Basty bet
57 азамат мемлекеттік грант бойынша жеңімпаз
Жақында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес конкурс өтті. Аталған қағиданың 3 бөлімінде Бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды беру шарттары жазылған.
Яғни, бірінші, мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлайтын Бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі.
Екінші, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі.
Көпбалалы табысы аз отбасыларға, табысы аз мүгедектерге жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады.
Бұл – үшінші конкурс. Бұған дейінгі бірінші, екінші конкурс облыста өткен. Бірінші конкурс қорытындысы бойынша 22, екінші конкурс қорытындысы бойынша 39 адам 100-200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант ақшалай алды. Ауыл жылына байланысты бес адамның жас ерекшелігі қаралмаған.
Үшінші конкурсқа 73 үміткер қатысты. Әрине, негізінен жастар. Олар: «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында арнайы курстан өткен және №16 Жуалы колледжінде түрлі мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқытулардан өткен жастар, түрлі санаттағы азаматтар.
Грантқа қатысқан азаматтар жеке-жеке комиссия мүшелерінің алдында өз бизнес жоспарларын қорғады. Бизнес жоспарлардың көбісі асыл тұқымды ешкі өсіру, құс шаруашылығы, сұлулық салонын ашуға, сиыр алуға бағытталып жасалған.
Конкурс қорытындысы бойынша 73 үміткердің 57-нің бизнес жоспары мақұлданды. Оның басым көпшілігі асыл тұқымды заанен ешкісін өсіруге арналған. Бұл ешкі сүттілігімен ерекшеленеді. Ешкі сүтінің бір литрі 500 теңгеден. Ол күніне 3-4 литр сүт береді. Ешкі сүтінің адам ағзасына тигізер пайдасы мен емдік қасиеті мол. Мемлекеттік гранттарды ұтып алған азаматтар алдағы уақытта қағида талаптарына сай 505 мың теңге қаржыларын алып, бизнестерін іске асыратын болады.
Ендеше, іске сәт, жастар!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»