Атажұртқа, Жуалы өңіріне елім деп еміреніп келген отандастардың еліміздің көші-қон қызметі органдарына өкпесі қара қазандай. Олардың алды 17 жылдан бері республика азаматтығын ала алмай, сергелдеңге түскен.
Ең сорақысы сол, отандастардың құжаттарын қабылдап алып, оларды тиісті орындарға жіберіп, орындалуын қадағалауы тиіс аудандық полиция бөлімі көші-қон полициясы қызметі бөлімшесінің маманы Айдос Мықтыбеков салғырттыққа жол берген. Соның салдарынан қандастардың азаматтық алу процесі созбалаңға салынған.
Ашынған қандастардың үлкен тобы «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ және «Отандастар қорының» Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры Шорабай Ысқақовқа барып, өздерін аудандық полиция бөлімінің бастығына апаруын талап еткен.
– Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сапиев карантин режімін сылтауратып, бізді қабылдаудан бас тартып, өзінің бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Нұралиевке сілтеді. Бөлімнің алдындағы өткізу бекетінде тұрған 15 адамның алтауын және мені жетінші етіп кабинетіне кіргізген шенді полиция подполковнигі қандастардың мұң-мұқтажын мұқият тыңдап алып, мәселені бір аптаның ішінде шешіп беруге уәде етті. Содан біраз уақыт бұрын өз арызымен жұмыстан кеткен Айдос Мықтыбековті іздеп тауып, бір күн жұмыс істетті. Алайда, қандастардың шаруасы онымен шешілген жоқ. Айдос сол күннен кейін жұмысқа қайта ат ізін салмады. Ал, Дархан Нұралиевке уәденің орындалуын сұрап хабарласқан бізге ол «жұмыстан кеткен қызметкерді жұмысқа мәжбүрлеп әкеле алмаймын» деп қол қусырып отыр, – дейді Шорабай Ысқақов.
Оның айтуынша, отандастардың көбісінің елде тұруға ықтиярхатының мерзімі аяқталған, немесе аяқталуға таяу қалған. Көші-қон полициясы қызметі бөлімшесінің бұрынғы маманы Айдос Мықтыбековтің құрғақ уәдесіне сенген, тіптен оған ақша бергендер де бар.
Уақтылы азаматтық алмағандықтан, отандастар зейнетақыдан, әлеуметтік көмектер мен жәрдемақылардан қағылып отыр. Мәселен, Қарақалпақстаннан келген Гүлшат Рубаеваның ықтиярхаты 2012 жылдан 2018 жылға дейін жарамды болған. Осы мерзім ішінде азаматтық алуға құжаттарын тапсырған, алайда жауап болмаған. 2015 жылы Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында тіркеуге тұрған. Толыққанды азаматтар ретінде жұмыспен қамту органдарына жүгіне алмайды. Бір қызымен бірге тұратын олардың бүгінде тұрақты табыс көзі жоқ. Өзбекстаннан келген 90 жастағы кейуана Бекзада Әлиеваның бес баласы бар. Өзбекстан паспортының да, ықтиярхатының да мерзімі аяқталуға шақ қалып тұр. «Ендігі күніміз не болады?» деп көзіне жас алады ол.
Сонда бұл қалай болғаны?! Заң талаптарына сай атажұртқа келген отандастарға белгілі бір мерзімге елде тұруға ықтиярхат беріледі. Ол осы уақыттың ішінде ол азаматтық алып үлгеруі тиіс. Алайда, қандастардың құжаттарын қабылдап, азаматтық алуына жәрдемдесуге жауапты органдардың салғырттығы мен жауапсыздығынан сергелдеңге түскен жандардың мәселесін кім шешеді? Бұған жауап беретін лауазым иесі бар ма? Әлде заң осылай белшесінен басыла бере ме?
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»