Әр дәуірдің өз талап-тілегі бар. ХХІ ғасыр техника мен технологияның қарыштап дамыған кезі. Заман көшінен қалмау бүгінгінің басты талабына айналып отыр. Бұл жөнінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жаһандану дәуірінде заман көшінен қалмау керектігін айта келе, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Аталған бағдарлама дамыған әлем елдерінің қатарына қосылудың, өркениет көшіне ілесудің жолы, сонымен қатар, жаңғыруға бастайтын жол. Сондықтан да жаңашыл жоба елімізде кешенді жүзеге асып келеді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы біздің ауданда да қарқынды жүргізілуде. Соның бірі ретінде 2018 жылдан бастап «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасы аясында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Білім орталығы» және цифрландырылған ақпараттық орталықтардың ауыл тұрғындарына есігін айқара ашқанын айтуға болады. Жобаның басты мақсаты – кітапханаға оқырмандарды, әсіресе, жастарды көптеп тарту. Яғни, көркем әдебиеттерді оқыту арқылы жастардың ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымыз туралы таным-түсінігін кеңейту. Осы орайда, аудан көлемінде аталған бағдарлама аясындағы жұмыстардың іске асырылу барысынын, әсіресе, ауылдық кітапханаларда ашылған цифрландырылған ақпараттық орталықтардың жұмысын зерделеп көрген едік.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне барлығы 25 ауылдық кітапхана қарайды. Соның ішінде екі кітапханада «Білім орталығы» және 17 кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған. Мұндай орталық Б.Момышұлы ауылындағы аудандық орталықтандырылған кітапханада да бар.
Айжан Жұманова, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы:
– Ауданда ашылған «Білім орталығы» екі бөлмеден тұрады. Бірінші бөлме еуропалық стильде жабдықталса, екінші бөлме ұлттық нақышта безендірілген. Аталған орталық оқырмандар мен тұрғындар көптеп келетін орынға айналды. Себебі, бұл орталықта әртүрлі форматтағы жиындар, келелі кездесулер, басқосулар ұйымдастырылып тұрады. Орталық кітапханадағы цифрландырылған ақпараттық орталықта тұрғындарға кітапханашы Лаура Сейітпуллаева қызмет көрсетеді. Ал, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты ауылдық кітапханаларда ашылған цифрландырылған ақпараттық орталықтар интернет және wi-fi желісіне қосылған, кітапханашылар е.gov.kz порталынан қызметтің 18 түрін, цифрландырылған ақпараттық орталық сайты арқылы түрлі сұраныстарды беріп отырады. Алғашында орталықтар тұрғындарға e.gov.kz электрондық үкімет порталынан 7 түрлі қызмет көрсететін, ал, қазіргі таңда олардың қатары артып отыр.
Жалпы ақпараттық орталықтардан 1404 тұрғын анықтама алған. 2019 жылғы алынған анықтамалар саны – 1202. Оның ішінде 640-ы мекенжай анықтамасы, 186 – зейнетақы жинағы, 39 -балабақшаға балаларын кезекке қою, 101 – жылжымайтын мүлік, 177 – соттылығы бар, жоқтығы, 26 – наркологиялық диспансерден, 28 – психиатриялық диспансерден, 23 – туберкулез диспансерінен анықтамалар, 1 – мемлекеттік қызметке орналастыруға тест тапсыруға өтінім, 58 – несие тарихы, 38 – салық берешегі, 36 – әлеуметтік, 28 – ЭЦҚ алуға өтініш беріліп, анықтамалар алынды. Цифрландырылған ақпараттық орталығының сайтына 732 сұраныс келіп түскен. Барлық ауылдық кітапханадағы орталықтарға 5 компьютерден орналастырылып, бір әмбебап көшірме құралы қойылған. Кітапханашылар «egov» электронды порталынан қалай қызмет көрсету керектігін оқып, үйреніп меңгерген. Сонымен қатар, кітапханашылар электронды қолтаңбаны ашуға өтініш бере алады.
Айнұр Бегалиева, Нұрлыкент ауылдық кітапханасының кітапханашысы:
-Ауыл тұрғындарын кітапханаға көптеп тарту мақсатында ашылған орталық заман ағымына ілесу үшін таптырмас орын. Себебі, бұл істердің барлығы тұрғындардың игілігі үшін жасалуда. Тұрғындар аудан орталығына бармай-ақ, кітапханадан керекті анықтамаларын ала алады. Мұны ауыл тұрғындарының бірі білсе, бірі біле бермейді. Кітапханаға келген әрбір оқырманды орталықтың жұмысымен таныстырып, мәліметтер көрсетіп отырамын. Тек кітап алып кетпей, керекті анықтамаларын, сайт арқылы сұраныстарын беріп, мәліметтер алуға болатынын айтып, насихаттау жұмыстарын жүргізудемін.
Орталықтан алғашында тұрғындар мекенжай анықтамасын алуға көптеп келетін.
Жалпы орталықтан тұрғындар алған түрлі анықтамалардың саны – 180, ал, цифрландырылған ақпараттық орталықтың сайтына 76 сұраныс келіп түсті. Аталған орталықтың сайтынан Жамбыл облысының барлық аудандарының тыныс-тіршілігімен таныса алады. Сол аудан туралы жалпы мәліметтерді таба алады. Сайттан оқырмандар Жуалы ауданының барлық округіндегі ауыл шаруашылығы, ауыл мәдениеті, ауыл жаңалықтары, халықтың жұмыспен қамтылуы және білім, спорт, денсаулық және тағы басқа салалар туралы мәліметтер оқи алады,- дейді кітапханашы.
Кітапханашымен сұхбаттан соң бірқатар ауыл тұрғындарынан «Кітапханадағы цифрландырылған ақпараттық орталықтардың ашылғанынан хабарларыңыз бар ма?» деген сұрақты қойған едік. Ауылдық округ тұрғындарының кейбірі бұл орталықтың жұмысынан хабардар болса, кейбірі қызмет алуға болатындығы жайлы мүлдем хабарсыз болып шықты. Бұған себеп, тұрғындардың айтуынша, жарнаманың жоқтығы екен. Әйтпесе, ақпараттық орталықтың ашылғандығы туралы аудандық газетте дүркін-дүркін мақалалар жазылған болатын. Алайда, кейбір тұрғындардың мұны білмейтіні маған үлкен ой салды. Қазіргі таңда шын мәнісінде кітапханаға келетін жандардың қатары азайғаны қынжылтады. Аудан орталығына сабылмай-ақ өз округінен осындай қолжетімді қызметті ала алмағаны өкінішті-ақ.
Ал, кітапханашының жұмысына осында келетін тұрақты оқырмандар оң бағасын беріп отыр. Мұны біз Айнұр Бегалиевамен сұхбат барысында аңғардық. Рухани ошаққа бас сұққан оқырмандарға кітапханашы ықыласпен білдіріп, қызмет көрсетіп, бағыт-бағдар беріп жатыр. Сонымен қатар, кітапханашы цифрландырылған ақпараттық орталықтың сайтына кіріп, мәліметтерді көрсетті.
Сондай-ақ, ең алғашқылардың бірі болып ашылған цифрландырылған ақпараттық орталықтың бірі – Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында. Ауылдық кітапхананың кітап қоры 7407 болса, оқырман саны – 575. Кітапхана төрт бөлімнен, яғни оқу залы, абонемент және балалар бөлімдері және цифрландырылған ақпараттық орталықтан тұрады.
Мұнда кітапханашы Сандуғаш Дербісәлиева орталықтың жұмысымен бүге-шігесіне дейін таныстырып шықты. Орталықтағы компьютерден e.gov.kz электрондық үкімет порталына кіріп, тіпті, анықтаманы да алудың жолдарын көрсетті. Жалпы орталықтан 128 тұрғын әртүрлі анықтамалар алған. Интернет желісі де жақсы жұмыс жасап тұр. Мұны біз кітапханашының электронды үкімет порталы мен «Цифрландырылған ақпараттық орталық» сайтына кіріп, жұмыс жасаған кезде байқадық. Ал, орталықтың ашылуы тұрғындар үшін тиімді, әрі қолжетімді болып отыр.
Қорытындылай келгенде, ауыл кітапханаларындағы ақпараттық орталықтың жұмысы жүйелі екеніне көз жеткіздік. Тұрғындар үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай жабдықталып, Интернет желісіне қосылған. Кітапханашылардың қызмет көрсетуі де көңілден шығады. Тек осы жасалған жақсылықты тұрғындар игілігіне пайдалана алса деген ой түюге болады. Рухани ошаққа келіп, кітап, газет-журнал оқып, рухани байыса деген тілек те бар…