Basty bet
Жүйелі жұмыстар нәтижеге бастайды
Әлем мемлекеттерін әбігерге салған коронавирус пандемиясы жағдайында халықтың біраз есеңгіреп қалғаны жасырын емес. Осындай кезеңде елдің ертеңге деген сенімін нығайту өте маңызды. Осы мақсатта мемлекеттің қолдауымен Қошқарата ауылдық округінде біршама жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ақтасты, Қошқарата және Қызтоған ауылдарында 264 аула бар. Округте үш мектеп, бір балабақша, бір дәрігерлік амбулатория, екі медициналық пункт, бір мәдениет үйі, пошта бөлімшесі, кітапхана және кітапхана жанынан ашылған «Цифрландырылған ақпараттық орталық» халық игілігі үшін қызмет атқаруда.
Ауылдық округ әкімі тоқсан сайын жұмысты жоспарлап, аппарат басшысымен келісіп, бекітіледі. Тоқсандық жоспар егін егу, мерекелік шараларды өз деңгейінде ұйымдастыру, салықтық түсімдерді арттыру, халықтың арыз-шағымын уақытылы тиісті бағдарламаға енгізу сияқты жұмыстардан құралады. 2020 жылы жоспар бойынша мерекелер карантин жағдайында атап өтіліп, жұмыстар өз деңгейінде орындалды.
Ауылдық округ әкімі және аудан әкімінің есебінде жалпы 9 мәселе көтеріліп, бүгінде 8 мәселе өз шешімін тапты. Қызтоған, Ақтасты жоталарына қар ұстаушы тосқауылдар орнату бойынша шаруалардан келісім алынып, аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне жолданды. Мемлекеттік бағдарламалардың бірі «Жастар тәжірибесі» бойынша бес жас маман, «Қоғамдық жұмыс» бойынша 18 тұрғын жұмыспен қамтылды. Жуалы ауданы әкімі мен округ әкімі арасында жасалған индикаторлық 19 көрсеткіштің 5 көрсеткіші бүгінде орындалу үстінде. Пайызға шаққанда 73,7 құрап отыр.
«Асар» бағдарламасы аясында екі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Туған жерге туыңды тік» акциясының нәтижесінде Абай атындағы орта мектебінің ескі ғимаратының үлкен бір бөлігі жөндеуден өтті. Ауыл тұрғындары жаппай ат салысып, бүгінде спорт үйірмелерін ашу жоспарланып отыр.
Округ аумағында өзге ұлт өкілдерінен 11 шешен ұлты тұрады. Ұлтаралық қақтығыс тудыратын өзекті мәселелер анықталған жоқ. Өзге ұлт өкілдеріне барлығына бірдей жағдай жасалған. Өзге ұлт өкілдері арасында татулықты дәріптеу мақсатында жыл бойына 7 іс-шара өткізілді. Округ аумағында жасалынатын қайырымдылық шараларына да өзге ұлт өкілдері демеушілік көрсеткенін атап өту керек. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу мақсатында және діни қатынастарды реттеу мақсатында округте ақпараттық түсіндіру тобы құрылған. Аудандық бөліммен келісілген жоспар шеңберінде жыл бойына округ аумағында 15 іс-шара өткізілді. Есебі тапсырылды. Учаскелік полиция инспекторымен бірлесе отырып тыйым салынған діни әдебиеттерді анықтау мақсатында үш рет рейд жүргізілді. Нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Жергілікті учаскелік полиция инспекторы М.Дулатбаев Қошқарата ауылында туыстарының үйінде тұрғылықты тұрады.
Округтің әлеуметтік желілерінде өтініш, арыздар түспеген. «Айқын» базасына жыл басынын бері 21 өтініш тіркеліп, 20 өтініш өз шешімін тапса, бір өтініш иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Округ аумағындағы өзекті мәселер ауызсу мен газ жүргізу болатын. Биыл ауызсу құбырларын жүргізу жұмысын «Агроспецмонтаж» ЖШС жүзеге асырды. Жұмыстың 90 пайызы жүзеге асырылды. Газ құбырын ауыл мен ауыл арасына газ құбырпын «АқБарыс»ЖШС жүргізді. Елдімекен ішіне кіргізу жұмыстары алдағы жылдың еншісіне қалды.
Округ тұрғындары арасында наразылық тудырып отырған мәселелер анықталған жоқ. Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың жұмыс алгоритмі аясында Қошқаратаға жасаған сапары барысында Қызтоған ауылы Қызтоған көшесіне шағал төсеу мәселесі көтерілген болатын. Себебі жаңбыр, қар жауған уақытта ол көшемен көліктің жүруі мұң еді. Аталған жобаны «Grand Towers» ЖШС жеңіп алып, төрт техниканың көмегімен шағал төселді. Сонымен қатар 2020 жылы округте Б.Үсенов, Ақтасты, Е.Сауранбекұлы көшелеріне жарықты үнемдейтін диодты шамдар орнату жұмыстары жоспарланған еді. Аталған жұмыстар мамыр айында басталып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ақтасты ауылы толық жарықтандырылды. Б.Үсенов көшесінің жарығы диодты лампаларға ауыстырылды. Е.Сауранбекұлы көшесі жарықтандырылуда. Округіміздің көшелерін жарықтандыру жұмыстары 77,8 % ға орындалып отыр.
Округ аумағында жыл басынан бері ауыл тұрғындарын демеушілікке тартып, 19 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасы барысында 98 отбасына азық-түлік пакеті табысталып, бетперделер таратылды. Қайырымдылық шарасының нысаны көп балалы, жалғыз басты аналар, қариялар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Ауыл тұрғындарының бастамасымен Қошқарата және Қызтоған ауылындағы мазаратқа баратын 2,5 шақырым жолға құмшағал төселді.
Биылғы жылғы мектеп түлектерінің демеушілігімен 2019 жылы ашылған бокс үйірмесіне «ринг» және басқа да спорттық құрал-жабдықтар сыйға тартылды.
«2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес, Ақтасты ауылындағы мектеп ғимаратының тозығы жетуіне байланысты демеушілердің көмегімен ыңғайластырылған мектеп ғимаратының құрылысы қарқынды басталып кетті. Алдағы жылы округке қарасты елдімекендерге арық-атыздар арқылы су тарту мәселесін шешу мақсатында біраз жұмыстар жоспарланып отыр. Әр аулаға арықпен су келетін болса жері құнарлы округімізде түрлі бау-бақша өнімдерін егуге толық мүмкіндік болар еді.
Жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Абай орта мектебінің ескі ғимараты жөндеуден өткізіліп, спорттық үйірмелер ашу жоспарланып отыр. Тиісті бөлімнен арнайы штат қарастырып беру туралы сұраныс жолданды.
Ауылдық округтегі егістік жерлерге су бармайды. Ауыл аумағында қазылған сегіз ұңғыма бар. Бұл ұңғымалар ауыл ішілік таза ауыз суға арналып қазылған. Зерделеу барысында төрт ұңғымадан аз көлемде су шығып тұр.Бұл ұңғымалар ауыл ішінде орналасқандықтан егістік жерлерді суландыруға мүмкіндік жоқ.
Егін шаруашылығында ағын су тапшылығы ескеріліп, жерасты суларын пайдаланып жаңа суғару технологиялары, тамшылатып, жаңбырлатып суғару бойынша шаруа қожалық төрағаларымен түсіндіру жұмыстары тұрақты жүріп жатыр.Әзірге ниет еткен азаматтар жоқ.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында, ауылдық округте 2020 жылы 1604 халық тіркелген. Оның ішінде: 738 адам жалдамалы жұмыс жасайтындар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ресми тіркелген жұмыссыздардың 20-сы жұмысқа орналасты. Қоғамдық жұмысқа 20 тұрғын, жастар тәжірибесіне бес жас маман, әлеуметтік жұмыс орындарына 4 тұрғын, білім саласында 3 тұрғын жұмыспен қамтылды. Жалпы тұрақты жұмыс орындарына 31 тұрғын жұмысқа орналасты.
«Қазақстан-2050» стратегиясында өңірде фермерлік, шағын және орта бизнесті дамыту үшін мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғыртумен қатар, аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға аса мән беріліп, ауыл шаруашылығын аяғынан тұрғызудың басым міндеттерін айқындап берген болатын. Мал өсіруді дамыту аясында 2020 жылы округте жеке кәсіпкер Әзтаева 72 бас қой, 3 бас қошқар алу үшін 3,5 млн, ЖК «ПорымАйжан» 8 бас мүйізді ірі қара мал алу үшін 2,7 млн, ЖК «Маделиева» 10 бас жылқы алу үшін 4,0 млн, ЖК «Айдар» 4,0 млн. теңгеге 87 бас қой 3 бас қошқар сатып алды.
Мемлекеттік қайтарымсыз грантты АӘК алушы бір азамат алып, өз тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында 3 бас МІҚ сатып алды.Тұрғындарға өз кәсібін ашу бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырады.
Мемлекеттік мүліктер мен нысандарға тиісті деңгейде күтім жасалуда. Округ әкімдігінің теңгеріміндегі Абай атындағы мектепке реконструкция жасалды, ауыл тұрғындары демеушілік көрсетті.
Көктемгі санитариялық тазарту, абаттандыру жұмыстары бойынша әктеу, сырлау және тазалық жұмыстары толығымен жүргізілді. Қазіргі таңда аталған жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
2020 жылы жоспарланған жұмыстар толығымен орындалды. Келесі жылға мына жұмыстар қолға алынады. Атап айтсам, ауылішілік көше жолдарын жаңарту, Қошқарата және Ақтасты ауылдарындағы каналдарды тазарту, ауыл жастарына арналған футбол алаңшасын орнату, – Қызтоған және Бүргенді көшелеріне жарық орнату секілді мәселелер
2020 жылы округ аумағында оқыс оқиғалар, қылмыстар орын алған жоқ. Округтен арнайы тіркелген екі маскүнем азаматпен тиісті жұмыстар жүргізіліп, жақында тіркеуден оңалып шығады.
«Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы аясында шаруа қожалықтарында жұмыс жасайтын азаматтардың жеке бастары анықталып, заңсыз адам еңбегін пайдалану фактілері анықталған жоқ.
Жоғарыда тізбектелген атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асырылатын болса, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, тұрмыс жағдайы біршама өзгеретіні анық.
Жәнібек МЫРЗАЛИЕВ,
Қошқарата ауылдық
округінің әкімі