Basty bet

Атқарылған жұмыстар ауқымды

Қазақстан Республикасының 2015 жылдың 2 қарашадағы №383 «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес жұмыс нәтижелері туралы мемлекеттік органның, мемлекеттік мекмелердің бірінші басшыларының есепті баяндамаларын тыңдау қаралғаны белгілі. Осы орайда апта басында аудан әкімі Нарбай Ергебеков Жуалы аудандық қоғамдық кеңесінің алдында 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Басқосуға қоғамдық кеңес мүшелері және ауылдық округтердің әкімдері шақырылды.

Жиынның күн тәртібінде 2020 жылғы Жуалы ауданының әлеуметтік-экономикалық даумуының қорытындысы және 2021 жылға арналған міндеттері туралы бір ғана мәселе қаралды. Кеңес отырысын оның төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудан әкімі Н.Ергебеков 2020 жылғы Жуалы ауданының әлеуметтік-экономикалық даумуының қорытындысы және 2021 жылға арналған міндеттері туралы баяндады.
Аудан басшысының 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы есебінің толық мәтіні аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінде жарияланғандықтан, сонымен қатар, әр ауылдық округте өткен есептік жиындарда талқылаудан өткендіктен, Нарбай Әбілқасымұлы бұл мәселеге аз-кем тоқталған соң 2021 жылы ауданда атқарылатын негізгі жұмыстарды атап өтті. Әкімнің сөзінше, бұйыртса, ағымдағы жылы білім саласында жаңа нысандар, атап айтқанда, Алатау, Диқан ауылдарындағы тозығы жеткен мектептердің орнына жаңа оқу ғимараттары салынады. Одан бөлек, аудан орталығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың санын едәуір қысқарту үшін үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Сондай-ақ, аудандық «Достық» мәдениет үйіне күрделі жөндеу, одан бөлек, үш бірдей білім ошағына күрделі жөндеу жүргізілмекші. Таулы аймақтағы ауылдық округтердің тұрғындары көптен күткен табиғи газ мәселесі, дәлірек айтқанда, 10 ауылға көгілдір отын жеткізу жұмыстары, сонымен қатар, құрылысы былтыр басталған бес ауылдағы ауызсу құбырларын тарту жұмыстары толығымен аяқталады деп күтілуде.
-Өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстардың барысы ауқымды болды. Бұл – ең алдымен аудан басшылығы мен Жуалы жұртшылығының бірлескен ортақ еңбегі. Қол жеткізілген межелерді ұстап тұру үшін, ауданның жан-жақты дамуы, әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін биыл да аянбай жұмыс жасай беретін боламыз,- деп атап өтті аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы.
Баяндамадан соң жарыссөзде алғаш болып қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев сөйлеп, былтыр елімізде орын алған пандемияға қарамастан аудан көлемінде тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға және күнделікті тұрмысын жеңілдету бағытында бірқатар жұмыстардың атқарылғанын айтып, тиісінше, аудан басшысының халықпен бірлесіп атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген бағасын да берді.
Ал аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Әбуғали Ералиев атқарылған жұмыстардың тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқанын баса айтты.
-Біз бүгін аудан әкімі Нарбай Ергебековтың 2020 жылы аудан бойынша атқарған жұмыстары туралы есепті баяндамасын тыңдап, ауданда өткен жылы ауқымды жұмыстардың атқарылғанына көз жеткізіп отырмыз. Бұған дейін де аудан басшысы барлық ауылдық округтерде және аудан орталығында тұрғындар алдында есепті жиындар өткізіп, атқарылған жұмыстарға халық ризашылығын білдіруде. Бұған дәлел ретінде айтар болсам, ауданда өткен қорытынды есептік жиналысқа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, Жуалыда бірқатар жұмыстардың атқарылғанын атап өтіп, алда әлі де атқарылар жұмыстардың бар екендігіне назар аударды.
Жалпы ауданда күнделікті атқарылып жатқан жұмыстарды өзіміз көріп те, байқап та жүрміз. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін арттыру бағытында мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданымызға 38 жобаға 4 миллиард теңгеден астам қаражат құрылыстарға бөлінді. Осы қомақты қаржының басым бөлігі шалғайда жатқан елді мекендерге ауызсу құрылысына бөлініп, ауданымыздың таулы аймағында орналасқан 10-нан астам ауылға табиғи газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар автомобиль жолдарын жөндеуге жыл сайын көңіл бөлініп, жолдар жөнделуде. Өткен жылдың өзінде тек қана Б.Момышұлы ауылына автомобиль жолдарын орта жөндеу бойынша 10 жобаға 219,3 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Дегенмен осындай қомақты қаржы бөлініп атқарылған жұмыстардың сапасына баса назар аударылса деген тілек бар. Себебі, қоғамдық кеңестің күнделікті жұмыстарында атқарылған істердің сапасына көңіл бөлініп, орын алған кемшіліктерді жоюға ескертпелер жасалып отырады. Оған дәлел ретінде өткен жылы Б.Момышұлы ауылында жүргізіліп жатқан автомобиль жолдарынының құрылысына бақылау жүргізіліп, онда бірқатар кемшіліктер анықталып, мердігерлерге ескертулер берілген болатын.
Қоғамдық кеңес мүшелері өздеріне берілген талаптарға сай аудан көлемінде барлық салалар бойынша бақылау жұмыстарын жүргізіп отырады. Қазіргі уақытта аудандық білім бөліміне қарасты мектептер мен балабақшаларда жұмыстардың қалай атқарылып жатқанына бақылау жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында ең басты міндет реттінде халықтың әл-ауқатын жақсартуды, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруды үнемі назарда ұстап отырады. Себебі. тұрғындардың әл-ауқаты артса, ауданымыздың да экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері көтеріле беретіні анық.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлының қоғамдық кеңестің алдында берген есебін қанағаттанарлық деп бағалаймын,- деді Әбуғали Әбделіұлы.
Қоғамдық кеңестің отырысын Сейітхан Жұмашев қорытындылып, кеңес мүшелерінің зерделеу жасау барысында былтыр ауданның денсаулық сақтау, білім беру салаларында бірқатар заң бұзушылықтардың анықталғанын, одан бөлек, көшелерге лоток орнату және су тоғандарын жөндеу құрылыстарында бірқатар олқылықтардың орын алғанын да атап өтті. Тиісінше, кемшіліктерді уақтылы жою жөніндегі ой-пікірлерін де ортаға салды.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close