Basty bet

Екпе ектіруден алтыншы орынға тұрақтадық

Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауының екінші бөлімі денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігіне арналды. Мұнда ел Президенті коронавирустың денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болғанын және әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтпағаны туралы баса айтты. Сонымен қатар күн сайын мыңдаған азаматымыздың дертке шалдығып, талай адамның өмірден өткенін де жасырмады.

“Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отыр. Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс”, – деген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халықты екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеуге шақырды. Сонымен бірге, вакцина пайда болғаннан кейін ғана адамзат тарихында қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, «Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін және сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтуда», деді ел Президенті.
Хош, енді өзіміздің аудандағы эпидемиологиялық ахуалға оралсақ. Аудандық орталық аурухананың жауапты қызметкерлерінің мәліметінше, қыркүйек айы басталғалы бері індетті жұқтырғандардың қатары сиреген. Жағдай тұрақталған. Аудандық орталық ауруханада 22 науқас ем қабылдауда. Оларға аурухананың дәрігерлері сапалы әрі тиісті көмек көрсетуде. Ал 14 науқас Тараз қаласында емделіп жатыр.
Қазіргі таңда вакцинаның бірінші компонентін – 17 945 адам салдырса, екінші компонентін – 14 279 адам қабылдаған. Басқа аудандармен салыстырғанда Жуалы ауданы екпе ектіруден алтыншы орынға тұрақтаған. Бүгінде Боралдай және Билікөл ауылдық округтері 100 пайыз вакцина салдырған.
Қытай елінен бастау алған коронавирус індетінің біздің елді айналып өтпегені өкінішті-ақ. Індет туралы санамызда сантүрлі ойлар мен пікірлер бары жасырын емес. Десе де, талай жанды сергелдеңге салып, талай жанды өлім құштырған індеттен құтылудың жалғыз жолы – екпе алу екені баршамызға аян. Сондай-ақ, әлі де болса қоғамдық орындарда медициналық бетперде тағып жүргеніміз абзал.

Таңдаулы материалдар

Close