Basty bet

Зорлық-зомбылықсыз отбасы – бақыт мекені

Маңызы зор, мағынасы терең шара

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Отбасы деген шағын ғана мемлекетіңіздің берік те бақытты болуы үшін, ең бірінші өзара сыйластық пен сүйіспеншілік керек.

Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргетасы – бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып есейеді.

Осы ретте, аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының» аудандық кеңес беру кабинеті және халық шығармашылығы мәдени демалыс орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз отбасы – бақыт мекені» атты  шара өтті.

Шараның мақсаты – уәкілетті органдар мен азаматтық қоғамның арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, өзара іс-қимыл жасау механизмінің қалыптасуына  ықпал ету.

Тәрбиелік мәні жоғары шара мәдениет үйінің қызметкерлерінің сомдауындағы театрландырылған сахналық көрініспен ашылды. Бұл көріністе отағасы ащы судың жетегінде кетіп, шаңырағы шайқалған отбасы мен жүрегіңе жылулық отын сыйлайтын бақытты жанұяның көрінісі көрсетілді.

Шараны халық шығармашылығы мәдени демалыс орталығының қызметкері Мәлік Мықтыбеков жүргізіп, алдымен сөз кезегін «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының» директоры Жамал Қалыбековаға (1 суретте) берді.

Жамал Қалыбекова өз сөзінде, облыста 27 орындық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының 2014 жылдың қараша айында ашылғанын айтты. Сонымен қатар бүгінде бұл орталықта 24 қызмет алушы жатқанын және орталықтың міндеті – келген әйелдерге психологиялық көмек көрсетіп, өз отбасына қосу екенін тілге тиек етті.

– Отбасындағы зорлық-зомбылық- қоғамдағы басты мәселенің бірі. Әйелдер қауымы бұл жағдайда жиі зардап шегеді. Әсіресе, өткен жылы пандемиялық ахуал күшейіп, карантин режімі енгізілген кезде отбасылық зорлық-зомбылық факторлары көп тіркелгені белгілі. Біздің қалыптасқан менталитетімізде көптеген қыз-келіншектер отбасындағы зорлыққа шыдап, көп жағдайда жасырып қалуға тырысады. Мұндай жайттар денсаулықтың бұзылуына, түрлі күйзеліске, балаларының мінез-құлқының дұрыс қалыптаспауына, тіпті соңы өлімге алып келеді. Осындайда «ұят», «қорқыныш» деген ұғымдарды өз жөнімен пайдалансақ игі еді.

Отбасында қысым көрген әйелдер көбінде орталықтың көмегіне жүгінудің орнына өзінің туыстарының немесе ата-анасының үйіне барып, мұңын шағады. Бұл – қате. Қайта орталыққа келіп, әйелдер психологіне және баларыңызды балалар психологіне жүгініп кеңес алсаңыздар нәтижесі оң болады.

Консультацияға келген аналар мен балалардың жеке басының құпиялары міндетті түрде сақталады. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік береміз. Әрине, соңғы шешімді өздері қабылдайды.

Дана халқымыз «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді. Айта кететін жайт, отбасын құрғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Осындайда әйел адам балаларының жағдайын ойлап, отбасын сақтап қалуға тырысуы керек. Үйде біреуі асыңқы болса, біреуі басыңқы болғаны жөн, – деген Жамал Дүйсенбайқызы, осы мақсатта аянбай жұмыс жасап отырған аудандық кеңес беру кабинетінің жұмысына оң баға берді.

Жамал Қалыбекованың сөзінше, қызмет алушы әйелдер бұл орталықта алты айға дейін тұруына болады. Мұнда үш мезгіл тегін тамақ, жатын орны да қарастырылған. Одан бөлек, орталық мамандарының басты міндеті – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған ана мен бала құқығын қорғау, қолдау. Сонымен қатар, зорлық көрген әйелдер қашан аяғынан тік тұрып кеткенше, облыс ортағында орналасқан «Үміт» аталатын балалар үйіне уақытша балаларын өткізуіне болады. Сондай-ақ, орталық – медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, экономикалық, құқықтық, мәдени және әлеуметтік еңбек көмектерін көрсетеді.

Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова өткізіліп отырған шараның маңызы зор, мағынасы терең екенін баса айтты. Бүгінде біздің ауданнан алты әйел, 11 бала облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына жіберілгенін және аудандағы «Бастау» тобының және кеңес беру кабинеттерінің бірлесе жұмыс жасауының нәтижесінде тұрмыстық түйіткілдер оң шешім тапқанын жеткізді. Сөзін қорытындылай келе, жиынға келген әлеуметтік мамандар мен психологтарды халық үшін тік тұрып, адал қызмет етуге шақырды.

Сонымен қатар жиын барысында, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқаны аясында білім беру ұйымдарында атқарылған жұмыстарға баяндама жасаса, Б.Момышұлы ауылының бітімгері Шора Ысқақов іс-тәжірибеде үйлене салып, ертесіне ажырасатын жас отбасылардың көбейіп бара жатқанын күйінішпен жеткізді.

Әрі қарай LED экран арқылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» туралы бейнекөрініс көрсетілді.

Бейнекөріністен соң аудандық кеңес беру кабинетінің психологі Айгүл Дәрібаева сөз алып, бұл кабинет ауданда 2020 жылы ашылғанын және екі жылда құқық қорғау органдары мен медиация бірлесе отырып, 150-дей өмірлік қиын жағдайларға душар болған отбасына әлеуметтік-психологиялық, заңгерлік кеңес аясында көмектер көрсетілгенін айтып, атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Шарада мәдениет үйінің әншілері Мадина Сванбаева «Әйел бақыты» әнін әуелетіп орындаса, Салтанат Мейіржанқызы өзінің қызымен бірге орындаған «Ана мен сәби» әнімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Шара соңында №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушылары «Алға, Қазақстан!» әніне флешмоб билеп, соңында «Біз – зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» деп ұрандатты.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close