамның мықты тірегі. Мәуелі бәйтерекке айналып отырған Шымыровтар отбасының ұл-қыздарынан 27 немере, тоғыз шөбере тараған. Бұл да ұрпақтың аман да көп болуын тілеп отырған ата мен әже үшін үлкен көз қуаныш. Бала дегенде елжіремейтін жүрек, мөлдіремейтін тілек болмайды.
Атаның жолы – балаға үлгі. Адал еңбекпен өніп-өскен, кезі келгенде осынау отбасылық құндылықтарды жан-жағына айтудан жалықпаған Шымыровтар жанұясының қара шаңырағына ортаншы ұл Қайрат Сайлауұлы иелік етіп отыр. Отбасында Парасат жеңгей екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Қайрат аға «Шымыр» шаруа қожалығының сан-салалы жұмыстарымен қатар аудандағы стратегиялық маңызы бар «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close