Basty bet

Ерекше балаларды қоғамға бейімдеу – мамандардың міндеті

Бала – бақыт. Дүние есігін ашқан күннен бастап әрбір ерекше сәбидің қоғамға бейім болып өсуі ата-ананың да, қоғамның да мерейі. Елімізде бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Осы ретте, жақында аудандық білім бөлімінің психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды түзете-дамыту жұмыстарындағы инновациялық әдіс-тәсілдер» тақырыбында аумақтық семинар ұйымдастырды.
Аталған шара аудан көлеміндегі мектептердің инклюзивті білім беретін педагогтарына осы саладағы жаңа тәсілдермен жұмыс істеу үлгісін көрсету мақсатында өткізілді. Семинарды мекеме меңгерушісі Жансая Тұрғынбекова ашып, шараның мән-маңызына тоқталды.
Жалпы алғанда инклюзивті білім беруде Монтессори әдісінің маңызы зор. Бұл ғасырлар бойы сыналып, өзінің тиімділігін көрсеткен бірден бір тәсіл саналады. Осы әдістің жай-жапсары турасында әлеуметтік педагог баяндады. Ол түзету кабинетіндегі Монтессори бөлмесінің баланы дамытуда атқаратын қызметін кеңінен таныстырды. Ол бұл бөлме бес аймақтан тұратынын айта келе, оның біріншісі күнделікті өмір жаттығулар аймағы екенін атап өтті. КӨЖ аймағында бала күнделікті жасайтын іс-қимылдарды, яғни өзіне қызмет көрсету әдістерін үйренеді екен.
Маманның айтуынша, сенсорика аймағында бала өзінің сезімдерін қолдана білуге үйренсе, математикалық дамыту аймағында бала санауды, қосу мен азайтуды, көбейту мен бөлуді, түбірге алуды меңгереді. Одан бөлек, тіл аймағында мамандар балаға өзінің сөздік қорын кеңейтуге, әріптермен танысуға, саусағымен қиынырақ әріптерді салуға үйретуге күш салады. Сонымен қатар, ғарыш аймағында балалар жер бедері, жер шары, әлем елдерін, олардың мәдениеті мен дәстүрін, өлі және тірі табиғатты, табиғат құбылыстарын, жануарлар мен өсімдіктерді, биологиялық, географиялық, физикалық, химиялық түсініктері туралы толық мағлұмат алатынын жеткізді.
Одан әрі шарада мекеменің логопед маманы Динара Жұматаева «Нейропорт», «Ақылды сегіздік» туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, нейропорт – тіл арқылы жүйке жүйесіне тікелей әсер ететін құрылғы. Ол ауыз қуысына орналастырылған электродтардың ауызішілік матрицасынан және басқару панелінен тұрады. Оның сөзіне қарағанда, нейропорт стимуляторларының көмегімен жүйелі жаттығулар мишық пен ми бағанының жүйелі жұмысына әкеледі.
Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды түзете-дамыту барысында қолданылатын тағы бір тәсіл – тепе-теңдікті сақтау тақтайшасы. Бұл туралы емдік дене шынықтыру маманы Ботакөз Абиева баяндады. Бұл тәсіл туралы семинарда дене шынықтыру маманы айта келе, жаттығуларды орындау кезінде ересек адам баланы бақылайтынын тілге тиек етті.
Баланы дефектолог, психолог, логопед бақылап, әртүрлі жаттығуларды орындай отырып бала тақтада тепе-теңдікті сақтау керектігін қадағалайды. Сондай-ақ, ол бейімделу деңгейіне байланысты жаттығулардың күрделілік деңгейі өзгеретінін, бұл сабақтарды үш жастан бастап ең жоғарғы деңгейдегі балаларға өтуге болатынын, тұрақты сабақтар үш-төрт реттен 30-60 минутқа дейін баланың жасына қарай қолданылатынын жеткізді.
Шара соңында семинарға қатысушы ұстаздар мен психолог мамандар көрсетілген инновациялық тәсілдер туралы ойларын ортаға салып, мамандардан кері байланыс алды.

Динара Жұмабекова,
педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің әлеуметтік педагогы

Таңдаулы материалдар

Close