Basty bet
Ауыл гүлденсе, бәріміз гүлденеміз
тазалыққа бүкіл қоғам мүшелері жауапты
Біз әдетте қоғамның дамуы мен алдағы болашақтың мәселелерін сөз еткенде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған пікірлерге ден қоятынымыз бар. Оның бірден-бір себебі, аталған мақалада негізінен қоғамның рухани түлеуі, ұлт болашағы үшін қолға алып, атқарылар жұмыстар туралы қазіргі заман биігінен айтылған нақты тапсырмаларда жатыр. Міне, осынау бағдарламалық мақала жарық көргелі бергі уақыт аралығында ел өңірлерінде қаншама жобалы жұмыстар атқарылды, алда жүзеге асыратын қаншама шаруа бар екенін өзіңіз бағамдай беріңіз…
Рухани жаңғыру мақаласында мысал келтіретін тұстар өте көп. Елбасы мақаласындағы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» деп аталған алғашқы бөлімде былай делінген.
«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз қажет» дейді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы.
Біздің айтайын дегеніміз, Елбасы мақаласында айтылған ұлттық сананың қалыптасуы туралы пікірінен туындайтын тазалық, жалпы қоғамдағы тазалық мәдениеті туралы болмақ. «Айта, айта Алтайды…» демекші, тазалық жайлы біздің газетімізде аз жазылып жүрген жоқ. Бұл тақырыпты қозғау арқылы қоғам мүшелеріне ой салсақ деген ниет біздікі.
Ауданда жыл сайын көктемгі және күзгі көріктендіру және көгеріштендіру, санитарлық тазалық екі айлығы жарияланып, осы айлық аясында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Арнайы сенбіліктер де ұйымдастырылып, онда аудан басшысынан бастап, қатардағы қызметкерге дейін тазалық жұмыстарына қатысып, тал-дарақтар егуге атсалысады. Бұл әрине, қоғам тарапынан құптарлық жұмыс. Ауыл гүлденсе, бәріміз гүлденеміз. Сайып келгенде, табалдырықтан басталған тазалық өзің тұратын ауылыңның таза болуының кепілі. Ауылың қоқыстан таза болса, басқа ауылдарға да үлгі болмақ.
Бірімізді біріміз жамандап, орға итермелегеннен ешқашан жетістікке жетпейтініміз анық. Керісінше, үнемі жақсы қасиеттерімізді насихаттап, адам мен тұтас қоғамның жақсы қырларын үлгі етіп ұстансақ, ұтылмаймыз.
Жақында жұмыс бабымен Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылына барғанбыз. Ауылдағы тазалық жайын округтің әкімі Затыбек Пашеновтен сұрап, білдік. Шақпақ ауылдық округінің әкімі болып тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаған Затыбек Ержанұлы округте күзгі көріктендіру мен тазалық айлығының өз деңгейінде атқарылып жатқанын айтты. Дегенмен, ауыл көшелерін, жалпы ауылдың айналасын өзіміз көзбен шолып шықтық.
Шақпақата ауылының кіреберіс басты көшесі Д.Пахомов көшесінің тазалығы бірден байқалады. Көше үйлерінің әр тұсында үйілген топырақ және құм үйінділері көзге шалынады. Биыл бұл ауылда ауызсу жүйесінің құрылысы жүргенін ескерсек, негізінен көшелерде құбыр мен құдықтарды орнату жұмыстары аяқталған. Көшеде реттілік болу үшін үйілген топырақтарды тегістеп қойса жарасып тұрар еді. Көше бойында бей-берекет шашылып жатқан басқа қоқыстар көзге көрінбейді.
Аталған көшені бойлай түсіп, Амансай ауылы бағытына қарай бет алдық. Ауыл басындағы сайға қойылған көпірдің айналасында, сайдың бойында да тазалық байқалады. Келесі кезекте ауылдың тау жақ бетіндегі Жұмабек Оразбаев көшесін көруге бардық. Көше жолының әбден тозығы жетіпті. Алдында ғана аудан әкімі Нарбай Ергебековтың «Бейбітшілік пен келісім» жобасы бойынша тұрғындарды қабылдауы барысында аталған көшеде тұратын әзірбайжан ұлтының өкілдері көшені жөндеп, жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер жолын салуды сұраған еді. Байқағанымыздай, көшенің сиқы әбден кетіпті. Әр жерден ойылған тұстары көзге жаман көрінеді екен. Кейбір үйлердің тұсында құрылысқа қажетті топырақ пен құм үйіліпті. Кейбірі малдың қиын үйінің сыртына үйіп қойыпты. Бұл көшенің атауын Ауған соғысында қаза тапқан ауыл азаматы Жұмабек Оразбаевтың құрметіне берілгенін ескерсек, ауылдық округтің әкімшілігі осы уақытқа дейін көшені жөндеуге неге құлық танытпады екен? Осы жағы бізге беймәлім.
Ауылдың басқа да көшелерін аралап шыққанымызда пәлендей шашылып жатқан күл-қоқыстарды байқаған жоқпыз. Бірақ, ауыл шетіндегі жекелеген көшелерде электр бағаналарын әктеп, сырлау жұмыстары жасалмаған. Алдағы уақытта осы кемшіліктер ескерілсе жақсы. Тазалық бәрімізге ортақ жұмыс. Тұрғындар да өз кезегінде ауылдың тазалығына тек әкім мен әкімшілік қызметкерлері жауапты деп қарамай, жауапкершілікке үйренсе деген тілек бар. Себебі, ауылдың гүлденуі ең алдымен сол ауылдың тұрғындарының жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»