Basty bet

Халық та, шаруа да риза

Өткен сенбі, жексенбі күндері аудан орталығындағы базарда ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтті.
Азық-түлік қауіпсіздігі жалпы мемлекет қауіпсіздігінің басты элементі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бірнеше өңірлерде ауылдағы кооперациялық тізбекті дамыту бойынша «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасын іске қосуды тапсырған болатын.

Осыған байланысты аталған жәрмеңкені облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына орай аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында ұйымдастырып отыр.
Жәрмеңкеге Қызыларық ауылдық округінен «Дархан» шаруа қожалығы 1,5 тонна қара өрік, Ақтөбе ауылдық округінен «Жаңаталап», «Айкүміс» шаруа қожалықтары төрт тонна картоп, «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірісітік кооперативі екі тоннаға жуық картоп, Ақсай ауылдық округінен шаруалар қырыққабат, алма алып келген. Картоптың бағасы 80 теңгеден болса, қара өріктің келісі 150 теңгеден, қырыққабат 80 теңгеден, ал алма 220 теңгеден сатылды. Базарда сатылымдағы картоптың келісі 150-160 теңге, ал қара өріктің келісі 300-350 теңгеден, алма 400-500 теңге, қырыққабат 120-130 теңгеден. Яғни жәрмеңкедегі бағалар қолжетімді. Сондықтан жәрмеңкенің ұйымдастырылуына халық риза болды.
-Базарда жәрмеңке болып жатыр,- деп бір танысым хабарласты. Ести сала жүгіріп келдім. Қара өрік, картоп алдым. Дәл қазір қысқа тосап, кампот жабатын кез. Сондықтан арзан әрі жақсы өнім алғаныма қуаныштымын.
Картоптың да сапасы жақсы екен. Бұл жәрмеңке әрі қарай да жалғасын тапса деген тілегім бар. Себебі, жәрмеңкедегі бағалар халықтың қалтасына жеңіл. Ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ,- дейді Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Зоя Сатыбалдиева.
-Біз тауарларымызды қалаға алып барып жүр едік. Жәрмеңкенің өзімізден ұйымдастырылғанына қуаныштымыз. Жәрмеңке бізге де, халыққа да тиімді.
Көлігіміздің келіп, сауданы бастағанымыза көп те болған жоқ әрі бүгін бірінші күн ғой. Халықтың көбі хабарсыз. Алайда халықтың келуі жаман емес. Ойдағыдай сауда жасаймыз деген ниеттеміз,- дейді «Дархан» шаруа қожалығының жұмысшысы.
Азық-түлік жәрмеңкесі әр аптаның сенбі, жексенбі күндері жалғасын табады деп жоспарлануда.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close