Basty bet
Саусақ бірікпей, ине ілікпейді
Кеше аудан әкімі Олжас Қаржауов аудан орталығымен іргелес Ақсай ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысының назарына округке қарасты Қайрат және Диқан ауылдарындағы білім беру, тәрбие ошақтары мен денсаулық сақтау объектілерінің жұмысы мен өзекті мәселелері ұсынылды.
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында Олжас Есалханұлы елді мекендердің тыныс-тіршілігі мен өзекті проблемаларын және оларды шешу жолдарын бірлесе талқылауды ұсынды.
Қайрат ауылындағы «Мөлдір бұлақ» және «Шапағат» бөбекжай-балабақшаларында тиісінше 125 және 100 бала тәрбиеленуде. Қос тәрбие ошағы 2008 жылы ашылған. Шектеу шараларына байланысты мұнда келуші балалар саны сәл азайған. «Мөлдір бұлақ» балабақшасына қосалқы асхана үй-жайы ағымды жөндеуді қажет етсе, «Шапағат» балабақшасының шатырынан су кетеді. Аудан басшысы ғимараттарға ақаулық актісін толтырып, жөндеуге облыстық білім басқармасынан қаржы сұрату қажеттігін ескертті.
Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейіне өткен жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, ішкі көрме залдарының безендірілуі жақсара түскен. Музейге келген аудан басшысын Баукеңнің өмір және еңбек жолымен, залға қойылған экспонаттармен музей директоры Қаламқас Берікова мен ғылыми қызметкері Ұлханым Исмайлова таныстырды.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов ауылдағы көрікті орындардың бірі – Бауыржан Момышұлы саябағында болды. Мұнда тұрғындардың бос уақытын қызықты өткізуіне жағдай жасалуда. Алайда, шағын футбол алаңының төсемі тозып, тор қоршауы әр тұсынан ашылып тұр. Саябақтың осындай олқы тұстарына назар аударған Олжас Есалханұлы округ әкімі Қазыбек Бейсеқұловқа оны түзету жолдарын қарастыруды тапсырды.
Мыңбұлақ орта мектебі аудандағы байырғы білім ошақтарының бірі болып есептеледі. 1984 жылы пайдалануға берілген мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Мектеп директоры Нарбек Қожагелдин ғимаратты күрделі жөндеудің биылғы жылғы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына енгенін айтты.
Қайрат ауылында осыдан 4-5 жыл бұрын жаңа мешіт салынғанда, мешіттің бұрынғы ғимараты ауыл жастарының демеушілігімен жөнделіп, бокс, қазақ күресі және дзюдодан шәкірттер дайындайтын секцияларға айналды.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов келгенде, шәкірттер арнайы бапкерлердің жаттықтыруымен бокстан, күрестен жаттығып жатты. Ауыл жастарының ілкімді істерін көріп ризашылығын білдірген аудан басшысы ғимараттың заңды мәртебесін анықтап, теңгерімге ау жолын қарастыру қажеттігін еске салды.
Ауыл белсендісі, жергілікті қоғамдастық мүшесі Мұхамеджан Әсемов ауылда спортты дамыту жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Оның бірқатар ұсыныстары аудан басшысы тарапынан қолдау тапты.
Биыл жазда ауылдық округ аумағында екі объектінің құрылысы жүргізіледі десек, оның бірі Қайрат ауылындағы 80 орындық мәдениет үйі және 180 оқушыға шақталған Диқан орта мектебі ғимаратының құрылысы. Осы ретте аудан әкімі болашақ екі ғимарат орналасатын жер телімін көрді.
Диқан орта мектебінің ғимаратында ауыл тұрғындарымен болған келелі кездесуде Олжас Есалханұлы жұртшылықтың ой-пікірлеріне ден қойды. Ауыл тұрғыны Қуаныш Батырбаев өзінің үлкен спорт саласында жұмыс істейтінін, дегенмен ауылдың жағдайына, тіршілігіне алаңдайтынын айта келе, ауылда Интернеттің сапасы мүлдем сын көтермейтінін, ауызсу құбырының тозығы жеткенін, кей жерлерде су жердің бетіне жайылып жатқанын ашына жеткізді.
Тұрғындар одан бөлек, жайылымның тарлығы, халықаралық көлік дәлізінің жерлерін екіге бөліп тастағанын, ар жақтағы шабындықтарға бару үшін ондаған шақырым жол жүру керектігін айтып, жолдың астынан ауыр көлік өтетін өткел салу мәселесін көтерді.
Олжас Есалханұлы ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап алып, мал шаруашылығымен айналысу жөніндегі өз тәжірибесімен бөлісті. Аудан басшысы саннан сапаға көшудің әлдеқашан уақыты келгенін еске сала отырып, өзінің таяуда бір ауылдағы тұрғыннан қолындағы сиырдың қанша литр беретінін сұрағанын айтты.
– Әлгі кісі сиырынан 7 литр сүт сауатынын айтқанда, мен оған ондай сиырды ұстаудың тиімсіздігін дәлелдедім. Себебі, оның беретін сүті жемі мен шөбіне жұмсалатын шығынды да ақтамайды. Шаруалар малдан мол өнім алу үшін жем-шөп базасын күшейтуі, құнарлы азықпен азықтандыруы, өріске шығармай, шетелдегідей қорада ұстауға үйренуі, сүрлем салуға көшуі тиіс, – дей келе аймақ басшысы шаруаларды күш біріктіруге, келешектің бірлескен еңбекте екенін барынша ұғынықты тілмен айтып түсіндірді.
Сонымен қатар, әр өңірде қайта өңдеу өндірісін жолға қою да маңызды іс. Осы ретте Олжас Есалханұлы өз тарапынан шаруаларды арзан несиемен қолдауға дайын екенін жеткізді.
Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»