Ауыл шаруашылығы саласы ел экономикасының жаңа драйвері, бұрыннан қалыптасқан асыраушы сала екені белгілі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауларында атап көрсетті. Онда ауыл шаруашылығын қарқынды дамытумен қатар саланы цифрландыру мәселелері бойынша да нақты бағыт-бағдарлар белгіленіп отыр. Осы орайда саланы дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстарды жүзеге асыру үшін ең алдымен шаруаларға қолдау шараларын көрсетуді қазірден бастап қолға алғанымыз жөн сияқты. Үкімет тарапынан шаруаларға жасалып жатқан қолдау мен жеңілдіктер бар әрине. Алайда жұмыстың жүйелі жүзеге аспауы салдарынан немесе жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізбеуінен жекелеген шаруалар өздеріне тиесілі көмек-қолдаулардан тыс қалып отыр. Бұған біздің ауданның көлемінде де мысалдар жетіп-артылады. Кейбір жиындарда шаруа қожалықтары басшыларының көтерген мәселелері мен жанайқайлары аталған салада түйінді проблемалардың бар екенін көрсетіп отыр.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол». Халқымыз бұл қағиданы жайдан-жай айта салған жоқ. Осы сөз арқылы қандай лауазымды басшы болсаң да халықтан үлкен емессің деген мағынаны меңзеп отыр емес пе?! Осы орайда ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың №70 өкімімен жергілікті атқарушы орган басшыларының жұмыс алгоритмі бекітілді. Осынау жұмыс алгоритміне сәйкес аудан, ауылдық округтердің әкімдері тұрғындармен жиі-жиі кездесулер өткізіп, ел ішінде туындап отырған проблемалармен танысып, оның дер кезінде шешімін табуына күш салуға тиісті.
Біз сөз басында ауыл шаруашылығы саласы жөнінде, ондағы туындап отырған проблемалар туралы мәселені жайдан-жай қозғаған жоқпыз. Ауылдық округ әкімдерінің жергілікті жерлердегі проблемаларды зерделеу барысындағы мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңдағы көп мәселе ауыл шаруашылығына қатысты болып отырғанын анық байқауға болатындай. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, қазіргі таңда барлық тыныс-тіршілігін төрт түлікпен байланыстырған ауыл тұрғындарын жайылым мәселесі қатты толғандырады. Оның үстіне жеке сектордағы мал басының жылдан-жылға артып отырғаны аталған мәселені тіптен шиеленістіріп жіберді. Жақында аудан әкімі Нарбай Ергебековтың шаруалармен кездесуіне де дәл осы сарындағы мәселелер арқау болды.
Сонымен облыс әкімі бекіткен жұмыс алгоритміне сәйкес Қарасаз ауылында аудан әкімі Нарбай Ергебеков Қарасаз, Жетітөбе, Шақпақ ауылдық округтерінің шаруа қожалықтары басшыларымен, тұрғындармен кездесіп, үш округтің ауыл шаруашылығына қатысты атқарылған жұмыстарымен, сонымен бірге проблемаларымен де танысты. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев, аудандық әкімдіктің сала бойынша шақырылған бөлім басшылары, мекеме өкілдері қатысты.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталды. Алғаш болып ауыл шаруашылығы саласы бойынша үш округтегі жартыжылдықтың қорытындысы туралы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәбит Нұрлыбаев бяндады.
-Индикаторлық көрсеткіштерді орындау барысында 2019 жылдың өнімі үшін егілетін масақты дәнді және майлы дақылдардың жоспары барлық ауылдық округте толығымен орындалды. Қант қызылшасын егу бойынша Қарасаз, Жетітөбе ауылдық округіне берілген жоспардың 10 гектары орындалмады.
Сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі. Жетітөбе ауылдық округінде күздік бидайдың 65 тонна элиталы, арпаның 1 тонна супер элита тұқымдары егілді. Аталған ауылдық округте «Темірбекова», «Береке-3», «Қоңыртөбе» шаруа қожалықтары жоғары репродукциялы тұқымдар егіп, жоғары өнімге қол жеткізуде. Ал Қарасаз ауылдық округінде 13 тонна күздік бидайдың тұқымы алынып отыр. Атап айтқанда, «Кененбай», «Жайық» шаруа қожалықтары жыл сайын элиталы тұқым егіп, басқа да шаруаларды жоғары репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз етіп отыр. Шақпақ ауылдық округінде бірде-бір жаңа тұқым алынған жоқ.
Қазіргі талапқа сәйкес сапалы тұқым дайындау үшін егістік алқаптарға апробация жасау жұмыстары үш ауылдық округте де орындалмай отыр. Жетітөбе округінде алты айдың көлемінде төрт дана «МТЗ-952» тракторы, Қарасазда екі дана «МТЗ-952» тракторы сатып алынған. Шақпақта бір дана «МТЗ-82» жаңа трактор алды.
Мал басы санын арттыру және ет, сүт өнімдері бойынша межеленген көрсеткіштер толықтай өз деңгейінде орындалмай отыр. Бұл жағдайға бірқатар факторлар кері әсерін тигізуде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Жетітөбе, Қарасаз, Шақпақ ауылдық округтерінде жоспар біршама орындалмады. Бүгінгі күні мал басын арттыру бойынша «Жуалы» несие серіктестігі арқылы 15 жоба ұсынылып отырғанын айтқым келеді.
Қазіргі таңда жерді пайдалану мәселесі мемлекет деңгейінде қолға алынып отырғанын жақсы білесіздер. Осы орайда «Минагро» бағдарламасы бойынша шаруалардың егістік жерлерін электронды базаға енгізуі аталған үш округте де кешеуілдеп отырғаны жасырын емес. Бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады,- деді Сәбит Әмірханұлы. Баяндамадан соң аудан әкімі Н.Ергебеков сөз сөйледі.
-Біздің ауданымыз үшін ауыл шаруашылығы негізгі салалардың бірі саналады. Табиғаты таулы, қары мен суы мол Жуалы ауданына басқа өңірлердің халқы қатты қызығады. Біз осы табиғаттың ұшан-теңіз байлығын лайықты пайдаланып отырмыз ба деген заңды сұрақ туындайды. «Не ексең, соны орасың» деген. Ауданда ауыл шаруашылығы саласында егін шаруашылығы аса маңызға ие. Сол себептен де егістік жерлерді тиімді мақсатта пайдалануымыз керек. Жерді игеру үшін оған техника, тағы басқа күштер қажет. Кейбір шаруалар өз жерін өзі пайдаланбай басқа бір шаруаға жалға береді. Бұл заңдылық тұрғысынан дұрыс емес. Былтырғы жылдан бері бұл бойынша «Минагро» бағдарламасы енгізілді. Бұл ең бірінші ауылдардағы пайдаланылмай жатқан бос жерлерді тиімді пайдалануға мол мүмкіндік бермек. Кезінде заңдастырып алған егістік жерлерін не өзі пайдаланбай, не мемлекеттің меншігіне өткізбей отырған азаматтар да арамызда бар. Осындай мәселелер алдымызда кесе көлденең тұрған уақытта ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамиды деп айта алмаймыз.
Таяу болашақта бұл бағыттағы түгендеу жұмыстары да аяқталады. Жерін, егістік алқаптарын заңды түрде рәсімдеп, «Минагро» бағдарламасына енгізген шаруаларға ғана мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер, көмек-қолдаулар жасалады. Соны қазірден бастап терең түсінген абзал. Одан бөлек, аудан көлемінде жайылым мәселесінің бары рас. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының ауданға жасаған сапары барысында да тұрғындар тарапынан бұл мәселе көтерілген болатын. Өңір басшысы облыс көлемінде туындап отырған осынау өзекті мәселені «Қарапайым заттар экономикасы» жобасын дамыту арқылы шешуге болатынын айтып отыр. Ол үшін ауыл тұрғындары белгілі бір кәсіп көзін ашып, кооперативтерге бірігуі қажет. Ірілендіру саясатының астарында да жайылым мәселесін шешу жайы көзделген.
«Қарапайым заттар экономикасы» мәселелері бойынша ауданда 1200-ден астам тұрғын өз кәсібін ашуға ниет білдіріп отыр. Ауылдық окрутердегі жағдайлар толықтай зерделеніп, арнайы жобалар дайындалу үстінде. Адамның өз кәсібі өзінде болғанда ғана тұрмыс жағдайлары артады. Тұрғындардың тұрмысын көтеру үшін дәл қазір бұдан басқа жолды көріп тұрған жоқпыз. Мұны өңір басшысы Асқар Исабекұлы да қадап айтып отыр.
Айта берсек, аталған салада өзекті мәселелер көп. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінде цифрлар көрсетілгенмен, түйінді проблемалардың шешілу жолдары көрсетіліп, айтылмады. Салаға жауапты бөлімнің мамандары, ауыл әкімдері тұрғындарға орын алып отырған өзгерістер мен жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп отыруы керек. Тағы бір айтатын мәселе, ауыл шаруашылығы бөлімі мен жер қатынастары бөлімінің арасында байланыс жоқ. Кейбір мәліметтер екі бөлімде екі бөлек көрсетілетін жағдайлар кездеседі. Қазір мемлекеттік қызметте талап күшті. Қазіргі уақыттың талабы да осы. Жұмысты жанашырлықпен атқарғанда ғана асыраушы сала – ауыл шаруашылығын барынша дамыта аламыз,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Жиын барысында округ тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтар мен кейбір мәселелерге аудан әкімінің сала бойынша орынбасары Әбдікерім Уркумбаев жауап берді. Атап айтқанда, Қарасаз ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, билер алқасының төрағасы Нұртаза Омаров, сала ардагерлері Мырзайым Тойшыбеков, Есімхан Сеңгірбаев жайылым, егістік жерлерді пайдалану барысындағы өрескел заңсыздықтар, жеке секторлардан жиналатын сүт бағасының ала-құлалығы жөніндегі мәселелерді көтеріп, басқа да ұсыныстарын жеткізді.
Иә, қорыта айтқанда, жер көлемі жағынан әлем елдері арасында тоғызыншы орынға ие елімізде жер қоры жеткілікті. Алайда соның қадіріне жетіп, тиімді игеріп жатқан жоқпыз. Аз ғана жерге иелік еткен соң-ақ «күллі жердің қожайынына» айналып шыға келетін адамдар тағы бар. Жайылым мәселесі ең алдымен осындай «өзімшілдіктен» туындап отырған жағымсыз әрекеттердің әсерінен болып отырғанын мойындайтын уақыт жеткен сияқты. Біз қазақтың кең даласына сыймай жүрген жоқпыз, сыйыса алмай жүрміз-ау осы…
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»