Basty bet

«Уақыт шақыруы. Іскерлік қатынас жолында күш-жігерді біріктіру»

ауданда осындай тақырыппен алғаш рет әйелдер форумы өтті

Аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Қазақстан ауыл әйелдері» форумы аясында Жуалы ауданы әйелдерінің «Уақыт шақыруы. Іскерлік қатынас жолында күш-жігерді біріктіру» атты форум өтті. Ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды шараға ауданымызда түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер, ардақты аналар қатысты. Қатысушылар алдымен мәдениет үйінің фойесінде арнайы дайындалған көрмемен танысты. Көрмеге жеке кәсіпкер Гүлмира Әсемованың тігін цехында тігілген мектеп формалары мен ұлттық киімдер, қолөнер шебері Дариха Садықованың тіккен қолөнер бұйымдары, Зағира Мешелованың сүт зауытының сүт өнімдері мен құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер Айнагүл Ахмедбекованың өндірген өнімдері қойылды.

Көп кешікпей форум да басталды. Форумды «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова жүргізіп отырды.
«Іскер әйел алға бастап сеніммен,
Өз ортасын табар даусыз өмірден.
Дәл бүгінгі бастаманы қуаттай
Шын қошемет көрсетелік көңілден!
Әйелдерде нағыз пейіл, естілік,
Әйелдермен тамыр жаяр тектілік.
Қолдай келген іскер әйел тірлігін,
Армысыздар, ақ ниетті көпшілік» деген өлең жолдарымен бастаған Анар Садыққызы форумның алғашқы ашылу сөзін аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаевқа берді.
-Біздің қоғамымызда әйел азаматшалардың ел экономикасын ілгерілетудегі орны аса маңызды екені ақиқат. Ер азаматтармен үзеңгі қағыстыра еңбек етіп келе жатқан әйел азаматшалар түрлі салада қажырлылық танытып, жоғары жетістіктерге жетіп отыр.
Бүгінде Қазақстанда отбасылық-гендерлік саясат тиімді жүзеге асырылуда. Отбасыға, ана мен балаға қолдау көрсетудің кешенді жүйесі қалыптасқан. Біздің ауданда да әкімдік жанынан әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрылған,- деді Ербол Сәкенұлы. -Комиссияда гендерлік саясаттың түрлі бағыттарының орындалу барысы қаралып келеді.
Бүгінде ауданда барлығы 112 мекемеде 50 пайыз әйел жұмыс істейді. Олардың дені білім беру мен денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Аудан әкімдігіне қарасты 13 бөлім мен 14 ауылдық округтерде 161 мемлекеттік қызметшілер бар болса, оның 53-і әйелдер. Мәслихат депутаттарының төртеуі әйелдер.
Аудан әйелдері «Қазақстан – 2050 стратегиясын», 100 нақты қадам «Ұлт жоспарын», Президент Жолдауларын, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын іске асыруға, кәсіпкерлікті дамытуда, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлесін қосуда. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, республикалық Саяси кеңестің мүшесі Анар Ахметова, аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлбара Бекмұрзаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыткүл Қанаева, білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлсім Сыпатаева, аудандық мәслихаттың депутаты Күлбақыт Айтқұлова, Эсмира Мамедова, аудандық перзентхананың меңгерушісі Зәмира Құдайбергенқызы, кәсіпкердерден Гүлмира Әсемова, Айнагүл Ахмадбекова, Банати Ибрагимова, Зағира Мешелова, Нүрилә Мәлібекова, тағы да басқаларды атауға болады,- дей келіп, Ербол Сәкенұлы форумның жұмысына сәттілік тіледі.
Келесі сөздің кезегі форумның құрметті қонақтарының бірі облыстық кәсіпкер іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшаловаға берілді. Айгүл Сағымбекқызы бүгінде үкімет тарапынан кәсіпкерлерге, оның ішінде әйел кәсіпкерлерге, жаңадан кәсіп ашсам деген әйелдерге көрсетіліп жатқан көмек-қолдаулар жайлы айта келіп, аудандық кәсіпкер іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекееваны Алғысхатпен марапаттады.
Сөз кезегін алған аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова қауымдастық құрылғалы бері, яғни он жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, әйел-аналарға деген ақ тілегін жеткізді. Қауымдастықтың белсенді мүшелері Әлия Майбалаева, Гүлмира Дембаева, Ләззат Нүрпейісоваға деген алғысын білдірді.
Аудандық кәсіпкер іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева әйел-ана туралы даналық сөздерден, Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) хадистерінен мысал келтіре отырып, форумға қатысушыларды еңбекқор ұрпақ тәрбиелеуге шақырды.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Әуесхан Алмас ауыл әйелдерінің шағын және орта бизнесте орын табуына мемлекеттің «Бастау», «Жас кәсіпкер» жобалары, «Бизнестің жол картасы- 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы», сондай-ақ халықаралық қаржы институттары мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының түрлі бағдарламаларының ықпалы туралы баяндады. Ал, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға үкімет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер, қайта даярлау курсынан өтіп, өз кәсібін ашып жатқан қыз-келіншектер жайлы айтып өтті.
Форумға қатысушыларды ауданымыздағы қадірменді ардагерлеріміздің бірі, талай жасқа қамқоршы, қолдаушы бола білген ардақты ана Әсия Сағындықова да құттықтады.
Кезек Тараз қаласынан форумға арнайы келген кәсіпкер «Дана-дель» тігін цехының иесі Бақыткүл Тоқтыбаеваға берілді. Бақыткүл Егембердіқызы өзінің тәжірибесімен бөлісті.
-Мен тігін тігумен 8 сыныптан бастап айналыстым. Алғаш тігін мәшинесін әкем екі айлығын жинап алып берген. Кейін жоғары оқу орында оқыдым. Алғаш кәсіпкерлікпен айналысқанда қазіргідей мүмкіндіктер жоқ болатын. Ғимаратты жалға алып жұмыс істедім. Дәл солай жеті-сегіз жыл еңбек еттім. Бір жылы Президентке ішік тіктім. Осыдан кейін маған тапсырыс берушілер көбейе бастады. Банк қызметкерлері келіп, жұмысымды кеңейту үшін жеңілдетілген пайызбен несие алу мүмкіндігі бар екенін айтты. Көп ойланып, тәуекелге барып, несие алып, ғимарат, тігін мәшинесін алып, қыз-келіншектерді жұмыспен қамтыдым. Қазір цехта 22 келіншек жұмыс істейді. Жұмыс аясы кең. Ғимаратымыз да үлкен.
Жалпы әйел баласына жүктелген жүк ауыр. Бірақ «Әйел қырық жанды» демекші, бәріне үлгеруіміз керек. Заман талабы да солай. Кәсіп ашу үшін өз жұмысын сүю қажет және білім, еңбекқорлық, тәуекелділік керек. Барлық нәтиже, бақыт тек еңбекпен қана келеді,- деді кәсіпкер.
Форум барысында сонымен бірге Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов, кәсіпкерлер Айнагүл Ахмадбекова, Нүрилә Мәлібекова да сөйледі.
Форум марапаттау рәсімімен жалғасты. Бір топ ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан әйел-аналар аудан әкімі Нарбай Ергебековтың Алғысхатымен марапатталды.
Форум ақын Нұржан Әліштің «Әйелдерге арнау» өлеңімен аяқталды.
«Жуалы Қанағат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлтуған Баймұхамбетованың ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қолдауымен өткен шарадан соң «Nurai Plaza»орталығы мен «Nurly urpaq» балабақшасының ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатында аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков пен облыстық кәсіпкер іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Сағымбекқызы сөз сөйлеп, ғимараттардың лентасын қиды.

Перизат
Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close