Basty bet

АУДАНДЫҚ МОНИТОРИНГТІК ТОП РЕЙДТІК ШАРАЛАР ЖҮРГІЗУДЕ

Мемлекеттің ең басты байлығы халқы саналады. Бүгінгі күні халқымыздың амандығы мен денінің саулығын басты назарға алған еліміз аты жаман індетпен күресуде. Індетті жұқтырушылар саны күн санап артып, қаншама атпал азаматтарымыз осы аурудың салдарынан көз жұмды. Осы ретте, мемлекетімізде індеттің таралуының алдын алу және болдырмау мақсатында карантин режимі қайта енгізіліп отыр.

«Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, темірдей мықты тәртіп болғанда ғана бұл індетті ауыздықтай аламыз. Барынша сақтық шараларын ұстанып, жақындарымызға жанашарлық таныту бүгінгі күні баршамызға жүктелген міндет болып отыр. Әрбіріміздің деніміздің саулығы маңызды. Бұл індетті бірлесе отырып, яғни ынтымағымыз бен бірлігімізді танытқан кезде ғана толықтай жеңіп шығамыз. Сондықтан мемлекет тарапынан берілген тапсырмаларға, ескертулерге құлақ асып, тәртіпке бағына білуіміз керек.
Ауданымызда коронавирус індетінің алдын алу және болдырмау мақсатында мониторингтік топ құрылған. Ол топ екі топқа бөлінген. Қазіргі таңда аудандық мониторингтік топ уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Тұрғындарды барынша сақтық шараларын ұстануға шақырып, тәртіп пен талаптың орындалуын бақылауда. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, баға тұрақтылығын, дәрі-дәрмек жетіспеушілігінің салдарын зерделеуде.
Осы ретте, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың басшылығымен мониторинг топ бірқатар жұмыстар атқаруда. Арнайы құрылған коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі мониторингтік топ мүшелері аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп аудандағы сауда және демалыс орындарын аралады. Сауда және демалыс орындарындағы санитарлық талаптарды бақылап, сақтық шараларын ұстануға шақырды.
Сонымен қатар, аудандық мониторингтік топ Жамбыл облысының бас санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 5 шілдедегі «Жамбыл облысында қатаң карантиндік шаралар туралы» №28 Қаулысының орындалуына және эпидемияға қарсы режимнің сақталуына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижесінде карантин режимінің сақталмауына байланысты бес дүкенге ескерту жасалды. Сондай-ақ «Автобөлшек» дүкенінде карантиндік режім және бетперде кию тәртібі сақталмағаны белгілі болды. Рейд барысында жаңадан ашылған «Жуалы Ressort» демалыс орнында келушілер мен демалыс орнының қызметкерлері бетпердесіз жұмыс жасап, келушілер бетпердесіз кіргізілгені анықталды. Жұмыс орнында қызметкерлерге (аспаз, даяшылар) термометрия жүргізілмей (термометр жоқ), арнайы құжат толтырылмаған. Мұндай жайттарды ескере отырып, аталған орындарға тиісті шаралар қолданылатын болады.
COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Ернұр Маратұлы аудандық орталық аурухананың қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде медицина қызметкерлерімен тілдесіп, ондағы жағдаймен танысты. Орталық ауруханада 18 оттегі баллоны және бірінші кезектегі қажетті дәрі-дәрмекпен тиісті деңгейде қамтылғанын білді.
Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының басшылығымен мобильдік топ бірнеше нысандардағы санитарлық талаптардың сақталуын зерделеді. Мобильдік топ мүшелері стихиялық сауда орындарының орын алмауына да мән берді. Дәріханалардағы бағаның өсіміне жол бермеу тапсырылды. Аудан тұрғындарына дәрі-дәрмек сатып алу кезінде чек талап ету ескертілді.
Қазіргі таңда дәрі-дәрмектің тапшылығы мен оның бағасының өсуі өзекті мәселенің бірі. Осы мақсатта арнайы мониторинг топ дәріханалардағы баға тұрақтылығына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов бастаған топ дәріхана қызметкерлеріне дәрі-дәрмек бағасын министрлік бекіткен шектен асырмауды қатаң ескертті. Ал тұтынушыларға бағаның өсіміне жол бермеудің бір жолы чек талап ету екені түсіндірілді.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Маратұлы өңірдегі мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінгі күнге аудандағы 27 мектептің сыртқы әжетханаларын мектеп ішіне орналастыру бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының да сапасын зерделеді. Сонымен қатар, Е.Маратұлы «Үлгілі ауыл» байқауына қатысушы Қарабастау ауылының тұрғындарымен барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып кездесіп, басты мәселелерді талқылады. Теріс ауылында орналасқан Баркуаб көне қалашығының қазба жұмыстарымен танысты. Ондағы сақтық шараларының сақталуын зерделеді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close