Basty bet
Әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру – басты талап
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте бірқатар мәселелер қаралды.
Алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, өңірдегі инфляцияның қалыптасуы бойынша кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндама жасады.
Облыс әкімі тұрақтандыру қорын негізгі әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерімен толтырып отыру жұмыстарын үздіксіз атқарып, сауда орындарында үстемеақыны 15 пайыздан асырғандарға айыппұл қолдану және өндіру шарасын күшейту керектігін баса айтты. Сондай-ақ, сауда дүкендерінің сөрелерін өз өңірімізде өндірілетін өнімдермен барынша қамту маңыздылығын атап өтті.
Форвардтық келісім-шарттарды арттыра отырып, олардың нақты іс жүзінде нәтижелі орындалуы да назарда болу керектігін ескертті.
– Мемлекет тарапынан халықтың жағдайын жақсарту, тұрмысын арттыру бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Бұл орайда өңірлік деңгейлерде бағаны тұрақтандыру, бақылау жұмыстарының үздіксіз жүргізілуі маңызды.
Осы орайда жұмысқа деген көзқарасты өзгертетін кез келгенін тағы да еске саламын. Кәсіпкерлер мен шаруалар бізге емес, біз оларға жұмыс істеуіміз керек. Жағдай жасап, қолдау білдіріп, тиісті жеңілдіктерге қол жеткізу үшін көмек көрсетуіміз қажет. Жауапты басшылар, мемлекеттік қызметкерлер осыны түсінуі тиіс.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстау, тұрақтандыру жұмыстары – басты талап. Ол үшін бізде қажетті шаралар қабылданып, жоспар әзірленген,- деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, жиын барысында тұрақтандыру қорының қызметі, көктемгі егіс-дала жұмыстарының барысы, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы да талқыланды.
Аймақ басшысы жаздық дақылдардың жоспарлы көлемі орындалмай отырған бірқатар аудандардың басшыларынан жауаптар алды. Бөлінген жанар-жағармайдың игерілуі, тұқыммен қамтамасыз ету, техникалардың жұмысына қатысты мәселелердің бар-жоғын нақтылады.
Басқосуда қаралған барлық сұрақтар бойынша бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы да сараланды.
Кеңес қорытындысымен облыс әкімі жауаптыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты бақылауда ұстап, тиісті шараларды қабылдауды, «Айналым қаражаты» схемасы бойынша бөлінген қаржыны игеруді, сауда орындарына делдалсыз өнімді өткеру жөніндегі тапсырманың сапалы орындалуын қадағалауды, көктемгі егіс-дала жұмыстарын мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді, «Ауыл аманаты» жобасы аясында елді мекендерде жобаның сапалы іске асырлуын арнай жұмыс тобын құрып, тұрақты зерделеуды тапсырды.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі