Basty bet

Менің атам тыл ардагері!

Соғыс… Ұлы Отан соғысына ауылдан талай боздақтар аттанып, осынау сұрапыл соғыста ел мен жер үшін, бейбітшілік үшін жан берісіп, жан алысқаны белгілі. Қазақстанның халқы да осы тұста майдан арсеналына айналып, тылда аянбай еңбек етті. Жеңіске жетуде тыл ардагерлерінің қосқан үлесі өте зор. Соның бірі менің ардақты атам Әбзелбек Тәтеков.
Мен атамнан балалық шағын, қандай қиыншылықтар көргенін және соғыс және еңбек ардагері бабам Тәтек туралы сұраймын. Сонда атам ұзақ ойға шома отырып, әңгімесін былай бастайды.
-Мен, 1937 жылы Бурнооктябрь ауылдық советіне қарасты Қызылкүншығыс ауылында дүниеге келгенмін. Сол уақытта Қызылкүншығыс ауылы кішігірім бір колхоз болатын. Сол колхозда әкем Тәтек ұста болып қызмет атқаратын. Қолынан келмейтіні жоқ «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтіндей азамат болатын. Қолға алған ісін дөңгелетіп жұмыс жасап жүргенде кенеттен 1941 жылы 22 маусымда соғыс басталды. Майданға әкемді және ауылдың ер азаматтарын алып кетті. Ауылда бас көтеретін ешкім қалмаған, ылғи іске жарамсыз кемпір-шалдар және қыз-келіншектер қалған. Кішкентай болсақ та өгізге, атқа арба жегіп, алқапқа дәнді-дақылдарды егуге жәрдем бердік. Күздің кезінде шыққан өнімді теріп, майданға жөнелтіп отырдық. Онымен қоса әжелер балаларына жүннен киім тоқып, үйіндегі азық-түліктерін майданға жөнелтетін. Қаншама қиын күндерді артқа тастап, Ұлы Отан соғысы да аяқталды. Менің әкем соғыста снаряд жарықшағынан жараланып, екі көзінен айырылып, 1945 жылы желтоқсан айында елге оралған болатын. Мен сол кезде небәрі сегіз жаста едім. Соғыстың қайда болғандығын, қай жерде жараланғанын, бомбаның астынан қалай аман қалғанын, соғысқа дейін колхоз ұйымдастыруда бойындағы бар күш-жігерін салғандығы туралы басымды сипап отырып айтқаны әлі есімде,- деді атам.
Әрине, бұл деректер мен үшін өте қызықты еді. Сондықтан да атама сұрақ қоя отырып, әңгімесін ары қарай жалғауын өтіндім. Атам тағы да біраз ойға шомып, әңгімесін жалғастырып кетті.
-Әкемнің шын аты-жөні Тастан Бұзаубақов. Жеңгелерінің жанамалап қойған аты Тәтек. Тәтек 1916 жылы Қызылкүншығыс ауылында дүниеге келіпті. Бала кезінен-ақ мінезі жайдарлы, терең ойлы, ақ көңіл, саусағынан өнері тамған іскер болып өскен екен. Кешегі совет өкіметінің аумалы-төкпелі жылдарында жаңадан колхоз ұйымдастырылған тұста колхозға аянбай еңбек күшін жұмсаған және өзі қатарлы жастарға басшылық ете отырып, өзінің қорасындағы малдарын жаңадан құрылған колхоз қорасына апарып беріп, басқа колхозшыларға үлгі көрсеткен екен. Жаңа колхозды «Қызылкүншығыс колхозы» деп атапты.
Сонымен менің әкем Қызылкүншығыс колхозында ұста болып істейді. Ол кезде колхозда техника жоқтың қасы. Соқа, тырма, басқа да шаруашылық бұйымдарын қолдан жасаған алғашқы ұста, әкем Тәтек болатын. 1939-1940 жылдары бидай бастыратын алғашқы молотилканың біреуі колхозға келеді. Оның тілін білмей ешкім жүргізе алмайды. Мұны да менің әкем Тәтек жүргізіп, бидайды бір орында бастырады. 1941 жылы алғаш шыққан ХТЗ тракторының біреуі біздің колхозға келген. Бұл трактордың да рөлінде алғаш отырып жер жыртып, егіс еккен кісілердің бірі менің әкем екен. Алдында айтқандай, соғыс 1941 жылы басталып, әкем 1943 жылы наурызда әскерге шақырылады. Содан әкемнің майдан жолы басталып талай қырғын шайқасқа қатысады. 1945 жылы Украинаның Чернигов қаласы маңындағы ұрыста екі көзінен бірдей жарақат алып, мүгедек болып қалады. Содан госпитальдан госпитальге ауыстырып жүріп, ақыры Алматыдағы әскери госпитальден бір-ақ шығады. Онда бірнеше ай жатып «балаларымды бір көріп қалайын» деген оймен ауылға келеді. Үйге келген соң не әскери есепке алына алмай, не госпитальға қайтып бара алмай ауруы асқынып жатып қалады. Сөйтіп жарты жылдай азаптанып жатып, 1946 жылдың маусым айында қайтыс болады. Әке қазасынан кейін анам Үбіжанмен бірге жұмыс жасадым. Көп ұзамай анамыз да дүниеден озды. Төрт бала жетім қалдық. Мен үйдің үлкені болғандықтан іні-қарындастарыма қарайлап, оқып жүріп еңбекке араластым. Күйіктегі жетіжылдық мектепті бітірген соң Әбденбек атты шопанға көмекші болдым, одан кейін колхоздың танасын бақтым. Қатал тағдыр бізді ерте есейтті, бауырларымды асырау үшін ауылда малшы да болдым, егінші де болдым. Бурный кеңшарында жыл бойы сушылар звеносын басқарып, дәнді-дақыл мен картоп өсіруден жоғары нәтижелерге қол жеткіздім, бірнеше орден мен медальдармен марапатталдым. Ал әкем туған ауылын түлетуге қаншама еңбек сіңірсе де, оның еңбегі мен ерлігі елеусіз қалып барады,- деп атам сөзін түйіндеді.
Ендігі кезекте Әбзелбек атамның қалай еңбек еткені туралы мен айтайын. «Өмір – таусылмайтын күрес» демекші, атам тыл ардагері. Көзін тырнап ашқаннан бері бейнеттің ащы дәмін татып, тынбай еңбектеніп келе жатқан жанның бірі. Ол өз кезегінде «ТуркВО» совхозының дамуына ғана емес, Түктібай ауылының қазіргі көшелерін тілуге, мәдениет үйін, балабақша мен мектеп салу туралы алғаш бастама көтеріп үлес қосқан азамат. Сонымен қатар, 40 жыл бойы сушылар звеносын басқарып, дәнді-дақылдар мен картоп өсіруде айтулы жетістіктерге жеткен. Еңбегі елеусіз емес. «Халық шаруашылығындағы еңбегі үшін» медалінен бастап барлығы 13 орден, медальдармен марапатталған. Тіпті, «Соцалистік Еңбек Ері» атағына да ұсынылған.
1956-1959 жылдары Белоруссия жерінде әскери борышын өтеп, ауылға келеді. Осы тұста жаңа құрылып жатқан «ТуркВО» совхозына мүше болып кіреді. Бұл совхоз Түркістан әскери округіне қарайтын. Онда ол комсомол хатшысы және сушылар звеносының жетекшісі болып жұмыс жасайды. Совхоз бен ауыл еңбеккерлерінің әрбір тың жаңалығын аудандық газетке жолдап, жариялап тұрды. Осылайша ол ауыл жаңалығын насихаттап тұратын аудандық газеттің ауыл тілшісіне айналды.
Әбзелбек атам еңбек майданында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, жүгеріден гектарына 350-400 центнерге дейін, ал картоптан 33 тонна, гектарына 330 центнерге дейін өнім алады. Жоғарыда аталған орден, медальдар соның жемісі. 1994 жылы зейнеткерлікке шыққан соң да өз алдына шаруа қожалығын құрып, жылдағы әдет болған кәсіппен айналысады. Бүгінде ауыл ақсақалдар жиындарында, өзге де ортада жастарға тәлім-тәрбие айтып, ақыл-кеңес беріп жүр. Атамның 2013 жылы басылып шыққын кішігірім «Туған ауылым – Қызылкүншығыс!» деп аталатын кітабы бар. Ол кітап Түктібай ауылының тұрғындарына таратылған. Қазір атам сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Атамнан ақыл сұрап, батасын алып жүрген азаматтар қазір елдің сыйлы-қадірлі азаматтарына айналды.
Атам мен апамнан өрбіген үш қыз, екі ұлы да еңбекті жан-тәнімен сүйгіш азаматтар болып өсті. Соның бірі атамның кенже ұлы, менің әкем Ердәулет Тәтеков. Әкем мектепте шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Әкемнің де еңбегі елеусіз емес, білім беру жолында талмай еңбек етіп, шәкірттерінің ыстық ықыласы мен алғысына бөленуде. 2014 жылы ауыл мешітінің маңына Ұлы Отан соғысына аттанып, қайта оралмаған боздақтарға арнап ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткішті әкемнің сыныптастары, яғни 1994 жылғы мектеп бітіруші түлектер өз қаражаттарына орнатты. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күніне орай мектеп оқушылары ескерткішке барып гүл шоқтарын қоямыз.
«Ер есімі – ел есінде». Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл ардагерлерінің есімі, тарихтың парағына алтын әріптермен мәңгіге жазылып қалары анық. Жыл өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп, азайып бара жатыр. Көзі тірісінде құрмет көрсетіп, сыйлай білу – кейінгі ұрпақ, біздің парыз. Ұрпақтарының бейбіт күнде өмір сүруін аңсаған ата-бабаларымыздың жасаған ерліктері мен еңбектері мәңгілік ел есінде қала береді. Қазақ еліне соғыс қаупі төнбей, еліміз мәңгі жасасын! Мен атаммен мақтанамын!

Жасмин Әбзелбек,
№12 М.Әуезов атындағы
орта мектептің 9 сынып оқушысы.
Түктібай ауылы

Таңдаулы материалдар

Close