Basty bet
Аудан прокуроры азаматтарды Қабылдады
Бейсенбіде өткен жалпыреспубликалық бірыңғай қоғамдық қабылдау іс-шарасына орай және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің кестесіне сәйкес аудан прокуроры Секер Бүркітбаев бірқатар аудан азаматтарын жеке сұрақтарымен қабылдады.
Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Болат Жаңабаев Секер Қасымбайұлына өзі тұрып жатқан үйіне екі мәрте ұры түсіп, ақшасы мен бағалы заттарын алып кеткенін, бұл туралы полиция бөліміне арызданғанын, алайда, полиция қызметкерлері қолға түсірген күдіктінің кейінгі жағдайды ғана мойындағанын, алдыңғы ұрлық бойынша тиісті іздестіру шарасының жүргізілмей отырғанын айтып, жалпы ауданда орын алған пәтер ұрлығы бойынша нендей шаралар жүргізіп жатқанын сұрады. Аудан прокуроры қабылдауға қатысып отырған аудандық полиция бөлімінің тергеушілерінен аталған қылмыстық іске байланысты түсініктеме беруін сұранды. Олар бүгінде қолға түскен күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын, тергеу мақсатында нәтижелері әзірге жарияланбайтынын, сот отырысында ашық айтылатынын жеткізді.
Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылының тұрғыны Махарлам Асадов үйіне жүргізілген ауыз су құбырынан мүлдем су ақпай тұрғанын айтып шағымданса, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Нұргүл Құлмұрат Сафинов көшесінің астыңғы бөлігіне орналасқан үйіне «жер асты коммуникациялар өтіп жатыр» деген желеумен ауыз су құбырын кіргізе алмай отырғанын, бірнеше жүз метр жерде орналасқан өрт сөндіру бөліміндегі суағардан тасып ішетінін айтып, Секер Бүркітбаевтан мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұранды. Аудан прокуроры Секер Қасымбайұлы қабылдауға қатысқан «Жуалы су» мекемесінің басшысы Қуаныш Болысбаевқа шағымданушы азаматтардың мәселесін оң шешуді қарастыруды ұсынды.
Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Айгүл Ерәлиеваның күйеуі екінші деңгейдегі банктің бірінен алған несиесін өтей алмағаннан кейін банк өзінің «Қазпочтадағы» балаларына жәрдемақы алып жүрген шоттарын бұғаттап тастаған. Енді қазір балаларына атаулы әлеуметтік көмек алайын десе, шоттары жабық. Ол аудан прокурорынан банктің бұл іс-әрекетінің қаншалықты заңды екенін сұрады. Секер Қасымбайұлы қабылдауға келген көпбалалы анаға банктің іс-әрекетінің заңдылығын анықтау үшін қаржы нарығын реттеуші Ұлттық Банктің облыстық филиалына жүгінуге кеңес берді.
Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылынан келген Клара Төлепова күйеуінің Ақтөбе қаласында жекеменшік құрылыс фирмасында жұмыс істеп жүріп, биіктен құлап белін зақымдап алғанын айтып, оның мүгедектікке шығуына қол ұшын беруін өтінді. Аудан прокуроры өтінішті мұқият тыңдап алып, болған мән-жайды сұрастырды. Аудандық орталық аурухананың дәрігерлік бақылау комиссиясының мүшесі Асылбек Әшірбековке мүгедектікке шығару жолдарын қарастыруды ұсынды.
Көкбастау ауылдық округінің Қосбөлтек ауылының тұрғыны Алдабек Нұрлыбаев жекешелендіру тұсында шаруашылық мүлкін бөлген кезде сол тұстағы кооператив басшысының заңсыз іс-әрекеттері туралы шағымын айтып, аудан прокурорына бұған дейін де қайырылған екен. Оның 20 жылдан бері аудандық, облыстық және республикалық құқық қорғау органдарына шағымданған әрекетінен ешқандай нәтиже шықпаған. Барлығы кооператив төрағасының іс-әрекетінде заңсыздық жоқ деген шешімге келген. Алайда, шағымданушының онымен тоқтағысы жоқ. Секер Қасымбайұлы аудандық прокуратураның төменгі сатыдағы заң қадағалау органы екенін, сондықтан жоғары тұрған органдардың шешіміне қарсы келе алмайтынын айтып, дегенмен мәселені заң тұрғысында шешу қажеттігін түсіндірді.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»