Basty bet

Диқандықтарды жайылым мәселесі толғандырып отыр

Ақсай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов Диқан ауылы тұрғындарының алдында есеп беру жиынын өткізді. Диқан орта мектебінің спорт залында өткен жиынға ауыл тұрғындары белсене қатысты. Жиын жұмысына аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаев қатысты.

Жиында ауылдық округтің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов 2019 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарды да атап өтті. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға барынша тиянақты жауап берді. Ауыл әкімі кейбір түйінді мәселелерге келгенде ауыл тұрғындарынан да көмек-қолдаулар қажеттігіне баса назар аударды.
-Ақсай ауылдық округіне Қайрат ауылында 384, ал Диқан ауылында 145, барлығы 529 аула бар. Халық саны 3112 адамды құрайды. Округте 130 шаруа қожалығы бар. Тиісінше, жеке тұлғалардан сүт жинап, тасымалдаумен 11 жеке кәсіпкер айналысады,- деді Қазыбек Әлжапарұлы. – Аппарат қызметкерлерінің маңызды міндеттерінің бірі – тұрғындар есебінен төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді уақтылы жинау. Осы ретте 2019 жылдың жоспарына сай төлем көзінен төленуге жатпайтын кірістер бойынша жеке табыс салығы, мүлік, жер, жеке тұлғалардан алынатын көлік салығы 100 пайыздан асыра орындалып отыр.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында Қайрат ауылында О.Тәукебай, А.Байтұрсынов көшелері жарықтандырылып, абаттандырылды. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға Диқан ауылындағы Ы.Байділда көшесін асфальттауға 11 млн 848 мың теңге, аталған ауылдағы бейітті қоршау жұмыстарына 2,5 млн теңге жұмсалды. Сонымен қатар, округтің орталығы Қайрат ауылында «Стрит воркоут» алаңы, Абай көшесіндегі газ құбырларын жөндеу, Т.Рысқұлов көшесін абаттандыру, «Шапағат» және «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшаларына пандус орнатуға қаржы жұмсалып, жұмыстар толықтай аяқталды.
Әлеуметтік салаға тоқталатын болсам, округ бойынша барлығы 92 отбасына жәрдемақы, 14 отбасына тұрғын үй жәрдемақысы тағайындалып, тиесілі қаражаттары төленді. 26 адам қоғамдық жұмыспен, 17 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмыспен қамтылып отыр. Қысқа мерзімді кәсіптік қайта даярлау курстарына 13, әлеуметтік жұмыс орындарына 10 азамат жолданды. Ал Қайрат ауылының тұрғыны Әділ Сағымбеков отбасымен «Серпін-2050» бағдарламасымен Павлодар облысының Май ауданына көшіп барып, денсаулық сақтау саласында жұмыс атқаруда. Жастар – біздің болашағымыз, үкілі үмітіміз. Округте халықтың 640-ы 14 пен 29 аралығындағы жастар. Жастар жылы аясында 32 жас азамат мемлекет тарапынан берілетін 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттарға ие болды. Олар негізінен, заанен ешкісін өсіруге, құрамажем өндіруге, қызыл ірімшік жасау, дәнекерлеу жұмыстары, тағы басқа заманға сай кәсіптер ашты. Айта кету керек, гранттар тек қана инновациялық жобаларды қолдауға беріледі.
Ауылдық округ әкімінің жасаған баяндамасында денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар да бүге-шігесіне дейін қамтылған. Ол суғармалы жер көлемін ұлғайту, су тоғандарын қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытындағы жүзеге асқан жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, округте жыл басынан белгіленген негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталғанын, ауылдық округ экономикасының барлық салаларында өсімге қол жеткізілгенін тілге тиек етті. Есеп беру жиынында 2020 жылы аудан бюджетіне сұраныс берілген жұмыстар жөнінде де баян етілді.
Есептік баяндамадан соң сұрақ-жауапқа кезек берілді. Онда алғаш болып ауыл тұрғыны Тұрсынбек Байбосынов Шоқан батыр көшесін жарықтандыру, ауылға ауыз су жүйесін жүргізу, мал жайылымы мәселелерін көтерді. Ал Ерғали Тоғайбаев ауылдағы шаруа қожалықтарының егістік алқаптарының басым бөлігі аудан жерін басып өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің солтүстігінде орналасқанын, шөп және егін орағы науқанында ауыл шаруашылығы техникаларымен барып-келу қиындық тудырып отырғандығын жеткізді. Сонымен бірге, ауыл тұсынан өткел немесе бұрылыс салу қажеттігі туындап отырғанын, көп жылдан бері ауыл тұрғындарының «бас ауруына» айналған мәселенің құзырлы орындар арқылы шешімін табатын уақытының жеткендігін ашына айтты. Тұрғындар Әсет Олжабаев, Жамалбек Ботагөев, Бескемпір Сыдықов, Қаракөз Қырғызбаева су тоғандарын жөндеу арқылы ауылға бақша суын әкелу, коммуналдық мекемелердің техникаларының қызмет көрсету сапасын жақсарту, ауылға мектеп, балабақша, клуб, кітапхана, спорт нысандарын салу, көшелерді жарықтандыру, ауыз су мәселелерін көтеріп, ұсыныстарымен де бөлісті. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаяу жүргіншілер жолының қыс мезгілінде қардан тазартылуы жайында сұрақтар қойылды. Соңғы жылдары ауылда мал басының артуына байланысты диқандықтарды жайылым мәселесі қинап отырғаны жиын барысында мәлім болды. Айта кету керек, бұрыннан атакәсіпті мықтап қолға алған бұл ауылда сауын сиырдың басы ұлғайып келеді.
Жиын барысында қойылған сұрақтар мен көтерілген мәселелерге ауылдық округтің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов пен әкім аппаратының мамандары жауап беріп, сұрақтардың назарға алынатынын жеткізді. Жиын жұмысына қатысқан аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаев тұрғындарға кәсіпкерлік саласынан, жеңілдетілген несие алу жолдарынан кеңінен түсінік берді.

Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close