Basty bet

ДАЛАНЫҢ ДАНА ПЕРЗЕНТІ

«Ақыл-парасат адамға ең биік кемел-ойға жету үшін берілген»
Әбу Насыр әл-Фараби

Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әл-Фарабидің 1150 жылдығына дайындық жұмыстары басталып кетті. Осы мақсатта арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Үстіміздегі жылы Ұлы даладан шыққан ғұламаның мерейтойы ЮНЕСКО, ИСЕСКО сынды халықаралық ұйымдардың аясында әлемдік деңгейде атап өтіледі.
Ә.Н. әл-Фараби – ұлы ғұлама түркі, ислам философиясының жарық жұлдызы, әлем философиясының заңғар тұлғаларының бірі. Өзінің асқан білімділігі мен ғұлама ғалымдығының арқасында әлемге танымал болған жерлесіміз әл-Фарабиді әлем мойындап, Шығыс Екінші Ұстаз деп мойындағалы қанша заман өтті. Оның шығармашылық мұрасы орасан зор. Ойшыл екі жүзге жуық философиялық және ғылыми трактат жазып қалдырды.
Әл-Фарабидің пайымдауынша, философияның маңызы өте зор, өйткені нағыз бақытқа жол сілтейтін философиялық білім қатып қалған ілімдердің жиынтығы емес. Әрбір жаңа ұрпақ арқылы еселеніп, толығып отыратын білім арқылы толысатын даналық. Шығыс мәдениетінде рухани ұстазға, рухани тамырларға, рухани құндылықтар мен дәстүрлерге деген ізгі қатынас қалыптасқан. Сондықтан да әл-Фараби мұрасы мен заманауи Қазақстанның рухани мәдениетін, сондай-ақ мәдени мұраларымыздың тетіктерін теориялық және мәдени байланыстар негізінде зерделеудің маңызы зор.
Түркі ғалымдарының ішінде дүниежүзіне мәлім екінші ұстаз әл-Фарабидiң тағылымдық мұраларында түркілік тәрбиенің негізі қаланған. Оның жан мен тәннiң пайда болуы жайындағы трактатында өзiнен бұрынғы Платонның «Жан тәннен бұрын пайда болады» деген пiкiрiн жоққа шығарып, жан мен тән бiрге дамиды, тәнсiз жан жоқ, жан – тәннiң тiршiлiк қасиетi, адамның тәнi де, жаны да өткiншi деп ой топшылайды. Адамның айналаны тануы бес сезiм мүшесi арқылы iске асатынын, оның өзi сыртқы және iшкi жан қуаты болып бөлiнiп, сыртқы жан қуаты жеткiзген мәлiметтердi ойда қорытып сыртқа шығару (ой) ми мен тiлдiң iсi дейдi. Адамның жануарлардан ерекшелiгiнiң өзi ойлай, сөйлей алуында деп қарайды.
Әл-Фарабидiң тағылымдық мұраларында жеке тұлғаны қалыптастыру ұғымына берілген анықтамада: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл-күші, бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады. Егер осы екеуі бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен кемелділікті табамыз және осы екеуінің арқасында қайырымды адам боламыз» деп келтіреді.
Ғұлама данышпанның дүниежүзіне танымал «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат» деген еңбегiнде жан құбылыстарының әртүрлi көрiнiстерiне қысқаша сипаттама бередi. Ол тану процесiн екi кезеңге бөледi де, бiрiншiсiн сезiмдiк кезең деп атаса, танып-бiлудiң негiзгi түйсiк сезiмiнде, ойлау процесiн туғызуға түрткi болады деп қарайды. Оның iзгi қала тұрғындарының қажыр-қайраты мен ерiк-жiгерiн рухани қасиеттi қалыптастырудың негiзгi факторы дейдi. Батырлық, ерлiк iс әрекеттер ерiк-жiгердiң жақсы сапасы болса, ал мейірiмсiздiк, қорқақтық, дүниеқорлық, нәпсiқұмарлық адам бойындағы ұнамсыз жан қасиеттерi деп қарайды. Яғни, адам жанының ерекше қасиеттерiн санамалай келiп, адамның жануардан айырмашылығы саналы iс-әрекетiне байланысты. Адам қоғамнан тыс тiршiлiк ете алмайды, сондықтан ол басқалармен қоғамда қарым-қатынасқа түсу арқылы әрекет етедi. Осы әрекеттесу кәсiптiк ерекшелiктердi туғызады, түрлi топқа, қоғамдастыққа бiрiгедi. Демек, қарым-қатынас iзгiлiкке, қайырымдылыққа құрылуы керек. Адамдар қоғамда бақытты өмiр сүруi үшiн өзара көмектесетiн iзгi қоғам құруы керек. Ондағы адамдар бiр-бiрiмен ынтымақты байланыс жасауы тиiс дейдi.
Iзгiлiктi адам бойына дарыту тәрбие, өнеге арқылы iске асырылады деп тәрбие мәселесiне басты орын бередi. Әл-Фараби еңбек бөлiнісiне қарай қала тұрғындарын кедейлер, шәкiрттер, әкiмдер деп үшке бөледi де, дене еңбегi кедейлерге, ал ой еңбегi шәкiрттер мен әкiмдерге тиiстi деп қарап, бiлiм алу, ел басқару iсi де халыққа адал қызмет бiрiншi орында тұруға тиiс деп есептейді. Әл-Фараби ұлы ағартушы болғандықтан, адамды тек оқу-бiлiм арқылы жақсартуға, жетiлдiруге болады, оқу-бiлiм барша халыққа ортақ нәрсе деп қарайды.
Оның отансүйгіштік тағылымдарының бірінде: «Қайырымды қала қолбасшысының елді қорғаудағы 12 ерекше қасиетіне тоқталады, оның негізгілері: – көкірек көзі ояу; – қиындықты жеңе білетін; – нәпсіге берік; – рухы биік; – намысты, батыр болуы қажет» деп келтіреді. Біз әл-Фарабидің тағылымдық мұраларын талдай отырып, ғұлама-ойшылдың халық туралы ойлары, түркілердің ардақтайтын моральдық құндылықтарының ішінде түркілік рухқа негiзделгенін айта аламыз. Жас ұрпақты ерлікке, жауынгерлік рухқа баулуда аталған «Қайырымды қала қолбасшысының елді қорғаудағы 12 ерекше қасиеті» қазіргі кезде де өзінің құндылығын жойған жоқ. Кішіпейілділік, қол ұшын беру: «Адам туралы айтсақ, оларды қосатын, байланыстыратын дәнекер тұтқа адамгершілік болып табылады. Сондықтан адамзат тегіне жататын болғандықтан, олар өзара бейбітшілікті, татулықты сақтаулары қажет». (Көбесов А. «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда: Зерттеу еңбегі» кітабынан).
Адамгершілік-имандылық тәрбиесі туралы өнегесі: Мәрттік, жомарттық; (мінез-құлық туралы) «Біз мінез-құлық сапаларының абзалы да, оңбағаны да жүре келе пайда болады дейміз. Адамда қалыптасқан мінез-құлық болмаса, қарама-қарсы мінез-құлыққа өз еркімен көшіп кетуі мүмкін. Адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына немесе жақын жұғысудың арқасында бір мінез-құлықтан басқа бір мінез-құлыққа ауысуына себепші болатын нәрсе – әдет, ал әдет деп мен белгілі бір әрекеттің жиі және ұзақ уақыт қамтылуын айтамын. Мінез-құлықтың қалыптасуы жолдары өнер үйрену жолдары сияқты …» (Көбесов А. «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда: Зерттеу еңбегі» кітабынан).
Әл-Фарабидің ғылыми ой-пікірлері өзінен кейінгі дәуірдегі Шығыс пен Еуропа халықтарының философиялық, эстетикалық, қоғамдық этикалық ой-пікірін және өнердің дамуына, жалпы рухани құндылықтардың дамуына әсер етіп, үлкен ықпалын тигізіп отыр. Ұлы өркениет философы Әбу-Насыр әл-Фарабидің рухани әлемі – адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңы.

Жинақтаған
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close