Basty bet
Жуалылық шаруалар Аса төрінде сауда жасады
Сенбі күні Жамбыл ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында «Жуалы күндері» өтті. Шара барысында екі аудан шаруаларының атсалысуымен ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жәрмеңкенің ұйымдастырылуына аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов және Б.Момышұлы ауылы, Ақсай, Ақтөбе, Боралдай, Қызыларық, Нұрлыкент, Шақпақ ауылдық округтерінің әкімдері ұйытқы болды. Жамбыл ауданының кәсіпкерлері тұрғындарына сәбіз, асқабақ, қырыққабат, пияз, алма сынды көкөніс, жемістерімен бірге банкаға жабылған қияр, қызанақ, томат шырыны, сонымен бірге балық, шағын колбаса цехының өнімдері мен қолдан дайындалған сүт өнімдерін де ұсынды.
Ал, жуалылық шаруалар мәселен, Боралдай ауылдық округінен сиыр еті, «Мешелова» ірімшік зауыты мен «Бурное сүт компаниясы» бірге 3 тоннаға жуық ірімшіктің түр-түрі және сарымай алып барды. Жуалының сүт өнімдеріне қашанда сұраныс жоғары. Жәрмеңкеде де бұл тауарлар жылдам өтіп жатты. Сонымен бірге ауылдық округ шаруалары 15 тонна картоп алып барды. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасына қатысып, жеңілдетілген несие алып, картоп еккен Нұрхат Саматұлы алып келген үш тонна картобының жарты сағатқа жетпей өтіп кеткеніне, жалпы тәуекелге барып бастаған ісінің нәтижесіне ризашылығын білдірді. Осы шараны ұйымдастырушыларға да алғысын жеткізді.
Жәрмеңкенің өту барысын аудан әкімі Нарбай Ергебеков пен Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев аралап, көріп шықты.
Базар бағасынан төмен, қолжетімді бағамен өздеріне керекті тауарларды алған жамбылдықтар да риза.
-Өздеріңізге белгілі облыс әкімінің тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облысымызда ауылшаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі дәстүрлі түрде өтуде.
Оның ішінде Жуалы ауданы бүгінгі күні үш жерде жәрмеңкеге қатысуда. Яғни, Тараз қаласында, Жамбыл ауданы және өзіміздің ауданымызда.
Жамбыл ауданына жалпы 7 миллион теңгеге тауар әкелінді. Атап айтсақ, 15 тоннаға жуық картоп, бағасы 70-80-90 теңгеден. Одан бөлек аудандағы төрт ірімшік зауыттың екеуі келді. Олар 3 тоннаға жуық тауар әкеліп сатуда. Одан басқа қымыз, ет және көкөніс, жеміс-жидектеріміз бар.
Жәрмеңке сағат сегіз жарымда басталды. Шараны жақсы ұйымдастырғаны үшін әріптестерімізге рақмет! Жамбыл ауданының халқы ұйымшылдығын көрсетіп жатыр. Әкелген тауарларымыздың ішінде әсіресе, картоп пен ірімшігімізге сұраныс жоғары болды.
Біз ешкімге көтерме сауда жасаған жоқпыз. Себебі, біздің мақсатымыз – ауыл халқын қолжетімді бағадағы сапалы, табиғи өніммен қамту,- дейді аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Құлтайұлы.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдырәліұлы да қысқа дайындық науқанында аудан тұрғындарына сапалы өнімдерді қолжетімді бағада ұсынған Жуалы ауданының шаруаларына, оған атсалысқан барлық басшыларға алғысын білдірді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»